Күлтай Айкина, 75 жаста:
“Мамық төсек салайын,
Құшағыма алайын.
Қозым менің ұйықтасын,
Арқасынан қағайын”, – деп әндетіп отырып, тәтті ұйқыға кеткен ұлымның жүзіне көзім тоймай қарадым. Пыс-пыс еткен мұрнынан ернімнің ұшымен сүйіп едім, құмарым қанбай қалды. Денесін ауыртып алмайын деп еппен бауырыма басып, шашынан иіскеп біраз отырдым. “Бала бауыр етің” деген осы екен-ау. “Алла жазса, күні ертең Сәкенім ержетіп, атпал азамат болады, ата-анасының қолқанатына айналады. Құлыным сол, аман болшы!” – деп іштей тілеп отырғанымда біреу иығымнан тартқандай болды. Мойнымды бұрып қарағанымда: “Анашым, шай ішейік”, – деп кереуетімнің шетінде отырған қызым Әлияны көрдім. Жаңа ғана болған әдемі әсерден айыға алмай қызымның жүзіне көз тоқтатып қарап жаттым да, әлгінің бәрі тек түс екенін түсінген кезде еңкілдеп жылап жібердім. “Анашым, уайымдамаңызшы. Бәрі жақсы болады”, – деп бетіме бетін тақап, екі иығымнан құшақтаған қызым да көз жасына ерік берді.
Осылай қанша отырғанымыз есімде жоқ, жанарымыз жастан суалған кезде бір-бірімізді сабырға шақырып, орнымыздан сүйретіле тұрып, асүйге бет алдық. Шай да батпады. Ырымын жасап бір кесені тауысқаннан кейін, менің көңіліме қарап отырған қызым ертеңгі күні болатын сот отырысы жайлы айта бастады. Жарты жылдың ішінде дамыл көрмей жүгіріп жүрген Әлия: “Әкем тірі болғанда бұлай қиналмас едік”, – дегенде тағы да көңілім босады. Сәркен тірі болғанда жалғыз ұлдың әлімжеттігін көрмес пе едік, кім білсін? Аталарымыздың “Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызын өтей алмайсың” деген даналық сөзінің мәні тым тереңде екен. Ол ең алдымен анаға деген зор құрмет, сәбиі үшін түн ұйқысын төрт бөлген ғазиз жанның іштен шыққан ұрпағына мөлдір махаббатының өтемі, қанаттыға қақтырмай өсіріп-жеткізген ананың алдындағы борышымызды білдіреді.
“Анасын сыйламаған өзгені де сыйламайды” дейді ғой халқымыз. Өйткені, адамгершілік ұғымда анадан асыл жан жоқ. “Ананың құқы – Құдайдың құқы” деп Тәңірге балағандай, оның мәртебесі тым жоғары. Сондықтан да анаға зәбір көрсету күнәһарлық саналған, ондайларға халық қарғысын жаудырған. Алайда, “бір қарын майдың ішіндегі құмалақ” әлі де кездеседі екен. Сол құмалақтың өз балаң болуы жүректі тілгілеп, жан азабына айналды. Немере қызығын көретін жасқа келгенде жалғыз ұлдың әлегінен баспанасыз қалайын деп отырмын. Жалғыз сүйенішім Әлияшым ғана. Адвокаттан адвокатқа, соттан сотқа жүгіріп жүрген қызым қарт анасының да көңілін аулап, ағасының да қаһарына қарсы тұрып, бір тыным таппайды. Ертең де екеуміз тағдырдың жазуымен маңдайымызға біткен сормен күресуге барамыз. Құдай сәтін салса екен!
– Анашым, бір нәрсе дедіңіз бе?
Әлияның сұрағынан ойым кілт үзілді. Төсек салып жатқан қызым маған сұраулы жүзбен қарап тұр. Қас қарайып қалғанын сонда ғана аңғардым.
– Жоқ, қалқам. Іштей тілек тілеп едім. Сен жатып деміңді ал. Ертең ерте тұруымыз керек, – дегеніммен өзім біразға дейін көз іле алмадым. Күндіз көз шырымын алған кезде көрген түсім ойымнан шығар емес. Бауыр еті балам неге бұлай істеді? Не жаздық? Ертең сотқа келер ме екен? Әлде адвокаты арқылы тағы да жағамыздан ала ма? Өз ойыммен арпалысып жатып, көзім таң ата ілінді.
Әлияның ұялы телефонындағы қоңырау әндетіп қоя бергенде қараңғы бөлме жарықтана бастаған екен. Тұла бойым дел-сал болып орнымнан әзер тұрдым. Сотқа бет алғанда да жүрісім өнбей, кібіртіктей бердім. Пәтер дауымен жүрген жарты жылда барлығынан бетім қайтып қалған. Өзімді жігерлендіріп, тым болмаса қызымның үмітін сөндірмейін деген оймен сотқа да жеттім-ау. Соттың күту залында отырып, есік жаққа қайта-қайта жалтақтай бердім. Сәкенді көрмегелі бір жылдың жүзі болды. Оның жарты жылында ол Астанада тұрғасын телефонмен сөйлескенімізбен, қалған уақытта адвокаты арқылы тілдесіп жүрген жайымыз бар. Осы күнге дейін бірде-бір сот отырысына қатыспаған ол осы жолы да бой көрсетпей, тасадан тұрып, бізге тас атпақ қой. Оқытып-тоқытқан ұлымның бар білгенін бізді тұқыртуға пайдаланғанына жүрегім қан жылайды. Кезінде балама заңгер болсайшы деп өзім айтып едім. Бұлай боларын кім білген?!
Осылай сансыз ойдың шырмауына түсіп отырғанымда сот та басталды. Сол кезде есіктен Сәкен де көрінді. Менімен де, қарындасымен де амандаспастан, сыздаған сыздауықша төрге озуы жеңісіне сеніп келген адамның сыңайын байқатты. Оның бұлай “батыл” басуы тегін болмай шықты. Түбінде менімен бір соттасатынын білгендей мұқият дайындалған екен. Соттың бесінші отырысында ғана жеке қатысуды жөн санаған ол бес жыл бойы тәптіштеп жинаған құжаттарын жайып салды.
Жұбайым Сәркен қайтыс болғаннан кейін бес жылдасын қалаға көшіп келген едік. Ол кезде Сәкеннің үйленбеген, ал Әлия жоғары оқу орнында оқитын. Алғашқы уақытта үшеуіміз жалдамалы пәтерде тұрдық. Кейін іздестіріп жүріп қаланың шет жағынан үш бөлмелі пәтер сатып алдық. Бұл пәтер менің атыма жазылған болатын. Кейін Сәкен үйленіп, бір бөлмелі пәтер алып, бөлек кетті. Дәм-тұздары жарасқан олар аядай пәтерлерін сатып, банктен кредит алып, қаланың ортасынан үш бөлмелі пәтерді иеленді. Ал Әлия екеуіміз қаланың шетінде біраз жыл тұрғандықтан, ортаға қарай ойыспақ болдық. Ол кезде қызым да жұмысқа орналасып, жағдайымыз түзелген еді. 35 мың долларға жайлырақ, кеңірек қоныс тауып, бұрынғы пәтерімізді 25 мың долларға саттық. Бізге көмектеспек оймен Сәкен жетпей тұрған 10 мың доллар үшін банктен несие алса, біз оны төлейтін болып келістік. Сәкен өзінің қитұрқы іс-әрекетін жүзеге асыру үшін қамқор бола қалғанын кеш түсіндік қой. Әкесінен кейін бізге қамқоршы ер адам ретінде пәтерді сатып алу мәселесімен түбегейлі өзі айналысқан еді. Сол кезде сатып алу ымырасын тек өз атына ғана жүргізіп, меншік иесі етіп өзін жаздырғанынан да секемденбедік. Әрі түптің түбінде Әлия өмір-бақи қасымда отырмай, өз орнын тапса, осы пәтер Сәкендікі болып қалары анық еді. Осындай ойменен мен де құжатта ұлымның аты-жөні көрсетілгеніне мән бермедім. Туған ұлдан жамандық күтемін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Ал осыдан төрт жыл бұрын отбасымен Астанаға көшіп кеткенде: “Бұлар қалай пәтер алады? Онда үй қымбат қой”, – деп алаңдап едім. Бақсам, Петропавлдағы өзінің үш бөлмелі пәтері мен біздің баспанамызды сатып жібермек болған екен. Оның бұл арамдыққа баруына келінімнің де итермелеп, “ақыл” қосқанын ішім сезеді.
Сот отырысында ол үй мәселесін шешуге байланысты жүргізген қым-қуыт іс-әрекетін тізіп бергенде Әлия екеуіміз айтарға сөз таба алмай, аңтарылдық та қалдық. Үйдің құнының 25 мың долларын өз қалтамыздан шығарып, ол банктен несиеге алған 10 мың долларды 4 жылдан бері төлеп келе жатқан бізге қарап тұрып: “Бұл пәтерді өз ақшама сатып алғанмын. Олар ешқандай 25 мың доллар қосқан жоқ”, – дегенде де баламның жүзі ұяттан күймеді. Ана баласын қандай кезде де жамандыққа қимайды екен. Мен оның сазарған жүзінен жылылықты, мейірімділікті, бауырмалдылықты іздедім. Бесік жырын әндетіп ұйықтатқан ұлымның осыншалық арам ойлы болатынын кім білген? “Алла жазса, күні ертең Сәкенім ержетіп, атпал азамат болады, ата-анасының қолқанатына айналады” деген үмітпен өсірген ұлым өзіме жау болып шыға келді. Соттың шешімі өз пайдасына шешілгендігін естіген кезде Сәкен Әлия екеуімізге жақындап: “Үйді тез арада босатыңдар, әйтпесе сот орындаушыларын жіберемін”, – деп қорқытты. “Адал бала – ырысың, арам бала – құрысын” дегендейін, мұңлық күйге түскен мен ақ сүтімді емген баламнан мүлдем күдер үздім. Салымыз суға кетіп, есеңгіреген күйі сот ғимаратынан шықтық. Үй жаққа аяқ тартпағасын, сол маңдағы саябақтағы орындықтың біріне отырдым. Әлия да қасыма жайғасты. Үнсіз жыладық, бұрыңғыдай бір-бірімізді жұбатпадық. Көзімізден сырғи аққан жаспен бірге үмітіміз, тілегіміз ағып түскендей болды. Енді қалған ғұмырымды жалдап тұрар пәтер іздеп, біреудің босағасында өткіземін бе? Жеңілістің кермек татыған дәмі осынша ащы болар ма? Баласы көшеге лақтырған кемпір енді кімге керек? Кімнен пана табамын? Кім қорғаным болады? Қартайғанда көрейін дегенім осы ма еді? Енді жағдайымыз не болады? Сансыз сұрақтың бірінен соң біріне шалынып, ешқайсысына жауап таба алмадым.
Теңізге шыққан желкенсіз қайықтың күйін кешкен біз есімізді жинағаннан кейін Сәкенге хабарласып, барар баспана, қаржылық мүмкіндік болмағандықтан, бірер айға шыдауын сұрадық. Ондағы үмітіміз Әлияның коммуналдық пәтер кезегінің жақын тұрғаны еді. Соған орай ол өзінің қиын жағдайын айтып, тиісті басшылардың қабылдауында да болды. Бірақ өз туысымыздан бетіміз қайтқан біз өзгелердің жағдайымызды түсініп, қол ұшын беретініне сенімді болмап едік.
Бірақ Құдайға қараған адамдар бар екен. Жаратқан иеміздің қалауымен қызымның кезегі келіп, екі бөлмелі пәтерге қол жеткізгенімізде санасыз ұлдың оспадар ісін де, өзін де сол сәтте-ақ ұмыттым. Бір жылға жуық жылай-жылай суалған көзде үміт оты пайда болды. “Анашым, бізге Құдайдың көзі түзу екен”, – деп жүзі бал-бұл жанған Әлиям пәтерге көшудің қамымен жүр. Ал мен салмағы қаңбақтікіндей ғана, алайда адамның өмірін күрт өзгертер пәтердің кілтін сипалап, домалап аққан көз жасыммен жуып отырдым. Бұл жолғы жастан қуаныштың дәмі сезілді.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.