Әл-Фараби мектеп-лицейінде оқушылардың қызығушылықтары бойынша сабақтан тыс уақыттарында қатысатын он бір үйірме мен секция тегін қызмет көрсетеді. Оның ішінде құрылғанына 5 жыл болған “Бимаржан” қыздар тобын ерекше атап көрсетуге болады. Разалия Гайнанова жетекшілік ететін “Бимаржан” тобы өткен жылы облыстық, кейін Астана қаласында өткен байқауларда 1-орынды иеленді. Қазір олар мектеп пен қалалық мерекелік концерттерде көрермендерін тамсандырып жүр.
Үстіміздегі жылы құрылған “Балапан” би тобында 17 қыз болса, 2-3-сыныптың ұлдарының басын біріктірген “Тенгриде” 20 бала жаттығуда. “Тенгри” ұлдар би тобы Астана қаласында өткен байқауда екінші жүлделі орынды жеңіп алды. Оларға Элла Рахметжанова жетекшілік етеді. Сондай-ақ, “Тенгри” қыздар би тобында 39 балғын өз өнерлерін шыңдауда.
Бұдан бөлек, білім ошағындағы Нұрлан Жалмұқанов, Нұрлан Жақыпов және Асқар Жақыбаев жетекшілік ететін тоғызқұмалақ, шахмат, волейбол, баскетбол секцияларына балалар өз қызығушылықтары бойынша қатысады. Мектепте өткізілетін түрлі тәрбиелік бағыттағы шараларға ұстаздар, оқушылар, ата-аналар тартылады. Сондай шараның бірі ретінде “al-Farabu Open – 2016” шахмат турнирін атап айтуға болады. Бастауыш сынып оқушылары да қосымша шахмат сабақтарына қатысады.
“Блик” бейнелеу үйірмесінің жетекшісі Олег Гайнуллин жиырма бес жас суретшінің қаламдарының ұшталуына септесуде. “Моделдеу” үйірмесінің оқушылары “ЭКСПО – 2017” көрмесіне орай өткізілген байқауда бақ сынады. Әсел Исина жетекшілік ететін “Ағылшын тілі” клубында 4-6-сынып оқушылары тіл сындырып жүр. “Ән әлемінде” атты вокал үйірмесіндегі ұл-қыздарымыз патриоттық әндерді орындау шеберлері.
Еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыты ретінде біздің ұжым осылайша әр балаға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беруде.
Зәуреш ШӘКЕНОВА,
әл-Фараби мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.