Петропавлдағы Александр Винокуров атындағы спорт сарайында шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында кезекті тур өтті. Жергілікті имек таяқ шеберлері өз мұз айдынында теміртаулық «Теміртау» хоккей клубын қабылдады.
Алғашқы кезең әдеттегідей алма-кезек шабуылдармен басталды. Ойынның бірінші минутында-ақ «Теміртау» құрамасының шабуылшысы Артем Трухачев командасын алға шығарды. «Құлагер» хоккей клубы да қарап қалған жоқ. 7-ші минутта Дамир Рамазанов қарсылас қақпашының қателігін байқап, бұл сәтті мүлт жібермеді.
Ал екінші кезеңде қонақтардың жолы болды. Олар қарсылас құраманың қақпасына қатарынан екі шайба салып, алға суырылып шықты.
Үшінші кезеңде жерлестеріміз барын салып ойнады. Тіпті, шайба да соқты. Бірақ, таразы басын теңестіре алмады. Сонымен қорытынды есеп 2-3. Құлагерліктер кезекті рет жеңіліс тапты.
http://petropavltv.kz