Елді мекендерді су тасқынынан аман алып қалу үшін күні-түні бөгет салып жүргендер арасында Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығы 99275 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де бар. Су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылған 50-ден астам әскери қызметші 25 мың қапқа құм толтырып, 6 шақырым бөгетті нығайтқан.
— Жеке құрамға берілген тапсырма – су басу қаупі төніп тұрған елді мекендерді тасқыннан аман алып қалу. Жеке құрамнан қандай көмек талап етілсе, тәуліктің барлық кезеңінде құрлық әскерлері бұған әрдайым дайын, – дейді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, подполковник Әсет Баймаханов.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар барысында әскери қызметшілер Қызылжар ауданындағы Прибрежное және Тепличное ауылдарында қаптарға құм толтырып, биіктігі 8 метр, ұзындығы жарты шақырым бөгет салды. Заречный шағынауданында биіктігі 8 метр, ұзындығы 1200 метр бөгетті нығайтты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».