«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЙ АЛМА, КӨРШІ АЛ

Ауылы алыста қалған балалық шақты кім аңсап есіне алмайды дейсің. Өйткені, оның әрбір сәті ыстық. Таңертең тұрғаннан кейін тамақ ішу үшін әрқайсымыз өз орнымызды жаңылмай тауып, жапатармағай дастарқан басына отырамыз. Осындай сәтте ағалап сыйлайтын, үй арасында үй жоқ Жауқашар атамыз: “Ассалаумағалейкум”, – деп ауыз толтыра амандаса кіріп келетін. Марқұмның: “Мал-жан аман ба?” – деп сәлемін жалғастыратыны да әлі есімде. Әкем де қарап қалмайтын. “Уағалейкумнен” кейін іле “Үй таппай келген жоқсың. Жоғары шық. Шайға отыр”, – деп әдеттегідей жауап қататын. Бүгінде көп айтыла бермейтін осы сөздерді біртүрлі сағынады екенсің. Жастары шамалас, өмір бойына тату-тәтті көрші болып келген оларға мұндай қарым-қатынас өте жарасатын.

“Қоныс сайламас бұрын, көршіңді сайла”, “Үй алма, көрші ал” деген мәтелдер Лұқман хакімнен қалған екен. Көршінің қадір-қасиеті жайлы бала күннен көргенімізді көңілге түйіп, есіңде барын ескіртпей, жаныңа жақын түсініп өскендіктен, ол жайлы бір қыдыру әңгіме етуге болар еді. Жағалай биік қоршау орнатып алған бүгінгі қазақ ауылындағыдай емес, бұрынғылар бар-жоққа қарамай, бірін-бірі бір күн көрмесе тұра алмайтындай, кең дастарқандарынан менікі-сенікі демей бөле-жара дәм ішіп, қабақ шыту дегенді білмей бір үлкен отбасының жандарындай тірліктері таң атқаннан, күн батқанға дейін қарбалас, араласып-құраласып жүріп жататын. Осындай тіршілік қазаққа, яғни қазақ ауылына керемет жарасатын. Осыған, әсіресе, қазақпен біте қайнасқандай болып кеткен көрші ауылдардағы орыс ағайындар: “Біз сіздер сияқты бір-бірімізге кереметтей бауырмал жандар емеспіз”, – деп таң-тамаша қалатын. Қазір заман өзгерді, өзгергенді көз көрді. Көздері көк сол көршілеріміз: “Сіздер бұрынғыдай емес, бір-біріңізді танымайтын адамдай өзгеріп кеткенсіздер”, – деп іштегі ойларын бүкпесіз білдіріп жатады.

Мұндайда не деп жауап қайтарасың, өмір өзгеріссіз болмайтынын айтып ақталасың. Сол өзгерістерді өзіміз жасап жатқанымызды бір сәт ойламай, “өмір солай” деп өзімізден-өзіміз қашқанымыз жөн емес екенін түсінбейміз, түсінгіміз келмейді. Жаман туысынан көршісін жақсы санаған қазекеңнің көршісімен байланысы қалай десек те, ешқашан үзілмейді. Жасы үлкендер жағы жастарға үлгі болатындай дәрежеде ыңғай танытып жатса, қандай ғанибет.

“Көрші ақысы – Тәңір ақысы” деп көршілікті аса қастерлейтініміз, алдымен сәлем сөздің атасы болғандықтан, көршіңмен әр уақытта сәлемің түзу болып, кездесе қалған екенсің, ізеттілік таныта амандық-саулық сұрасу қажет. Аман-есен екендігін үйіне барып білсең, тіпті, артықшылығы жоқ. Ол оны өзіне, отбасына көрсетілген құрмет деп білуі тиіс. Сырқаттанып қалған екен, мұндайда да өз міндетіңді мінсіз орында, көршіңнің хал-жайын біл, мал-жанына бас-көз болып, шаруасын тындыруға қарайлас. “Дүние кезек” демей ме, ертең өзіңді не күтіп тұрғанын кім білсін? Мұндайда, “Жақсылық жасау көршіңнен” деген қағиданы ұмытпаған абзал. Қазақтың көрші ақысын белден басатындарға өз айтары болған, ондайларды сыйламаған. “Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас” деген мақал содан қалған.

Бізде көршісіне “Құдайы көрші” деп те құрмет көрсетіледі. Мәселен, алыстан ат терлетіп көптен бері көріспеген ет жақын туыстарың келе қалды делік. Мұндайда ауылдың тілімен айтқанда, қазан көтеріледі, табақтап ет пісіріледі. Қазақ қонағын сопитып жалғыз отырғызып қоймайтындықтан, олардың жанына үй иесі ауылдан өзіне көңілі жақын жандарды қосатынын да бәріміз білеміз. Ал осындайда қонақтардың жанына қарай, яғни төр жаққа озатындардың бірі осы құдайы көрші екені де түсінікті. Бар қызықты бірге бөліседі.

Мынаны да ескерген жөн болар. Қалада да, далада да жақсы көрші іздемес бұрын алдымен өзің жақсы болуға тырысып бақ. Сонда ғана қазақ айтпақшы, көршілер бірін-бірі алыстағы ағайынынан артық санап, біте қайнасып, шай сұрай барса, май қосып беріп, әрдайым тонның ішкі бауындай араласып кетері анық.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp