«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Жанболат Бақанов “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ы облыстық ақпараттық технологиялар орталығының мамандарымен кездесті. Астаналық мейман Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының негізгі бағыттарын баяндап берді.

Жанболат Галитдинұлының бұл орталыққа келуі тегін емес. Электронды деректерді өңдеуге арналған мекеменің мамандары өңірімізде бағдарламалық-ақпараттық кешеннің үзіліссіз жұмыс істеуін, жабдықтарға залал келтірілмеуін және мәліметтерді рұқсатсыз пайдалану мен иемденуден қорғалуын қамтамасыз етеді.

Президент Жолдауындағы басымдықтарға тоқталған Жанболат Бақанов “Цифрлық Қазақстан” жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысының “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауы – өзінің мазмұны жағынан бірегей құжат. Жылдың басты құжатында Елбасы технологиялық жаңғыртуды жеделдету мен цифрлық технологияның тұтас индустриясын қалыптастыруды міндеттеп, Үкіметке “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жасауды тапсырды. Яғни, цифрлық технологияны қолдану арқылы елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтауда, білім беруде қолдануды және басқа да перспективалы салаларды дамыту қажеттігін айтқан болатын. Біздің ендігі мақсатымыз – осы жоғары технологияны бүкіл еліміздің және әрбір қазақстандықтың игілігіне айналдыру, – деді Жанболат Галитдинұлы.

Жылдың басты құжатында экономиканы жеделдетілген түрде технологиялық жаңғырту қажеттілігі айтылған. Бұл өз кезегінде жаңа салалардың дамуына, сандық технологияның кеңінен қолданылуына септігін тигізбек. Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке “ЭКСПО – 2017” көрмесі нысандарының бірін тың жобалар үшін халықаралық технопаркке айналдыруды, Назарбаев Университеті мен “Алатау” IT-қалашығы негіздерінде ғылыми инновацияны дамытуды, 2025 жылға дейін дамудың “Ұлттық технологиялық бастама” стратегиялық жоспарын дайындауды тапсырған.

Бүгінде Қазақстан цифрлық технология бойынша тұтынушы елдер қатарында. Осыған орай, республика аумағында ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, алдағы екі жылда ел ішіндегі мыңнан аса ауыл интернетке қосылатын болады, оларда шамамен 2 млн. халық тұрады. Ал 2025 жылға дейін 4G стандарттарына сай ғаламтор барлық өңірлерде қолжетімді болады деп күтілуде. Сондай-ақ, “Цифрлық Қазақстан” жобасы аясында алдағы үш жылда халықтың сандық сауаты 80 пайызға артпақ. Сонымен қатар креативті қоғам құру, яғни кәсіби шебер мамандар даярлау жоспары жасалған.

Шараға қатысушылар жаңа бағдарламаның басым бағыттарын жүзеге асыруға ұйымшылдық қажет деген ортақ пікірге келді.

* * *

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов та екікүндік сапармен Қызылжар өңіріне табан тіреп, осы комитетке бағынышты мекемелердің ұжымымен кездесті.

Президент Жолдауындағы басымдықтарға тоқталған Сайранбек Солтанбекұлы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Оның айтуынша, елімізде жол мәселесінің мықтап қолға алынған кезеңі, яғни мемлекеттік қордан мақсатты қаржының бөлінуі 2000 жылдан басталады. Содан бері ел аумағының әр бағытына тармақталған жолдарды қалпына келтіру жұмыстарының оң нәтижесі байқалады. Мәселен, 2006 жылы Астана – Щучье жолы қолданысқа берілді. Ұзындығы 2700 километр болатын “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” тасжолы биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін толық аяқталмақ. Ресей мен Қытайды жалғастыратын бұл жолдың біздің елдің экономикасына тигізер пайдасы зор болмақ. Жолдарды жақсарту нәтижесінде елімізде жол апаты азайған. Республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы қауіпсіздік ережелеріне сай жүргізілгендіктен, былтыр оның алдындағы жылға қарағанда жол үстіндегі өлім біршама кеміген. Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік апаты 30 пайызға қысқарды.

– Республикалық маңызы бар жол тармақтарымен жүретін көлік көп. Ендеше, олар тез тозады. Белгілі бір уақытта ол жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұру керек. Ақылы жолдардан жиналған қаржы соған бағытталады, – деді Сайранбек Бармақов. Биыл республика бойынша 500 километр жол ақылы болса, 2020 жылға дейін ол көрсеткіш жеті мың километрге дейін жеткізілмек. Теріскейде жатқан біздің өңірде Ресей еліне өтетін жол келесі жылдан бастап ақылы қызмет көрсетіп, өзін-өзі қаржыландыратын болады. Сондай-ақ, жолдардың бойындағы жанар-жағармай құю станцияларындағы қызметті де жандандыра түсу қажет. Былтыр өңір аумағында су тасқынынан қираған жолдарды қалпына келтіру үшін республикалық бюджет жеткілікті қаржы бөлген. Петропавл – Соколовка бағыты биыл күрделі жөндеуден өтеді.

Комитеттің осы жылға жоспарлаған жұмысы да аз емес. Өскемен – Талдықорған, Қарағанды – Қызылорда, Ақтөбе – Атырау бағыттары мен Балқаштан тарайтын жолдарды қалпына келтіру қолға алынады. Қазақстанның жол құрылысы саласы қажетті материалдың барлығын отандық тауар өндірушілерден сатып алуда.

Сайранбек Бармақов журналистерге берген сұхбатында ауылдар арасындағы жол мәселесі Үкіметтің назарында екендігін жеткізді. Мұндай жолдарды қалпына келтіру үшін республикалық бюджет қаржыландыруды жылдан-жылға ұлғайтып келді. Биыл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп қаржы бөлінген. “Қазақавтожол” РМК арқылы солтүстікқазақстандық жол кәсіпорындары 11 жаңа техникаға қол жеткізген. Өңіріміздегі республикалық маңызы бар 1468 километр жолды жөндеу мен қадағалау үшін 70 бірлік техника сайланған.

Қанат АТАМАНОВ,

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp