Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетін жергілікті жұртшылықтың “қазақ баспасөзінің қарашаңырағы” деп бағалауы тектен-тек емес. Өйткені, ғасырлық жолдан үлкен абыроймен өтіп, қай кезеңде де өз оқырмандарына көркем ой мен көсемсөздің мәйегін ұсынып келе жатқан газеттің іргесін Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов сияқты Алаштың арда ұлдары қалап, әрбір уығын қазақтың бостандығы үшін бастарын бәйгеге тіккен небір майталман тұлғалар шаншыған. Осылайша, басылымды мызғымастай берік, үлкен шаңыраққа айналдыра білді.
Бүгінде жаңа ғасырдың беттерін парақтап отырған газет таралымының күрт төмендеп кеткенін аңғарып отырмыз. Бұл жағдай “бір терінің пұшпағын илеп жүрген”, мақсаты мен мүддесі бір біздің де қабырғамызға батады. Неге десеңіз, өзім басқарып отырған телеарнаның да, газеттің де көздегені түптеп келгенде бір: тәуелсіз еліміздің еңсесінің биік, керегесінің кең болуы жолында жан аямай қызмет ету, ұлттық дауысымыздың жарқын шығуына септесу. Осы ретте, әсіресе, газет сөзінің жас ұрпақ үшін қымбат қазынаға, тасқа басылған тарихқа айналатынын ұмытпауымыз керек.
Жуырда “Soltústik Qazaqstan” – meniń súıikti gazetim!” атты челлендждің қолға алынғанын естідім. Газеттің шын жанашыры ретінде бұл шарадан шет қала алмадым. Ұжым болып облыстық “Soltústik Qazaqstan”, қалалық “Qyzyljar nury” газеттеріне жазылдық. Және осы бастаманы еліміздің, ана тіліміздің, жеріміздің болашағына бейжай қарай алмайтын, өзінің бақытын елдің ертеңімен байланыстыратын әр адам қолдайды деген пікірдемін. Осы челленджді «Виктория» сақтандыру қоры» АҚ Петропавл филиалының директоры, облыстық Әйелдер күші альянсы төрайымы, қалалық қоғамдық кеңес төрайымы Бақытжан Сәмиеваға жолдап, ол басқарып отырған ұжымның да өңіріміздің айнасына баланатын облыстық газетке бір кісідей жазылатынына сенім білдіремін.
Ерлан ТОҚШЫЛЫҚ,
“Qyzyljar” телеарнасының директоры.