«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ БӘЙТЕРЕК

Петропавл қаласындағы №7 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша онкүндік аясында Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің және Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.

Алдымен “Қазақтың үш бәйтерегі” атауымен өткен мәнерлеп оқу сайысында ақиық ақындардың шығармалары мен оларға арналған өлеңдер оқылды. Сайысқа 6-9 сынып оқушылары қатысты. Үздіктер анықталып, марапатталды.
Ал жоғары сынып оқушылары “Фариза Оңғарсынованың жыр әлемі” тақырыбындағы поэзия кешіне қатысып, биік сезім ақынының өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар 5,7-сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен “Ғаламдық экология мәселелері”, “Қызыл кітап” тақырыптарында ашық сабақтар өткізілді. Мұғалімдердің үлкен ізденіспен, баланың жүрегіне әсер ететіндей етіп әзірлеп, қазіргі заманға сай технологияларды пайдаланған сабақтарға оқушылар белсене қатысып, әр тақырып бойынша өз пікірлерін білдірді.
Білім ордасында әрбір адамға ана сүтімен бірге сіңіп, қалыптасатын тіл мәселесіне де әрқашан ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылар осы жолы “Өз тіліңді құрметте!” тақырыбында сынып сағатына қатысып, “Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ” викториналық сұрақтарға жауап берді. Өзекті мәселелер мен маңызды ақпараттарға толы болған апталық оқушылардың дүниетанымы мен танымдық қабілеттерін дамытуға зор үлес қосқаны сөзсіз.
Сондай-ақ, оқушылар мен мектеп ұжымы “Әбіш Кекілбаев – ұлы тұлға”, “Үш бәйтерек, үш діңгек” атты көрмелерді тамашалады.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp