«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ ДӘРІГЕР

Келісілген уақытта келдім. “Сіз бөлмеге кіре беріңіз, мен қазір келемін”, – деген ол жылдам басып кетіп қалды. Өмір мен өлімнің арасында арпалысқан науқастардың біріне шұғыл көмек қажет болып қалғанын бірден түсіндім. Сондықтан ақ халатты абзал жанды тапжылмай отырып күттім.

“Көп күтіп қалған жоқсыз ба?” – деп жүре сөйлеп орнына отырған дәрігер емханаға қабылдауға келген науқастың денсаулығы күрт нашарлап кеткенін айтып, күттіріп қойғаны үшін кешірім сұрады. Облыстық онкологиялық диспансердің анестезиология-жансақтау бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ағыбай Күдеровтің күнделікті жұмысы осы. Бас көтеруге уақыты жоқ.

Сұхбаттасу барысында аңғарғаным, дәрігер мамандығын таңдауына әкесі Тәшен Серәліұлы себепші болған екен. Оқушы кезінде асқар тауы – әкесі қатты сырқаттанып, емендей тұлғаның иілгенін көргенде “дертіне шипа табар дәрігер болсам ғой” деген бала арманы оған өмірлік жолды дұрыс таңдауына ықпал еткендей.
Абзал жанның денсаулық сақтау саласында жүрген 40 жылының әр күні жадында сайрап жатыр. Өмір мен өлім үшін күресте жүретін әрбір сәт оңай ұмытыла қоймайтыны анық. Ағыбай Тәшенұлы Қарағанды қаласындағы медициналық институтты балалар дәрігері мамандығы бойынша тамамдаған. Студент кезінен Қарағандыдағы балалар ауруханасында орта буын медицина қызметкері ретінде еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған ол көптен күткен дипломы қолына тиген кезде Петропавлға оралды. Әуелі “Жедел жәрдем” қызметінде, кейін облыстық балалар ауруханасында жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде арнайы курстан өтіп, анестезиолог-реаниматолог мамандығын игерді. Ал 2000 жылдан бері облыстық онкологиялық диспансерде қызмет етуде.
– Дәрігер ретінде жәрдем күткен жандарды алғаш рет көргенде өзіме артылған жауапкершіліктің зор екенін сезіндім. Әсіресе, жас маманның сырқатпен тілдесуі “қыл көпірдің” үстімен өткенмен бірдей еді, – дейді Ағыбай Тәшенұлы еңбек жолының алғашқы бастауларына ойша сапар жасап.
“Жақсы сөз – жарым ырыс” демекші, облыстық онкологиялық диспансерде ем қабылдап жатқан науқастар үшін дәрігердің кәсіби көмегінен бөлек бір ауыз жылы сөзі мен шынайы көңілі ауадай қажет. Өңірімізде қатерлі ісік ауруына шалдыққандардың саны жоғары екенін естігенде дені сау адамның да дегбірі қашады. Ал “Дертімнен айығам ба?” деген сауалмен келгендердің көңіліндегі үміт отын өшірмеу ет пен сүйектен жаратылған адамға оңайға соқпасы анық. “Дәрігерге жүгінген науқастардың 70-80 пайызы дер кезінде тексерілмей, ауруын асқындырып алады. Әсіресе, ауылда тұратын ағайындар әне-міне көрінемін деп жүріп, уақытты оздырады. Немқұрайдылықтың салдарынан облыс орталығының тұрғындары да қатерлі дертке шалдыққанын кеш біліп жатады. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қажет”, – деген Ағыбай Тәшенұлы безілдей жөнелген қара телефонның тұтқасын көтергенде, ар жағындағы адам жансақтау бөліміндегі науқастың хал-жағдайын сұрап жатты. Ол әдеттегідей жақыны үшін алаңдаған әрбір тұрғынға байыппен мән-жайды түсіндіріп беруде.
Ата-анасы Тәшен Серәліұлы мен Орынбасар Әлкебайқызының бес баласына айтқан “Адал жолмен жүріңдер, ақылды болыңдар. Адамшылықтан аттамаңдар” деген сөздері бәрінің өмірлік ұстанымына айналып, бағыт сілтер шырақтай болды. Бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүрген ағайындылардың таңдаған жолдары бір-біріне ұқсамаса да, өмірге деген көзқарастары, ұстанымдары бір. Ол – адал еңбек ету.
– Ағыбай Тәшенұлы – өзіне де, жанында жүрген медицина қызметкерлеріне де талапшыл адам. Осы мінезінің арқасында әріптестері мен науқастардың арасында зор құрметке ие. Ол ауырсынуды басу технологияларын ұдайы жетілдіріп, оның заманауи әдістерін тәжірибесіне енгізіп отырады. Өкпе мен өңешке ота жасағанда интубационды наркозбен эпидуралды анестезия тәсілін енгізді. Ірі тамырларды катетерлеу техникасын жетік біледі. Жылдар бойы жұмысын адал атқарған ол мол тәжірибе жинақтап, өзін жоғары дәрежелі анестезиолог маман ретінде танытты. Бүгінгі таңда тәжірибелік және теориялық білімі жоғары, анестезиология және реанимацияның заманауи әдістерін жетік меңгерген білікті маман орта медициналық персоналдарға жүрек-өкпе реанимациясы әдістерін үйретуде, – дейді талай жыл бірге еңбек еткен облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Ермек Әбдірімов.
Осы уақытқа дейін бес мыңнан астам отаға қатысқан мақала кейіпкері “қалың ұйқыда” жатқан науқас қашан көзін ашқанша жанын қоярға жер таппайды. Науқасқа ота жасалар алдында ауру тарихымен, сараптамамен жан-жақты танысады. Сырқат адаммен жеке сөйлесіп, оған отаның маңыздылығы мен қиындығы жайында айтады. Бұған қоса науқастың медициналық препараттарға аллергиясы бар-жоқтығын, оның психологиялық хал-жағдайын тексереді. Ота толық аяқталғанша қасында болып, оның қан қысымын, дем алысын, тамыр соғысы мен дене қызуын және тағы да басқа адам өмірі үшін маңызды үрдістерді қадағалап отырады. Сондай-ақ, анестезиолог отадан кейінгі кезеңде науқастың жағдайын тексеріп, реаниматолог дәрігердің де қызметін атқаратынын атап өткен жөн. Осындай жауапкершілікті талап ететін бұл мамандық иелері өңіріміз түгіл, елімізде тапшы екенін көпшілік біле бермейді. Қазіргі таңда облыстық онкологиялық дипансерде үш анестезиолог-реаниматолог дәрігер жұмыс істейді. Әр үш күн сайын кезекшілік атқаратын дәрігерлер тәулігіне 32 сағат еңбектенуге мәжбүр.
– Жастау кезімде зайыбым Тойкенге “Неге тынықпайсың? Саған ескерткіш қоя ма?” – деп реніш білдіруші едім, кейін өзім де солай еңбек ететін болдым. Жауапкершілікті сезінген адам шаршап-шалдығуды білмейді, тек өз міндетін адал атқаруға тырысады екен. Кейде көршілерім: “Сіз үйіңізге қонасыз ба?” – деп сұрайды. Жұмыс қауырт, демалуға уақыт жоқ. Демалысқа шыққан кезде де тек екі апта тынығамыз. Себебі, үш дәрігердің біреуі кетсе, екеуіне күнара кезекшілік атқару қиынға соғады, – деген Ағыбай Тәшенұлының сөзін науқастың жағдайын айта келген медбике бөлді. Ота жасалған науқасқа қан құю керек екенін естіген кезде дәрігердің уақытын алмайын деген оймен мен де орнымнан тұрдым.
Қоштасып болып, кабинеттен шығып бара жатқанда “Күні-түні ауруханадан шықпайтын дәрігер демалысын қалай өткізеді екен?” деген ой қылаң берді. Жалт бұрылып: “Ағыбай Тәшенұлы, демалысыңызды қалай өткізесіз?” – деп сұрадым. “Демалудың сәті түссе, уақытты ұлым Думанымнан қалған көз – немерем Аруай мен жиенім Аланмен өткіземін. Зайыбым екеуіміздің көңілімізге медеу болған балапандардың жанында барлық қиындық ұмытылады, – деді де асыға басып бөлмеден бірінші шығып кетті. Мен де аурухана ішіндегі тыныштықты бұзбайын деп аяғымның ұшымен басып, шығар есікке бет алдым.


Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp