«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ҰЛЫҚТАУ – ПАРЫЗЫМ

Өзінің ғұмырын уақыттың ағысымен таразылайтын аталарымыз “Ескі жылым, есірке, Жаңа жылым, жарылқа!” – деп жыл – он екі айды айрықша қадір тұтқан. Өткенге өкпе айтпай, жаңадан үміттенетін осы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрден біз де айнымай келеміз. Босағадан аттап, төрге озған Жаңа жылға “Қайырлы болғай!” деген тілекті әркім іштей арнайтыны анық.

Мен де осы сезім үстіндемін. Жаңа жыл келді. Ол өткен жылдың жалғасы іспетті. Өзім еліммен бірге қуанып, Қазақстанның жетістіктерін ерекше құрмет тұтамын. Көптеген белестер алынды. Елбасымыздың кемеңгерлігінің, болашақты болжай білетін көрегендігінің арқасында Қазақстан Республикасы қарыштап даму үстінде. Президентіміз алдымызға Мәңгілік Ел идеясын ұсынды, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіруге ұмтылудамыз. Бұл үшін еліміздің әр азаматы өзінің атқарып жүрген ісінде үнемі алға озуды ойластыруы керек.

Мен 2015 жылы алпыс жасқа толамын. Осы ғұмырымның қырық жылдайын спортқа, соның ішінде күреске арнап келеді екенмін. 1973-1977 жылдар аралығында Петропавл педагогика институтының дене шынықтыру факультетінде оқып, білім алғаннан бері күреспен шұғылдандым. 2012 жылы еркін күрес бойынша аға жаттықтырушы болдым. Бұл ұзақ жылдар бойы Қызылжар ауданындағы Новокаменка ауылында оқушыларды күреске баулуымның арқасы деп білемін.

2014 жыл мен үшін жемісті болды. Біздің облыстың мен баптаған жас балуандары тұңғыш рет еркін күрестен оқушылардың республикалық спартакиадасында командалық үшінші орынға қол жеткізді.

Бұдан соң Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында еркін күрестен ауыл спортшыларының республикалық ойындары өтіп, мен дайындаған балуандар тағы да үшінші орынды олжалады.

Былтыр менің төрт ұл және екі қыз шәкіртім Ресейдің Красноярск қаласындағы спорт академиясының еркін күрес бөлімшесіне тегін оқуға түсті.

2014 жылдың соңына таман мен облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры қызметіне тағайындалдым. Бұл аса жауапты міндет деп білемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық спортты, соның ішінде қазақ күресін, еліміздің беткеұстарына айналдыруды тапсырды. Қазір қазақ күресі осындай көңіл бөлудің арқасында әлемге танылды. Аса мықты балуандарымыз бар. Солардың қатарында біздің өңіріміздің өкілдері де болуға тиіс. Ол үшін “Қазақстан барысына” ойдағыдай қатысып, топ жаруға ұмтылуымыз керек. Мен биыл да, одан кейінгі жылдарда да ұлттық спортымызды дамытуды, шебер спортшыларды шыңдауды зор мақсатым деп білемін және осыған жетісу үшін барлық білімімді, күш-жігерімді жұмсаймын.

Смағұл АМАНОВ,

облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp