Облыс орталығының құтқарушылары Есіл өзенінің тасуына байланысты автокөлік қозғалысы тоқтатылған Заречный кентінің тұрғындарына көмек көрсетуде.
Жуырда халықаралық маңызға ие “Новосібір – Челябі” тасжолының 529 шақырымын су шайып, кент тұрғындарының Петропавл қаласына қатынауы қиындады. Осылайша, жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге жеткізу мақсатында кент аумағына жол талғамайтын “ТРЭКОЛ” автокөліктері бар мобильді бекеттер қойылды. Ал облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандары тәулік бойы кезекшілік атқаруда.
Қазіргі уақытта кейбір кент тұрғындары жаяу жүргіншілер көпірін пайдалануда. Алайда, тұрғындарды бірінші кезекте қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін көлікпен жеткізу қажет. Бұл мәселелер департаменттің жедел штабының тұрақты бақылауына алынған. “КамАЗ” жүк көлігімен таңертеңнен кешке дейін Заречныйдағы азық-түлік дүкендеріне нан, сүт және басқа да өнімдер жеткізілуде.
Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жергілікті атқарушы органдармен және №6637 әскери бөлімнің жеке құрамымен бірлесіп, Тепличное ауылының және Заречный кентінің шеткі көшелерін тасқын судан қорғау үшін топырақ үйінділерін нығайту жұмыстарын жүргізді. Құм салынған 1400 қап жеткізілді. Солтүстікқазақстандықтар сақтық шараларына жіті мән берулері керек екенін ескертеміз.