Әрбір елдің, халықтың қайта түлеуіне, жаңғыру кезеңіне себепкер тарихи ұлы тұлғалар болғанын білемін. Олардың бірі тарихтан өшіп кетудің алдында тұрған халқын қайта түлетсе, екіншісі отаршылар езгісінде тапталған қалың бұқараның еңсесін көтерді.
Біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев – сондай тұлға. Маған осындай ұлт бақыты үшін туған азаматтың қайраткерлігі, сезімталдығы, көрегендігі, нені қолға алса да жүз ойланып, мың толғанып шешім жасайтын қасиеті ұнайды. Бүгінгі күнге дейінгі дамудың даңғыл жолына түскен халқымыз ел өміріндегі бар жақсылықты, әр саладағы сәтті қадамдарды Елбасының есімімен тікелей байланыстырады. Бұл – шындық.
Тұңғыш Президент қазақ елін халықаралық аренада дамыған мемлекеттермен иық тіресе алатындай дәрежеге жеткізді. Біріншіден, Қазақстан Республикасының елордасын Алматыдан Астанаға көшіруінің астарында нағыз саяси көрегендік жатыр. Астананы көшіру – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Елбасының табандылығы мен көрегенділігіне таңдай қаққаннан басқа шара жоқ. Екіншіден, қаншама қазақ солақай саясаттың салдарынан шетелдерге көшіп кетті. Сол қазақтарды өз Отандарына шақырды. Үшіншіден, Қазақстан экономикасы өрісті, демократиялы ел болды. Төртіншіден, еліміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы қабылданды. Қазақстанның білім, мәдениет, ғылым, спорт, саясат, әлеумет, экономика салаларын қай жағынан болмасын дамыту көзделіп, басты жолға қойылды.
Жалпы, Тұңғыш Президентіміз – қазақ ұлтына және мемлекетімізге байланысты қандай мәселені болсын, соңына дейін шешуге талпынатын табанды саясаткер. Оның жуырда жарық көрген “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы осы тұжырымымызға айқын дәлел болмақ. Мазмұны терең, ғылыми негізделген тағылымды мақалада ұлт тарихының бастаулары жан-жақты көрсетілген. Осындай өтпелі кезеңде маңдайына Нұрсұлтан Назарбаевтай нар тұлға бұйырғанын Қазақстан халқы мақтан тұтуы керек.
Нұрсұлтан Назарбаев – ғасыр адамы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көшімен аман алып келе жатқан қамқоршы. Айналасына нұрын төккен, жылу шашқан Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғалардың қоғамдағы алар орны ерекше. Тұңғыш Президент күні біздің мектепте әртүрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жоғары сынып оқушылары арасында Елбасы туралы шығармалар байқауы жарияланды, мектепішілік салтанатты жиналыста үздік оқушылар марапатталмақ.
Бердібек ТОҚПАНОВ, Бұлақ орта мектебінің директоры. Есіл ауданы.