Әр Жаңа жылдың өзімен ала келетін қуанышы, бақытты сәттері болады. Жақсылыққа сеніп, болашаққа үлкен үмітпен қарау керек. Сол кезде ғана барлық арман-мақсат орындалып, көздеген мұратқа қол жеткізуге болады. Өткен жыл мен үшін көптеген қуанышты жаңалықтарға толы болды. Ана ретінде айтар болсам, ұлым Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түсті. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен мерей.
Жұмыс барысында да бағындырған белестеріміз аз емес. Мен қызмет ететін “Радуга” ЖШС заман талабына сай қарышты қадаммен алға басып келеді. Заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген зауыт биыл кезекті жобаны іске қосты. Елімізде орнаған уақытша қиындық кезінде мұндай кең ауқымды шараның жүзеге асуы ұжымға үлкен серпіліс беріп, алдағы күнге деген сенімді шыңдай түсті.
Ұжым болып жұмылып, алға қойған межеге қол жеткізу үшін аянбай тер төгіп, жұмыс істеу – біздің азаматтық міндетіміз. Заман талабына сай ұмтылысымыз елеусіз қалып жатқан жоқ. Биыл “Қажырлы еңбегі үшін” медалінің иегері атандым. Бұл менің отбасым және ұжымым үшін есте қаларлық оқиғалардың бірі болды.
Жаңа жыл қарсаңында орын алған осындай жағымды жаңалықтар көп болып, мемлекетіміз дами берсе, нұр үстіне нұр болады. Есік қағып, келіп қалған Жаңа жылда елмен бірге жаңа табыстарға қол жеткізейік!
Ботагөз ҚҰЛДАНОВА,
“Радуга” ЖШС зауытының өндіріс жөніндегі директоры.