Мектепке дейінгі мекеменің балаларын үштілділікке үйрету – заманауи білім беру жүйесінің басты мақсаты. “Балауса” балабақшасы ашылғанына көп болмаса да, жас педагогтермен бірлесіп оқу-тәрбие үдерісін үш тілде білім беруге бағыттап жұмыс істейміз. Бекітілген жоспар бойынша қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін мектепке дейінгі мекемелерге арналған әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Балалардың жастарына сәйкес “Біз мектепке барамыз” (5-6 жас) және “Зерек бала” (3-5 жас) балаларды тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларын пайдаланамыз.
Бүгінгі таңда орыстілді отбасыларынан келген балаларға қазақ тілінде сөйлеу үлкен қиындық туғызады. Олар ана тілінде еркін сөйлей алмағандықтан, таза қазақша сөйлейтін балалармен тез араласып кете алмайды. Осы жастан бастап балаға білікті маман көмек көрсетпесе, олар тұйықталып қалуы мүмкін. Ұжымда балаларға тәлім-тәрбие беру бірнеше әдіс-тәсілдермен жүзеге асырылады. Солардың бірі – ойын. Бұл тәсіл арқылы баланың зердесі тез дамиды әрі бүлдіршін ойын барысында өзін еркін сезінеді. Сондықтан біз әр сабағымызды көрнекіліктер мен үлестірмелі материалдарды қолдана отырып, ойын түрінде өткіземіз. Мысалы, бүгінгі сабақтың тақырыбы “Кесе” болса, кесенің бірнеше суреттері, кесе жасалатын материалдардың түрлері балаларға көрсетіледі. Ондағы мақсат – берілген тақырып бойынша балалардың түсініктерін кеңейту және тілдерін дамыту. Балалармен кесе жайлы әңгіме жүргізіледі (не үшін пайдаланатынын, кесе жасау әдісі, соңында “Дастарқан әзірлеу” ойыны ойнатылады).
Тәрбиешінің және тіл мамандарының жылдық жоспарының тақырыптары барынша сәйкестендірілген. Жылдық жоспар құру үшін “Алматы кітап” баспасынан 2013 жылы шыққан әдістемелік құралдарды пайдаландық. Сонымен қатар Шымкент қаласынан шығатын “Шикула және К” баспасының әдістемелік құралдары да үштілділікті дамытуға қолдануға тиімді нұсқа екендігін байқап, өз жұмысымызда пайдалана бастадық. “Шикула және К” баспасы үштілділікке арналған жұмыс бағыттарына көп назар аударған. Көрнекілік және дидактикалық-үлестірмелі материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірлесіп жазылған.
Балалардың тілдерін жетілдіру және көріп, есте сақтау қабілетін дамыту үшін мнемотехника әдісі ең қолайлы болып табылады. Мнемоника – табиғи ассоциациялар жасау көмегімен есте сақтауды қамтамасыз ететін, жасанды түсініктер арқылы қажетті мәліметтерді еске сақтауды жеңілдететін ережелер мен тәсілдер жиынтығы. Осы әдісті негізге ала отырып, тақырыпқа сәйкес суретті үлестірме материалдарды жасап қолданамыз.
Жоғарыда айтып кеткендей, балабақшада балаларға үш тілде білім беру және сөйлеу әртүрлі әдіс-тәсілдермен жеткізіледі. Олардың бір түрі – театрландырылған және сахналау ойын-сауықтары. Шағын сахналау топ ішінде өткізіледі, онда балалар тек бетперделерді пайдаланады. Бұл дайындықсыз, сол күнгі тақырыпқа сәйкес өткізіледі. Ал балабақшаның барлық балғындарының назарына ұсынылатын қойылымға ұзақ дайындаламыз.
Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында ортаңғы топта аптасына – 2 сағат, ересектер тобында 3 сағат вариативтік компонент берілген. Бөлінген вариатив бойынша сабақтар балалардың тілдерін үш тілде жетілдіруге бағытталған. Тереңдетіліп оқылатын тақырыпқа арналған вариатив сағаттарын топпен және жеке өткізуге болады. Бұл сабақтардың нәтижесін ашық немесе күнделікті сабақтарда көріп жүрміз. Балалардың білім көрсеткіштері бақылауға алынып, сол бойынша келесі жұмысты анықтаймыз. Балабақша жұмысына қоян-қолтық араласып, балаларының тәрбиесін жіті қадағалайтын ата-аналар мен шығармашыл ұжым бірлесіп жұмыс істесе, балғындарға үштілділікті ерте жастан меңгертуге болады.
Айнұр ДАНИЯРОВА,
“Балауса” балабақшасының
аға тәрбиешісі.
Петропавл қаласы.