Аманжол ҚОШАНОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Марат Балғожаұлы туралы өткен шақта – “өмір сүрді, болды, жасады, экономикалық ғылымды құруға белсене қатысты” деп айтудың өзі ауыр. Ол күні кеше ғана біздің қатарымызда, жасампаздардың алғы шебінде жүрген еді. Көзі тірі болса, туған елі бүгіндері оның 75 жылдығын дүркіретіп тойлап жатар еді.
Марат Кенжеғозин қоғамдық парызға адал, уақыт тынысын дөп басқан жан болатын. Оның жан-жақты қабілеттілігінің және ғалым ретіндегі ТМД және Қазақстан Республикасының аясындағы принципті тұрғыдағы жаңа экономикалық жүйенің мүмкіндіктерін жұмылдыруға бағытталған қуатының толысу жылдары мен ашылуы дәл “өзгеріс жылдарына” тұспа-тұс келді. Содан да Мараттың өмірінің соңғы он жылы нақтылы шығармашылық ізденістерге толы болды. Нақ осы кезеңде ол басқарған Экономика институтының ұжымы ауыспалы экономиканың өзекті мәселелерін шешумен айналысты.
Азамат, тұлға ретінде Марат Балғожаұлы үлкен өмір мектебінен өтті. Ол бала жасынан сол дәуірдің жалпы өрлеуі мен халық ұмтылысы айқындаған үлкен жасампаздық істерге құлшыныс танытты. Оның әкесі – Балғожа Кенжеғозин – өндірістің белгілі ұйымдастырушысы, ұжымшар төрағасы, өте талантты жан болды, өз балаларына да жақсы тәрбие бере білді. Марат әйгілі “плехановканың” түлегі болып табылады, онда кезінде ғылымдағы “еркін ойлылар” ретінде атағы шыққан, өздерінің демократиялық сенімдерімен және көзқарастарымен танылған мәскеулік профессура топтасқан болатын. Атап айтқанда, ресейлік ғалымдар мектебі сол сияқты, елдегі жоғары оқу орындарының бірегейі – кеңестік экономика мектебі Мараттың Қазақстан экономикасының нарықтық қайта құрудағы күрделі мәселелеріне кең бағдар ұстанған әрекетті ғалым ретінде қалыптасуына шешуші ықпал жасады. Жоғары оқу орнының берік дайындығы бар Марат кандидаттық және докторлық диссертацияларын Мәскеуде және Ленинградта табысты қорғады, ал 60-шы жылдардың ортасынан бастап Алматының ғылыми орталықтарында басшылық қызметтерге араласты.
Екеуміз де бір өңірдің тумасы болсақ та, Марат Балғожаұлымен Алматыда таныстым. Сол жылдары мен жұмыс істеген Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтының ұжымымен неғұрлым жақын танысуына оның зайыбының ықпалы болғаны сөзсіз. Сүйкімді Раида Рахметқызы мәскеулік жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін біздің институтқа жолдамамен келген болатын. Марат Балғожаұлымен тығыз ынтымақтастығымыздың басталуы менің Экономика институтындағы директорлық қызметіммен сәйкес келеді. Сол уақытта ол Республикалық АӨК жоғары мектебіне басшылық етті, математикалық әдістерді қолдана отырып экономикалық үдерістерді оңтайландыру (кибермодельдер) аясында белсенді жұмыс жүргізуші ғалым ретінде танымал болды. Ғылыми бағытының жаңашылдығын ескеріп, біз оны институттың жанындағы докторлық кеңестің мүшесі ретінде де академиялық жобаларға белсендірек тарттық. Оның академиялық бағдардағы ғалымдармен қоян-қолтық араласқан уақыты да нақ осы кез.
Тоқсаныншы жылдары мен Ұлттық ғылым академиясы президиумының вице-президенті лауазымын Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы қызметімен қоса атқардым. Ал 1995 жылдың басында ҚР ҰҒА президиумындағы қызметпен басы бүтін айналысуым қажет болды да, Ғылым академиясының президенті К.Ә.Сағдиевқа институт директорлығына Марат Балғожаұлын ұсындым, ол кісі келісімін берді.
1995-2006 жылдар – Марат Балғожаұлының өміріндегі ғылыми қуаты және ғалымның ұйымдастырушылық мүмкіндіктері толық көлемде ашылған ерекше кезең болды. Ол ғылым академиясының, сондай-ақ, Экономика институтының да қызметіндегі күрделі, дағдарысты кезеңмен сәйкес келді. Әлемдік қаржылық дағдарыс нарықтық реформаларды жүргізуді қиындатып жіберді. Жағдай академиялық ұжымды сақтау, құрылымдар мен ғылыми-зерттеулер бағыттарын жетілдіру, қалыптасқан жағдайларға сәйкес тақырыптарды одан әрі маңыздандыру жөніндегі көп күш-жігерді талап етті. Марат Балғожаұлы ұжымды осы қиын кезде басқара отырып, оның жұмысын тиісті арнаға бағыттай білді, министрліктермен, ведомстволармен, ғылыми жұртшылықпен және билік құрылымдарымен тығыз байланыс орнатты. Осы жылдары республиканың транзиттік экономикасының нарықтық қайта құру мәселелерін белсенді шеше отырып, Марат Кенжеғозиннің макроэкономика бойынша жетекші экономистердің бірі ретінде қалыптасқанын айтып өткен жөн. Ол “Нарықтық экономиканың қазақстандық моделін қалыптастыру және жұмыс істету теориясы мен тәжірибесі” басымды ғылыми бағытына табысты басшылық етті.
Марат Кенжеғозин басшылық еткен Экономика институты “Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесін құруға бастамашы болды. Бұл еліміздің 2003-2012 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламасының бастамасы еді. Экономика институты, сондай-ақ, республикада тұңғыш рет макро-экономикалық тұрақтандырудың және Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы мен ұзақмерзімдік дамудың стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыру үшін ұлттық өндіргіш күштер жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздерін жасады. Ресурстар қуатын тиімді пайдалану мен Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа кірігуі және әлемдік экономикаға интеграциясы тұрғысындағы өңірлік экономика және саясат мәселелері Марат үнемі назарында болды.
Барлық аталған бастамалар мен талдамалар Қазақстанның жағдайында нарықтық қайта құрылымдаудың одан әрі тереңдетілуін және әлемдік жаһандану үрдісіне қосылуын есепке ала отырып, жаңаша тұрғыда зерттелді. Марат Балғожаұлының оған сіңірген еңбегі сол, ол өзі ғылыми іссапарларда және үкімет делегациясының құрамында болған дамушы елдер мен бірқатар дамыған мемлекеттердің әлемдік тәжірибесіне сүйеніп, монографиялық жұмыстар сериялары мен жоғары басқарушылық құрылымдарына арналған тиянақты ұсыныстарын және нұсқаларын жариялай отырып, осы басымды бағыттардың жүйелі зерттемелерін ұйымдастырды. Институт осы жылдардың ішінде республикадағы экономика ғылымының жетекші теориялық және әдістемелік орталығы дәрежесін бекіте түсті. Келісерсіздер, егер 90-шы жылдардың дағдарысынан шығудың қиын үдерісін және одан күрделігі кем емес тұрақтану мен тұрақты экономикалық өсудің өтпелі кезеңін ескерсек, ол, тіпті де, жеңіл міндет болмайтын. Онымен қатар ғылымға, ғылыми нұсқамаларға немқұрайдылық-бюрократтық көзқарастың, сол сияқты, жиі кездесетін институт әзірлемелерін әлде біреулердің өз пайдасына пайдалануының кедергілерінен өтуге тура келді. Осының бәрі академиялық ғылым және Ұлттық ғылым академиясы бастан кешкен қиындықтармен күрделене түсті. Бірақ Марат Балғожаұлы мен институт ұжымы өздерінің дәйекті және мақсатты бағыттағы жұмыстарымен әлемдік үрдістер арнасында дамыған берік экономикалық ғылымның елдің экономикалық даму стратегиясының ажырамас бөлігі болуға қабілеттілігін және бола алатынын дәлелдеді. Бұл бағытта атқарылған істер аз емес, біртіндеп республикада жаппай танылған іргелі зерттеулердің теориялық орталығы ретінде Экономика институтының беделі артты.
Институт Марат Балғожаұлы басшылық еткен жылдарда өз абыройын асырып, мәртебесі биіктей түсті. Осында оның экономика ғылымының теориялық мәні мен маңызына терең түсінігі танылды, ол оны, әсіресе, әкімшілдендірілген экономиканың күйреуі мен нарықтық қатынастарға көшірілуінің тарихи өзгеріс кезеңдерінде байқатты. Институтты қолданбалы зерттемелерге көшіру және оны басқа құрылымдармен біріктіру, қосу әрекеттері үнемі жасалып отырды. Бірақ институт оған шыдады. Марат Балғожаұлына осындай алдарқатулармен және қысым жасаулармен үнемі күресуге тура келді. Менің де онымен қосақталып, өзіміздің ғылымның мүдделерін қорғап, жоғары жаққа шыққан кездеріміз болған. Экономика институтына Марат Балғожаұлы басшылық еткен жылдар – ол академиялық ұжымның ұстанымы мен беделін қорғаудағы қиындықтар мен күрделі жағдайлар ғана емес, республиканың тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтудағы экономика ғылымының жаңа жағдайы мен рөлі үшін күрес болып табылады. Бұл жайларға мен өзіміздің соңымыздан ерген жас ұрпақ аға әріптестерінің жасаған жарқын істерін білсін деген ниетпен тоқталып отырмын.