«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛДАРДЫҢ ШАШ БОЯП, СЫРҒА САЛУЫ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ

Жақында халықты жаңалықтармен, маңызды ақпараттармен қамтамасыз етіп отырған интернет-порталдардың бірінде: “Q-popты тек бір бағыт деп қана қарауға болмайды. Мысалы, рухани жаңғырудың бір түрі – осы Q-pop – адамның ішкі жан дүниесі. Ал біз адам жанында әбден тап-тауырын болған дүниелермен күресеміз. Адамның ішкі жан дүниесін байыту, ой-өрісін кеңейту, адамның жүрек түкпірінде арман отын лаулатып, оның мақсатқа айналуына, жүзеге асуына себепші боламыз”, – деген мәтінді оқығанда, не ойларымды білмедім.

 

Бұрындары эмо, гот деген субмәдениет өкілдерін көргенде, қоғам таңырқай қарайтын. Қазір бұған көз үйренген. Қоғам енді “Q-pop”-тың қызығына малданып жүр. Облыс орталығындағы мектептердің бірінде оқитын немерем 8 наурыз мерекесіне орай сыныптағы қыздарға концерт әзірлейтіндерін, олар сүйіп тыңдайтын “Ninety One” тобының әнін орындайтындарын айтып келді. “Ән айтқанда тұрған не бар? Мектеп оқушыларының барлығы тыңдайды ғой”, – дерсің. Сорақысы – сынып жетекшісі соларға ұқсап киінуді міндеттеген. Балаларға мектепте осындай тәрбие берілсе, олардың колледж, жоғары оқу орнында қандай стильдерге таңдауы түсетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Жастарға тәрбие береді, ұлттық құндылықтарды, әдет-ғұрпымызды олардың бойына сіңіреді деп қоғам үлкен сенім артып отырған мұғалімнің бұл әрекетін түсінбей далмын.

Елімізде кәріс телехикаялары бұрын да жиі көрсетілетін. Бірақ дәл бүгінгідей шашын өсіріп, түрлі түске бояп, қыз сияқты сызылып жүргендерді кездестірмейтін едік. Бұл субмәдениет келгелі, қоғам екіге бөлінгені рас. Бірі даттаса, екіншілері мақтайды. Тіпті, күнделікті өмірде, көшеде, қоғамдық көліктерде, басқа да орындарда шашын бояп, денесіне сурет салғызып, құлақтарына сырға таққан жігіттерді жиі кездестіретін болдық. Яғни, бұл бастапқыдағыдай музыканың жанры ғана емес, жастардың стиліне айналғандай. Көбіне “Ninety One”, “Renzo”, “Black Dial”, “Moonlight” сияқты топтардың әндерін сүйіп тыңдайтын жастар бұл стильге бет бұруда.

 

Өткен жылы “Qazaqstan” ұлттық арнасында “Q-pop idols” (Qazaq pop idols) реалити-шоуы көрсетілді. Бұл шоу заманауи музыка арқылы жастар арасында қазақ тілін насихаттауға бағытталғанмыс. Музыкалық телебайқау форматында өткен жобаның жетекшісі, танымал продюсер әрі музыкант Ерболат Беделханның айтуынша, бұл жанрды Корея мемлекетінен сатып алып, елімізге енгізіпті. Ұлттық арнамыз осындай дүниені насихаттап жатса, басқаларына не айтамыз?

 

“Ninety One” тобы жаңадан шыққан кезде барлығы, соның ішінде жастар да қарсы шығып, қазақылыққа жат екенін айтқан болатын. Кейін топ жайлы кино түсіріліп, олардың танымалдылығы, керісінше, арта түскен сияқты. Артынан осындай стильді ұстанатын топтар құмырсқаша қаптап, қатарлары күн артқан сайын көбеюде. Бұл бассыздыққа қашан тоқтау салынар екен?

 

 

Шынар ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА, зейнеткер.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp