«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЛАҚТАН КІРІП, БОЙДЫ АЛАР

Абайды қазақ қауымы тек ұлы ақын ғана емес, халық жадында сақталып қалған тамаша әндердің авторы ретінде де біледі. Оның әндері қазақ музыкасына соны леп әкелді. Абай әндері симфониялық оркестрдің, халық аспаптар ансамбльдерінің шығармаларына арқау болды. Осының негізінде әйгілі сазгерлер Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди “Абай” атты опера, Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболев “Абай әндері” деген көркем фильмге бірлесе сценарий жазды.

Әкесі Құнанбай жас кезінен-ақ баласын өнерге баулып, өлең мен әнге қызығушылығын оятты. Ұлының дарынын ерте жастан танып, алдымен ауыл молдасына оқуға берген. Кейін Семейге білім алуға аттандырады. Бұл ретте Абайдың өзінің де Әбдірахман, Мағауия сияқты ұлдарын оқу орындарына жіберіп, әсіресе, Әбдірахманға ерекше ықылас қойғанын сол дарынды тани білу қабілетінен деп пайымдау артық емес.
Абай шығыс поэзиясының тереңіне бойлауға талпынды. Хиссаларды жатқа білген. Тіпті, тарих, математика сияқты озық ғылымдар жайында аз да болса мағлұмат алған. Есейе келе орыс мәдениетімен, әдебиетімен, өнерімен таныс болды.
Жасымда ғылым бар деп
ескермедім,
Пайдасын көре тұра
тексермедім.
Есейген соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш
сермедім, –
деп өз ойын өлең арқылы жеткізген ақынның өкініші де жоқ емес екенін аңғаруға болады. Алайда, әкесі Абайдың бойындағы осы қабілетін біле тұра оның одан әрі білім алуына жағдай жасамай, дала саясатына баулуды жөн көрді. Сөйтіп, жас Абай әке ықпалымен шешен-билердің дау-дамайына араласып, Құнанбайдың дұшпандарының таңдайын қақтырады. Оның шешендік, әсіресе, оқиғалардың алдын болжай білетін көрегендік дарыны ерте танылды. Сол тұста-ақ Абайдың адал да әділ қазы екені жұртқа ұнай бастады.
Кейінгі уақыттары Абай ел ішінің тартыс-таласынан гөрі білім жағына бой ұрады. Оқу, іздену, өзге дүниені тану тұрғысынан оның көптеген ғұламалық ғибраттары жырларында да, қарасөздерінде де өрнектеледі.
Ол орыс поэзиясына құмартады. Семейде болған әрбір сапары кезінде уақытын босқа өткізбей, кітапханаға барып, орыс тарихын, ақындарын, солар арқылы Батыс Еуропаның белгілі жыр сүлейлерін зерделеп оқиды. Бұған Абайдың Гете, Байронды аударуы айғақ емес пе?
Абай музыка мәдениетіне жаңаша соқпақ салғанын жоғарыда айтып өттім, оның әндері тың жаңалық еді. Қазақтың халық әндерінен де айырмашылығы көп. Орыстың романстарына, ғашықтық хикаяттарындағы әуендерге ұқсас. Мұндайда біз, әрине, оның әндеріндегі лирикалық үнді айрықша бағалаймыз. Интонацияның өзіндік ерекшелігі, сөздің айрықша орнықтылығы мен әуезділігі әнге айналып кетеді. Оның әндері қарапайым, оны кез келген адам шырқай алады. Сондықтан да Абай Құнанбаевтың туындылары күні бүгінге дейін жұртшылықтың аузынан түскен жоқ.
Абайдың әйгілі шығармаларының бірі – “Айттым сәлем Қаламқас!” әні. Бұл әнді 1889 жылы жазған екен. Кең тынысты созыла айтылатын ән – махаббат тақырыбындағы тамаша туынды. Оның романс жанрында жазылғанын Абайдың музыкалық мұраларын зерттеушілер де айтқан болатын. Ақынның сазгерлігін айғақтайтын тағы бір тамаша туындысы – Гетеден аударған “Қараңғы түнде тау қалғып” өлеңіне жазылған ән. Түнгі көріністі көз алдыңа елестететін әнде сөз бен әуен шебер үйлестірілген.
Пушкиннен аударған “Евгений Онегин” романындағы хаттардың әнге айналғаны баршамызға таныс. “Амал жоқ – қайттім білдірмей” деп шырқалатын “Татьянаның хаты” немесе “Тәңірім қосқан жар едің сен” деп айтылатын “Онегиннің жауабы” Алаш даласына тез тараған. Бұл әндер бүгіндері де ел аузында, қазақтың кәсіпқой әншілерінің репертуарларынан түскен емес.
“Көзімнің қарасы” әні де Абайдың сазгерлік талантын айғақтайтын туындылардың қатарында. Бұл әнді Борис Ерзакович Қуан Лекеровтан жазып алған. Әуені баяу есіліп, құлаққа жағымды естіледі. Бұл тұста Абайдың “Әннің де естісі бар, есері бар” деген сөзі осы әнге дөп түскендей. Оны әнші, Қазақ КСР халық әртісі Жүсіпбек Елебеков жақсы орындады. Бұл шығармада махаббат, риясыз сезім алауы лаулайды.
Абайдың “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” атты әні 1898 жылы жазылған. Бұл – ақынның өзінің ой мүддесін философиялық лирика ретінде әнмен өрнектеуі. Сонымен қатар “Сегіз аяқ”, “Бойы бұлғаң”, “Желсіз түнде жарық ай” сияқты шығармалары бүгінде жиі орындалады.
Музыка Абайдың өмірі мен шығармашылығында айрықша орын алды. Өзге ақын, әнші, композиторлардан бір ерекшелігі – ол өзінің әндерін қалың көпшіліктің алдына шығып айтқан емес. Ауыл-ауылды аралап, айтысқа қатысқан жоқ. Көпшілік арасында оның әндерін ұлдары мен шәкірттері, талантын құрметтеген адамдар насихаттады. Абай әндерін ел арасына таратқандар – Әлмағанбет Қапсалямов және зайыбы Әйгерім. Немересі Кәкітай Құнанбаев 1909 жылы оның өлеңдер жинағын шығарды. Белгілі өнерпаз Біржан Қожағұлұлы ақынның шығармаларын насихаттауға өз үлесін қосты.
Абайдың әншілік шығармашылығы туралы Ахмет Жұбанов: (“Замана бұлбұлдары” кітабы) “Абай бүкіл шығыстың, орыстың, қазақтың халықтық, профессионалдық әдебиетін терең зерттегеніндей, музыкада да алдымен қазақтың халық әндерін, күйлерін жақсы білді. Ол Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның әндерін жоғары бағалады. Сонымен қатар қазақтың аспапты музыкасын жете білді. Осылардың нәтижесінде Абай қазақтың халықтық музыкалық интонациясы шеңберінде үлкен, терең тамырланған ортада болды. Поэзиясы халықтық демде суарылған болса, музыка дүниесінде де Абай қазақтың халық музыкасының мұхитында тәрбиеленді. Абайдың ән шығарудағы қадамдарының кейбіреулері осы бағытта, алғашқыда форма жағынан да халықтық негізде басталды”, – деген.
Қазақтың халық музыкасын жинаушы А. Затаевич 1925 жылы Абайдың бірнеше әнін нотаға түсіріп жариялады. Композиторлар Б.Ерзакович және Л.Хамиди де Абайдың 20-дан аса әнін нотаға түсірді. Бұл әндердің бірқатары Абайдың екі томдық өлеңдер жинағында да басылды.
Қай қырынан алып қарасақ та, Абай – дара дарын, тума талант екені даусыз. Ол – ұлы ақын, кемеңгер ойшыл, асқан философ және талантты сазгер. Абайдың құлақтан кіріп, бойды алған әуезді әндері айызыңды қандырар тамаша туындылар екені ақиқат.

 

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.

Сурет https://semeylib.kz/  сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp