
Кез келген жұмыстың нәтижесі ұжымдағы ауызбіршілікке байланысты, яғни, әріптестердің өзара жақсы қарым-қатынаста болуы жеке адамдардың жұмысына оң әсер етіп, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, оң имиджін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтауын қамтамасыз етуде әдеп жөніндегі уәкілдің атқаратын рөлі ауқымды. Олар қызметтік әдеп талаптарының сақталуын қадағалап, мемлекеттік қызметшілердің “бармақ басты, көз қыстылық” әрекеттерінің алдын алып, жауапкершілікті арттыру бағытында жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілер мен жеке тұлғалар мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда оның шешімін табу үшін әдеп жөніндегі уәкілге жүгініп, кеңес ала алады.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті облыстық департаментінде әдеп жөніндегі уәкіл қызметі басшының орынбасарына жүктелген. Өткен жылы ведомстводағы моральдық-психологиялық климатқа мониторинг жүргізу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Ең алдымен, жасырын сауалнаманың маңызы зор екенін айтқан жөн. Оның нәтижесінде Әдеп кодексі талаптарын бұзу фактілері мен мүдде қақтығыстары орын алмағаны белгілі болды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге тәртіп талаптарын түсіндіруге бағытталған дәрістер мен семинарлардың да пайдасы тиді. Бұл шаралар түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, жұмыс барысында, демалыс уақытында және әлеуметтік желі арқылы жиі ұйымдастырылады. Белгіленген кестеге сәйкес әр ай сайын өткізілетін құқықтық оқыту барысында Еңбек кодексінің, “Мемлекеттік қызмет туралы” және “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңдардың талаптары түсіндірілді. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желі парақшаларына мониторинг жүргізу де бір ізге қойылған. Әсіресе, олардың көңіл көтеруі, шетелде демалуы, аң аулау, алкогольді ішімдік сатылатын орындарда түсірілген фото және бейнежазбаларына баса назар аударылады. Мұндай фактілер орын алған жағдайда мемлекеттік қызметшіге жеке парақшасынан өшіру қажеттігі түсіндіріліп, орындамаса, тәртіптік жаза қарастырылатыны жөнінде ескертіледі. Айта кетерлік бір жайт, аталған департаментте мұндай ереже бұзушылықтар анықталған жоқ.
Сонымен қатар ведомство қызметкерлері облыс орталығындағы мұражайлар мен көрмелерге барып, спорттық шараларға қатысуды да дәстүрге айналдырған. Мәселен, өткен жылы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсиялар ұйымдастырылды.
Оның үстіне, департамент мамандары балалар үйлеріне, тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарға қайырымдылық көрсетуді қолға алды. Әлем жұртын дүрліктіріп отырған коронавирус індеті кезінде жапа шеккендерге қолдау көрсету мақсатын көздейтін “Birgemiz” акциясына да белсенді қатысқанымызды айта кеткен жөн. Қызметкерлеріміз қайырымдылық шараларына ерікті түрде үлес қосуда.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырып, кез келген ұйымның жұмысын жетілдіру ұжымдағы ахуалға тікелей байланысты. Ал бұл мақсатқа жету үшін жоғарыда көрсетілген қосымша жұмыстар мен шаралардың маңызы зор. Осы бағыттағы істер алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жүзеге асырылмақ.
Ерлан МҰСТАФИН,
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы.