«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУ — ОНЫҢ МІНДЕТІ

Үстіміздегі жылы облысымызда орын алған су тасқынының зардабын жою, құтқару жұмыстарын жүргізу кезіндегі ерлікке пара-пар еңбегі үшін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бір топ маманы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған болатын. Солардың арасында жас құтқарушы Айбол Отарбаев та бар.

Биылғы су тасқыны кезінде арнайы құрылған топтар Есіл, Аққайың және Қызылжар аудандарында тәулік бойы кезекшілікке шығып, құтқару жұмыстарын жүргізді. Барша солтүстікқазақстандықтарды алаңдатқан осындай шараларға қатысқан жасақтың құрамында Айбол Отарбаев та болып, құтқару жұмысында белсенділік танытқан. Маңызды іске жұмылдырылған “Трэкол” жол талғамайтын автомашинасы, “КамАЗ”, “УАЗ” жедел-құтқару автокөліктері жеке құрамға төтенше жағдайлар орнына қиналмай жетуге мүмкіндік берген. Қатер төнгелі төтенше жағдайлар қызметкерлері су басқан елді мекен тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жүріп-тұруы қиын адамдарды қауіпсіз жерге көшіруде “КамАЗ” көлігінің көп көмегі тигенін айтады.

Әңгімеміздің кейіпкері Айбол Манарбекұлы – Өскемен қаласының тумасы. Ол 1999 жылы отбасымен бірге Петропавлға көшіп келген. Павлодар қаласындағы заң колледжін тамамдаған жас өрен 2015 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызмет атқарған. Ал өткен жылдың тамыз айынан бастап қызметін түбегейлі өзгертіп, төтенше жағдай саласында бағын сынап көруге бел буған. Сөйтіп, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Жедел-құтқару жасағы” мемлекеттік мекемесіне қызметке орналасқан.

– Ұжымда ауызбіршілік қалыптасқан. Құтқарушылар командасы кез келген жағдайға дайын болуы керек. Бұл мақсат күн сайын алдыңғы орында тұрады. Өйткені, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің маманы күн сайын түрлі оқыс оқиғалардың алдын алып, адам өмірінің арашасы қызметін атқарады. Сол себепті біз жақсы дене шынықтыру дайындығын меңгерген, жоғары моральдық сипаттамасы мен психологиялық тұрғыдан мықты көрсеткіштерге жеткен, ой-өрісі жан-жақты, кәсіби білімі терең, деңгейі жоғары маман иесі болуға тиіспіз, – дейді Айбол.

Бір сәт өртке оранған үйді, су басқан елді мекенді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Міне, Айбол таңдаған құтқарушы мамандығы осындай қиындықтармен күнделікті бетпе-бет келіп, оқыс оқиғалардың алдын алу мен болдырмау үшін күреседі.

Құтқарушының айтуынша, бұйрықтарды орындайтын жасақ мүшелері күш алған апаттың қыр-сырын зерттеу арқылы табиғаттың дүлей мінезіне қарсы тұрады. Төтенше қызмет мамандарының тынымсыз тіршілігі тәртіп пен тиянақтылықты талап ететін ерен еңбек болғандықтан, олар күн-түн демей жоғары дайындықта болып, өз қызметтеріне адалдық танытуда.

Басшылық тарапынан өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқара білген Айбол жасақтың бас құтқарушысы лауазымына дейін көтерілген. Күнделікті қызметтен басқа жасақ бастығы Алтай Тезекпаевтың қарамағында жаттығу шараларын өткізіп, тәжірибелерін шыңдауды әдетке айналдырған.

Адам өмірін құтқару оған екінші рет өмір сыйлау дегенді білдірсе керек. Ал мінезі байсалды, өз ісіне жауапты Айбол Манарбекұлы үшін бұл – өзінің кәсіби парызын абыроймен атқару.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp