“Браконьер” жедел-алдын алу шарасы барысында Шал ақын ауданында заңсыз аңшылық дерегі тіркелді. Рейд нәтижесінде Сергеевка қаласындағы тұрғын үйлердің бірінен заңсыз атылған үш еліктің еті табылды. Табиғат қорғау полициясы инспекторы Ғали Смағұлов, Сергеевка орман шаруашылығының директоры Ерлан Көшкінбаев пен аңшы Жанболат Үмітбаев маңайдағы ормандарды тексерді. Көрші ауданда рейдте жүрген облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Асхат Қожабаев пен Иван Гугняк жол талғамайтын көліктермен оларға көмекке келді. Еңбек еш кеткен жоқ. Көктерек ауылының маңында еліктердің атылған жері табылды. “Жезқазған-Петропавл” тас жолының бойында олардың терісі жатыр екен.
Заңсыз саятшылық құрды деген күдікпен Сергеевка қаласының 1988 жылы туған тұрғыны тұтқындалды. Аудан орталығындағы бірнеше үйден тәртіп сақшылары еліктің етін, “Yamaha” жол талғамайтын көлігін, “ВАЗ-21213” автомобилін, аңшы қаруын және басқа ба заттарды тәркіледі.
Қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, заңсыз аңшылық үшін жауапкершілік күрт қатаңдатылды. Айыппұл 160-тан 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Қоғамдық жұмыс уақыты бұрынғыдай 200 сағат емес, 800 сағат. Бұрын заңсыз аңшылық жасағандар 50 тәулікке ғана қамалатын, енді 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
“Браконьер” шарасы барысында өңір полицейлері заңсыз аңшылықтың үш дерегін анықтады. Аңшы қаруын заңсыз сақтағаны және ағаштарды заңсыз кескені үшін 6 әкімшілік іс сотқа жіберілді. Табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 185 фактісі анықталды. Операция ақпанның 5-іне дейін жалғасады.