«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күн есімізде мәңгілік жүретін, жадымыздан еш өшпейтін ұлы сәт, қуаныш шағы десем, артық емес. Бұл тұсалған қадам, байланған қанат босаған салтанат емес пе?! Ой еркіндігіне, сөз бостандығына, тіпті, өнер тәуелсіздігіне жол ашылғанын ұқтырса керек. Ал, шындығын айтайық, осы күннің арқасында кеңес ұғымы тұсаулаған тоқырау жылдары ұлттық салт-дәстүрлерімізге, ділімізден ысырылып тасталған әдет-ғұрыптарымызға қайта оралдық.

Ұлттық өнер үшін де бұл күн сонысымен ардақты.  

Ашығын айтайық, жастарымыз түгіл, жасамыстардың өзі ежелден етене, ұлт атанғалы ірге қалап, бірақ санамыздан өшіп кеткен көптеген ұлттық салтанаттарымызды білмеді ғой. Тәуелсіздік рухы санамызды сейілткенде тарих тозаңына көміліп қалған ақындар айтысы, Наурыз той сияқты мерекелердің халықтық сипаты белең алды.

Өңірімізде ақындар айтысы Петропавлда ғана емес, сонымен қатар аудан орталықтарында өткізіле бастағаны қуанарлық жай. Алғашқы айтыстар шағын бұлақтай ғана болса, кейінгі жылдары оның арнасы толысып, бүкіл елімізде бірде-бір толайым салтанат мұнсыз өтпейтін болды. Бұған халықтың көзі әбден үйренді.

Кейінгі жылдары әр ауданда айтыстар сахнаның сәніне айналды. Соның арқасында бірқатар жас айтыскерлер шыңдалып шықты. Осылардың ішінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жыр-сайыстар қатарынан бірнеше жылдар бойы өткізіліп келеді. Осы бастаманы өңіріміздегі басқа аудандар да қолдай бастады, атап айтсақ, Шал ақын, Есіл, Уәлиханов аудандарының ақындары көзге түсіп жүр.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы халық әндері мен халық композиторларының киелі мұрасын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын “Ән бесігім – туған жер”, “Сағындырған әндер-ай”, өңірімізден шыққан сазгерлер мен ақындардың сөзіне жазылған әндердің “Жұмағы жердің – Қызылжар”, қазақ вальсінің королі атанған Ш. Қалдаяқов атындағы “Менің Қазақстаным” атты облыстық әншілер байқауларын өткізіп отырады.

Еліміз Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын кең көлемде атап өтті. 2015 жылғы 9-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында атаулы оқиғаға орай көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы салтанаттардан біздің өңіріміздің өнер иелері де сырт қалмай, елордалықтарға тарту жасады. Жұртшылықтың назарына торқалы той, айтулы мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақтың мемлекеттілігінің тарихы, халқының тұрмысы жайлы қойылым қазақ және орыс театрлары актерлерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Этноауылда бой көтерген өңіріміздің киіз үйі де өзіндік ерекшелігімен көзге түсті.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында аудан орталықтарында “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер” атты ардагерлер көркемөнерпаз шығармашылығының облыстық байқау-фестивалі өткізілді. Ең жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздік шыққан Мамлют, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау аудандарының өкілдері Астана қаласында өткен байқау-фестивальдың республикалық кезеңінің Галаконцертіне қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

2015 жылы 18 ақпанда Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында ардагерлер, жастар, әскери қызметшілер, этномәдениет орталықтарының қатысуымен “Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс” республикалық эстафетасының символы – Тайқазанды табыс ету мерекелік салтанаты өтті.

Аталған салтанатта облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сейсенбай Жетпісбаевқа “20 игі іс” республикалық эстафетасының символы – Тайқазанды табыс етті.

Елімізде ту тігіп, қалыптасқан татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған халықтар достығының арқасында Петропавл қалалық шығармашылық ұжымдары сахнада әр тілде ән шырқап, би билеп, мерекені көркейте түсті.

Өнеріміздің өрлеуіне, соның ішінде халық шығармашылығының өркендеуіне тәуелсіздік тудырған ризықты мақтан етеміз. Рухани байлық өнер арқылы бойға ұялайтыны ақиқат. Сондықтан біздің өңіріміздің барша өнерпаздары тәуелсіздікті зор тарту деп бағалайды. Олар өңіріміздің жер-жерінде бұл күнді жұртшылыққа арнаған өнер тартуымен ардақтай түседі.

Жанболат МҰҚАНОВ,

облыстық халық шығармашылығы

және мәдени-демалыс қызмет көрсету

 орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp