Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов ел аумағында құс тұмауының таралу қарқыны төмендегенін мәлімдеді.
Елімізде жалпы саны 46 млн. 700 үй құсы болса, оның 31 миллионнан астамы – құс фабрикасында. Үстіміздегі жылғы 30 қыркүйек күнгі мәліметтерге сәйкес Қазақстанның жеті облысында (41 аудан, 99 елді мекен) құстардың қырылу фактілері тіркелген. 588 мың бас құстың жартысынан астамынан құс тұмауы белгілері расталып, қанаттылар өртеліп, жойылды. 23854 бас қанаттының өлімі жеке шаруа қожалықтарында тіркелсе, қалған жағдайлар екі құс фабрикасында орын алған. “Соңғы тәулікте Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында қанаттылардың қырылу фактісі орын алмады, мұндай жағдайлардың Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында да азайғанын айта кету керек”, – деген Тұрсын Қабдолданов әлем бойынша құс тұмауының салдарынан болған эпизоотикалық жағдай әлі де алаңдатып отырғанын жеткізді. Қыркүйек айында әлемнің 26 елінде жоғары патогенді құс тұмауы расталған 459 ауру ошағы тіркелген.
Құс тұмауының таралу қаупі біздің өңір тұрғындары арасында алаңдаушылық тудырып отырғаны мәлім. Бұл жағдайдың алдын алу үшін еліміздегі 25 ауданның 48 елді мекенінде құс пен оның өнімдерін шығаруды уақытша шектеу шаралары қабылданған. Баспасөз мәслихатында Тұрсын Қабдолданов құс тұмауының алдын алу үшін вакцинациялау жайына да тоқталды. Құс өсірушілер одағымен және жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен келісілген стратегия бойынша республикалық бюджет есебінен тек аналық құстарға, сондай-ақ, құс фабрикаларының айналасындағы 20 шақырымдық аймақта орналасқан жеке ауладағы қанаттыларды вакцинациялауға қаржы бөлінген. Қолданыстағы ветеринарлық заңнамаға сәйкес құс фабрикаларының өздері вакцинациялау жүргізуге міндетті екен. Бұл ретте бройлер фабрикаларындағы құстар 36-40 күнде сойылатын болғандықтан оларға екпе салынбайды. Олар бір тәуліктік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құс фабрикаларынан алады. Ал ондағы мекиендерге құс тұмауына қарсы екпе егілген. Жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары тауықтарды вакциналайды. Бүгінге дейін мәжбүрлі вакцинациялау шараларымен сегіз облыстағы 60 ауданның 636 елді мекеніндегі 1732913 бас құс қамтылған.
Баспасөз мәслихатына онлайн түрде қатысқан республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері спикерлерге мәселеге қатысты өзекті сұрақтарды қойып, нақты жауап алды. Ең алдымен, Қызылжар ауданының Якорь ауылындағы “Алекри” құс фабрикасында орын алған жайтқа қатысты түсініктеме берілді. Спикерлер онда 520 мыңнан астам құс қырылғанын растады. Алайда, оның 256 мыңы ауаның жетіспеуінен қырылған. Яғни, олардан құс тұмауы анықталмаған. Фабрикаға жедел жеткен арнайы топ тиісті тексеріс, зерттеу жүргізіп, осындай қорытынды шығарды.
Базарлардағы тауық өнімдерінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген. “Тауық өнімдері базарларға ветеринарлық құжаттармен және ілеспе қағаздармен келеді. Ілеспе қағаз берген кезде ол өнімдердің бәрі тексеруден өтеді. Өнімді тексеретін зертхананың сараптамасы шыққаннан кейін оған ветеринарлық анықтама беріледі. Өнім базарға жеткізілген кезде сол жақта ветеринар инспекторлар тағы тексеріс жүргізеді”, – деді Тұрсын Қабдолданов.
Қырылған құстардың иелерін алаңдатып отырған тағы бір жайт – өтемақы төлеу мәселесі. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, елімізде құс тұмауынан қырылған 329691 бас үшін өтемақы төлеу қарастырылған. Осы орайда өтемақыға ие болу үшін құс иелері сараптама, жою актісі, тұмаудан болған өлім-жітімді растайтын құжаттарын ұсынуы тиіс. Құстардың орташа нарықтық құнын арнайы комиссия белгілейді. Тамыз айындағы деректер бойынша, тауық үшін орташа есептегенде 800-ден 1200 теңгеге дейін ақша төленсе, үйрек, қаздар үшін бұл баға басқаша. Ал қыркүйек айындағы баға жақын күндері есептелмек.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.