«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРҒАН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

 

Жер бетіндегі шығыс халықтарының, барша мұсылман қауымының аса қадірлі де қасиетті, дәстүрлі мерекесі әз-Наурыз – адам баласының бір-біріне деген сүйіспеншілігін, адамгер­шілігін, мейір­бандылығын арттыратын, ата-баба салтын жаңғыртатын, ұлтаралық бейбітшілік пен татулықты нығайтатын ұлық мейрам. Адамзат баласына ортақ күн мен түннің теңеліп, табиғаттың қайта түлеген шағы – шуақты да шырайлы көктемін ала келетін Ұлыстың ұлы күнін Қызылжар өңірінің жұртшылығы да сән-салтанатпен, той-думанмен қарсы алып, ерекше көңіл-күймен атап өтті. Бұл күні Петропавлдағы Орталық алаңға жиналып, мерекеге орай ұйымдастырылған әртүрлі іс-шараларды тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы жылдағыдан да қалың болды.

Орталық алаңда 11 киіз үйден тұратын этноауыл орналасып, олардың қатысуымен “Наурыз – көктем шуағы” деген концерттік, ойын-сауық және балаларға арналған “Салтымызды сақтайық!” танымдық бағдарламалары көрсетілді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының өнерпаздары сахналаған “Наурыз – достық пен бірліктің мерекесі” атты театрландырылған қойылым барысында актерлер халқымыздың көненің көзіндей болған салт-дәстүрлерін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады. Жақсылықтың жаршысындай Қыдыр баба Тәуелсіз еліміздің тізгінін ширек ғасырдан артық мығым ұстап, асқар биіктерге бастаған Елбасымызға амандық-саулық, сәттілік, Қазақстан халқына бейбітшілік, ырыс-ынтымақ, молшылық тіледі. “Қыдыр дарымай, бақ қонбайды” демей ме? “Түрі басқа болғанмен тілегі бір” жұртшылық Қыдыр бабаның ақ тілегіне алақандарын жайды.

Ұлыстың ұлы күнін көпшілікпен бірге қарсы алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов солтүстікқазақстандықтарды көктемнің рухани жаңару мерекесімен құттықтап, әз-Наурыздың діни және этникалық белгілеріне қарамастан, барлық қазақстандықтардың ортақ мейрамына айналғанын атап өтті.

– Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы бейбітшілік пен келісім. Тәуелсіз елімізбен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпэтносты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың негізі болды. “Наурыздың тарихы – біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы. Біз көне тарихымыздан күш-қуат алып, Тәуелсіздік туралы өз арманымызды жүзеге асыра алдық”, – деген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөздерінің өзі әз-Наурыздың өзге мерекелерден ерекшелігін, маңыздылығын танытып тұрғандай. Наурыз – тазалықтың, татулықтың, бірлік пен ынтымақтың мерекесі. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Жер-Анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп бағалаған”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысының құттықтауынан кейін сахнаға өңірдің он үш ауданының және Петропавл қаласының танымал өнерпаздары көтеріліп, әсем ән мен тәтті күйден шашу шашты. Күн мен түннің теңеліп, адамзаттың аузын аққа тигізіп, мәре-сәре қылған Наурыз мерекесінің көркем айшықтарын танытатын кейіпкерлер қойылымдар арқылы көрсетілді.

Ал облыс әкімі бастаған топ Мағжан Жұмабаев көшесін жағалай тігілген киіз үйлерге бас сұқты. Қаз-қатар тігілген ақ шағаладай киіз үйлердің іші-сырты көздің жауын алардай бірінен-бірі өткен әдемі, сәнді әрі жинақы. Өңіріміздің барлық аудандарының және “Мұнаймаш” акционерлік қоғамы мен облыстық ішкі істер департаментінің атынан қатысқан ақшаңқан киіз үйлер зергерлердің темірден түйген туындыларындай әдемі безендіріліп, бай жабдықталыпты. Киіз үйлердің ішінен халқымыздың мұрасы – ұлттық салт-жоралғыларына сәйкес қойылған көне дәуірдегі көптеген ескі заттарды да кездестірдік. Меймандарға арнайы әзірленген қазақтың наурызкөже, ет, қымыз, шұбат, қымыран сынды ұлттық тағамдары мен сусындары да тіл үйірердей дәмді. Мерекенің көркі мен сәнін аша түскен ақшаңқан киіз үйлерге біз де ат басын бұрып, өнерпаздар ұсынған ауылдың алты ауызын тамашалап, дәмнен ауыз тидік. Мәселен, Қызылжар ауданынан келген өнерпаздар қазақтың “Сырға салу” дәстүрі негізінде шағын сахналық көрініс көрсетіп, кең жайылған дастарқан ұсынды. Мамлют ауданының өнерпаздары меймандарды “Қара жорға” биін билеп қарсы алды. Біз бас сұғып, өнерлерін тамашалаған он бес киіз үй иелерінің Наурызға ерекше дайындықпен қатысып отырғандарын аңғардық. Халқымыздың ұлттық келбетін, бай мұрасын, мол қазынасын көрсететін дәстүрлердің, ырым-тыйымдардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын сонылығымен ерекшеленді.

– Мұның бәрі ата-баба дәстүріне адалдықты танытып тұр және бізге қалған мұраға мұрагер бола алғандығымыздың көрінісі, білектің күшімен, найзаның ұшымен басымызға бақ болып қонған еңселі егемендіктің, тұғырлы тәуелсіздіктің арқасы, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Бұл күні сауда орындарында ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тағамдары арзан бағамен саудаланды. Декоративті-қолданбалы өнер туындыларын сатып алушылар қатары да қалың болды. Әсіресе, қала мектептері оқушыларының ағаштан жасаған бұйымдары әсемдігімен ерекшеленді. Қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар “Нептун” аквапаркі мен аттракциондарды тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Қазақтың ұлы даласында ерекше мереке ретінде сан ғасырлар бойы тойланып, атадан – балаға мирас болып келе жатқан әз-Наурыздың тарихы тереңде жатыр. Аңыз, әпсаналардағы тұлғаларды, атап айтсақ, Қыдыр бабаны, арғымаққа мінген батырларды, сақ жауынгер­лерін көріп, олардың тыныштықты ту еткен байтақ қазақ жеріне шуақ пен шаттық әкелгендері жайлы естіп, жадырадық.

“Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй, Көңілге түрлі ой салар әнді сүйсең менше сүй”, – деп Абай атамыз айтқандай, өне бойымызды шымыр еткізген ұлттық рух сарынындағы әсем әндердің әуеніне елтіп, бір-бірімен билей жөнелген адамдардың саны көп болды. Сахнада шырқалған әндердің тақырыптарының дені небір нәубет пен теперішті, қилы қиындықтарды басынан өткеріп, мойымаған халқымыздың ерлікке, өнегеге толы өмірі жайында болды. Жүзден астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырған жұртымыздың азат, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнге деген шүкірлігін байқағандай болдық. Бір-бірімен дөңгелене билеген өзге этнос өкілдерінің жүздерінен ортақ Отандары – Қазақстанға деген ыстық ықылас, ерекше сүйіспеншілік сезіліп тұрды. Өңіріміздің Дәмеш Құрманкина, Ғалымжан Нұрпейісов, Айбек Тұрғынов, Алтынбек Көшекбаев, Зәуреш Шаяхметова, Серік Құлшықов, Рахат Айғужин сынды және өзге де өнерпаздарының кең тынысты дауысы жиналғандарға шабыт беріп, мерекенің көркін қыздыра түсті.

Наурыз – береке-бірліктің, қайырымдылықтың, кешірімнің мейрамы. Бұл күні осы көркем қасиеттердің көбі көрініс бергендей болды. Мәселен, Достық үйі ғимараты алдында этномәдени бірлестіктер он бес метрлік “Достық” дастарқанын жайып, 10 қазан палау басып, 9 мың бауырсақ пісірді. Тағамдар тұрғындар мен қонақтарға тегін таратылды.

Тегін үлестірілген тағамнан дәм татып, қарындарына ел қондырған көңілі де, жүрегі де тоқ жұртшылық Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары ұйымдастырған “Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!” байқауын тамашалауға беттеді. Бұл байқау алтынның сынығындай ақ жаулықты енелерден тәлім алған инабатты келіндердің көркемсөзге шешендіктерін, іске шеберліктерін анықтады. Байқау бес кезең бойынша өткізілді. Оған өңірдің түрлі саласында қызмет атқарып жүрген сегіз келін қатысып, бар өнерлерін паш етті.

Халқымызда “Сәлем – сөздің анасы” деген қанатты сөз бар. Осы ұлағатты ұғымның астарына терең бойлаған жас келіндер өздерін, арман-мақсаттарын әнмен, қара сөзбен, кестелі жырмен таныстырып жатты. Екі дүниесі, үш жұрты, жеті қазынасы, бес парызы, төрт құбыласы бар қасиетті халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына байланысты қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берген облыс орталығындағы №9 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айгүл Қожабекова жеңімпаз атанды.

Бұлардан өзге, “Наурыз келді!”, “Көктемнің тамаша нақыштары” сияқты байқаулар ұлттық ойындар мен спорттық сайыстардан өткен іс-шаралардың барлығы мереке сәніне сән қосып, әз-Наурыздың мағынасын арттыра түсті.

* * *

Солтүстікқазақстандықтар биылғы Наурыз тойын ерекше жаңашылдықпен атап өтті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ұлыстың ұлы күнін Петропавл қаласының бірқатар аулаларында атап өтуге қатысты ұсыныс жасаған болатын. Қала тұрғындары бұл бастаманы қуана қолдап, отыздан астам көпқабатты тұрғын үйдің ауласында әз-Наурызға арналған мерекелік шаралар ұйымдастырды.

Өңір басшысының бұл бастамасы ұлттық мерекемізді насихаттап, әрбір аулада, әр отбасы мен шаңырақта Наурыз тойлануы тиіс деген мақсатты көздеді. Әр аула тұрғындары мерекеге өздерінше дайындалыпты. 19-шы ықшамаудандағы Ніл Болатбаев көшесінің тұрғындары бұл күні мерекеге орай өз қолдарымен дәмді тағамдар пісірді. Жайылған ақ дастарқанға наурызкөжеден бастап палау, бауырсақ және тағы басқа ыстық тағамдар қойылды.

Өңір басшысы Құмар Іргебайұлы тұрғындардың қуанышына ортақтасып, жылы лебізін білдірді. Оларды мерекемен құттықтап, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

– Адамдар әрқашан осылай мереке күндері бірге жиналулары керек. Орталық алаңға баруға барлығының мүмкіндігі бола бермейді. Наурыз мейрамы – жаңашылдықтың бастауы. Сондықтан бұл күні бір-бірімізбен тек жақсылықпен бөлісіп, кешіріммен қарап, болашағымызға қатысты жаңа жоспарлар құрамыз. Биыл тұрғын үй және жол құрылысы жұмыстарының көлемі артады. Абаттандыру шараларымен айналысамыз. Осы мақсатқа қалаға қосымша қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз. Сіздер мен біздер бірлесіп жұмыс жасасақ, үлкен жетістіктерге жете аламыз, – деген өңір басшысы тұрғындардың өтініш-тілектері болса, тыңдауға әзір екендігін білдірді. Олардың өтінішін ескеріп, облыс әкімі балаларға арналған ойын алаңын салуға уәде берді.

Бұл күні Қызылжардың өзге де аулалары шығыстың Жаңа жылын жоғары деңгейде өткізіп, өнерпаздар әннен шашу шашты, әдет-ғұрыптарымыз әспеттелді. Өңір басшысы Құмар Іргебайұлының бастауымен жүзеге асырылған бұл мерекелік шаралар еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жүздеріне қуаныш ұялатқанына сеніміміз мол.

* * *

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған шаралардың ішінен спорттық додаларды ерекше атап өтуге болады. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстар жиналғандардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Мағжан Жұмабаев көшесінің бойына жайылған боз кілемде қазақша күрес шеберлері белдесті. Барлық қарсыластарының жауырындарын жер иіскеткен Дулат Алпысов “түйе балуан” атанса, он сегізге толмаған жасөспірімдер арасында мұндай атаққа Бекжігіт Тастанбек ие болды. Жеңімпаздарға сыйлық ретінде бір-бір семіз қойдан берілді.

Қай заманда да қазақтың той-томалағы батырлардың сайысынсыз өтпеген ғой. Тайынша немесе тай көтергендер туралы тарихтан білеміз. Атан түйені арқалап әкеткендер болғаны жайлы да айтылады. Батырлық дәстүрді жалғастыру мақсатында Петропавл қаласында осыған ұқсас сайыс ұйымдастырылды.

– Батырлар туралы кітаптарды оқи отырып, қазақтың тойларында тай көтергендер болғаны туралы білдім. Білекті жігіттер әлі де баршылық қой. Сондықтан осы сайысты Наурыз мерекесіне орайластыра өткізуді ұйғардық. Жұрттың бәрі мүмкіндіктерін байқап көрсін деген оймен қойды көтерткіздік. Халық сайысты ерекше қызығушылықпен тамашалады, демек, келер жылдары тай тіксек те болады, – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры Руслан Арықов.

Жарыс шарты бойынша кез келген адам салмағы шамамен 40 килограмм тартатын семіз қойды көтеріп алып, отырып-тұруы керек. Негізгі күш бел мен аяққа түсетін бұл сынға шыдамай, сүрінгендер көп болды. Дегенмен, араларынан нағыз батырлар та табылып жатты. Мысалы, Петропавлдағы Әскери институттың 4-курс курсанты Нұрсұлтан Құлжабай қойды бір жарым сағат ішінде 1610 рет көтерді.

– Өзім Шығыс Қазақстан облысының Аягөзіненмін. Ауылда қойдың арасында өстік қой. Иыққа салып алып жүре беретінбіз. Сондықтан бұл байқау маған аса ауыр тиген жоқ. Салмақ белге түседі екен. Жалпы физикалық дайындық сыналды десе де болады. Мен бұдан да көп көтерер едім, ешкім менен асыра алмасын білген төрешілер “тоқта” деген белгі берді. Сосын тоқтадым, – дейді “қой көтеру” жарысының жеңімпазы Нұрсұлтан Құлжабай.

Жарыс шарты бойынша жеңімпаз сыйлық ретінде өзі көтерген қойды алды. “Қой көтеру” сайысы 22 наурыз күні де жалғасын тапты. Бұл жолы 800 рет көтерген Қалмырза Бексанат жеңімпаз атанды. Ол да Әскери институттың курсанты. Жиналғандар жігіттердің қайсарлығына таңғалды, себебі, қойды көтермей-ақ 1610 рет отырып-тұрудың өзі екінің бірінің қолынан келмейтін іс.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

Нұргүл ОҚАШЕВА,

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”

Суреттерді түсіргендер

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp