Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас басылымы – “Егемен Қазақстан” газеті арқылы “Ұлы даланың жеті қыры” атты мазмұны терең, мағынасы зор бағдарламалық мақаласын жариялады. Оны оқыған “Мен қазақпын” дейтін кез келген саналы азаматтың көкірегін бір қуаныш кернегені ақиқат.
Рас, мақаладағы айтылған ойлар тыңнан сүрлеу салып, аяқ астынан ашылып отырған жаңалық емес. Бұл Президент өзі айтқандай, Ұлы даланың төсінде сан ғасырдан бері тамыры терең тарихқа айналып, бабадан балаға жалғасып келе жатқан құндылықтарымыз. Қазіргі жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұрған сәтте, соның алапат толқынына жұтылып кетпеуіміз үшін қасиетті даламыздың қойнауында, сыр сандықта жатқан інжу-маржанымыздай жеті ғаламатымызды насихаттау дер кезінде қозғалған асыл ойдың бірі болды.
“Ұлы даланың жеті қырының” қай тармағына тоқталсақ та, құнды мұраларымызбен қауышарымыз сөзсіз. Осы орайда өз ойымды мақаладағы бесінші қырында айтылған мазмұнды мақсатқа бөлгім келеді. Өйткені, өзім де ұзақ жылдан бері өнер саласында жүргендіктен, менің көкейіме бірден сәуле құйған тармақтан ой өрбіткенді жөн көріп отырмын. Өз басым сахна өнерінің маманы болғандықтан “Дала фольклорының антологиясын” жасау ұсынысын барынша қолдап, оның орындалуына үлесімді қосқым келеді. Елбасы айтқандай: “Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады”. Сөз қадірін өз қадірінен биік қойған халқымыз үшін дәл осы айтылған ойдың берері зор. Себебі, кей ұрпақ ертегі, аңыз, жыр-дастан мен қазақ әдебиетінің алтын ғасырындағы ұлт перзенттерінен қалған жауһарларды оқымақ түгілі, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев сынды тұғырлы тұлғалардың есімін білмейтіндей дәрежеде екені ащы болса да шындық. Бүгінгі технологияның заманында әлемді алақанына салып берген ғаламторға сүйеніп алғандары соншалық, қолына кітап ұстап, парақтап отырған, содан рухани нәр алып, жан дүниесін байытуға ұмтылған жастардың қатары сиреп барады. Соның салдарынан жазуларында қате қандалаша өріп жүрсе, сөйлеу мәнері де өзгеріп, аға буын жас толқынды бірден түсіне қоюы қиындау күн кешіп жатқандаймыз. Осы орайда, қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері топтастырылған жинақ балабақшадан бастап, мектеп, жоғары және арнаулы оқу орны бағдарламасына енгізілсе деген аяулы тілек бар. Бұл еліміздің ертеңдері – жастардың бойларына елжандылық қасиет қалыптастырып, төл тарихы мен әдебиетін терең меңгерулеріне жол ашар еді.
Елбасымыз өз мақаласында: “Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз”, – деп атап көрсетті. Осы орайда, халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен әдебиетін, тарихи тұлғалары мен аңыз кейіпкерлерін жұртшылыққа таныстыруда үлкен рөл атқаратын рухани орда – театр екенін баса айтқым келеді. Президент айтып отырған тапсырмалардың денін орындау міндеті осы театрларға жүктеледі. Өзім жетекшілік етіп отырған өңіріміздегі қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, келер ұрпаққа шашасына шаң жұқтырмай жеткізу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Құрылғанына жиырма жылға жуық уақыт болған ұжымымыз содан бері түрлі жанрда 80-ге жуық спектакльді сахналады. Өткен жылы бірқатар классикалық туындылар көрермен назарына ұсынылса, театр әртістері биыл да бұл үрдістен айнымай өнерсүйер қауымға отандық және әлем драматургтерінің шығармаларын ұсынды. Астана қаласының жиырма жылдығы және “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Қожаберген жыраудың – 355 жылдығына және ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған туындылар сахналанғанын айта кеткен жөн. Алдағы уақытта Елбасымыздың мақаласында сөз болған Ұлы даланың ұлы есімдерін, тарихи сананы жаңғырту, жаһандық тарихтағы рөлімізді арттыру бағыттары бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алуды жоспарлап отырмыз.
Президент мақаласындағы екінші бір айтылған құнды дүние ол – “Ұлы даланың көне сарындары” жинағын шығару. Елбасы бұл туралы: “Ұлы даланың фольклоры ән мен әуендері заманауи цифрлық форматта жаңа тыныс алуға тиіс”, – дей келіп: “Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек”, – деп музыкаға қатысты да маңызды ойын жеткізді. Шыны керек, қазіргі таңда талғам таязданып, ұлтымыздың құнды әуендері құлдырап бара жатқаны рас. Жас ұрпақтың санасына әсер етіп жатқан батыс пен Еуропаның классикалық әуендері болса, көңіліміз мұнша алаңдамас еді-ау. Бірақ қазіргі жастардың талғамында не сөзінде, не әнінде мән мен дән жоқ даңғаза әуендер жастарымыздың жүрегін жаулап, санасын улап бара жатқанын көзіміз көріп жүр. Қазақтың аққан жұлдыздай жарқ етіп өткен аяулы ұлы Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин: “Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді”, – деп тамсанған екен. Самал соқса, қурайының өзі ән салған даласы бар қазақтың әуені шынымен де әлемдік музыканың жауһарына айналуға құдіреті жетеді. Менің ойымша, қазіргі уақытта оны насихаттаудың кемшін соғып жатқан тұстары аз емес.
Жаһанданудың алапат толқынына жұтылып барамыз деп бәрін жоққа шығарып, қу шөппен аузымызды сүрткеніміз жарамас, барды бағалағанымыз да дұрыс. Әлем назарын өзіне аударып, бір өзі Қазақ елін алты құрлыққа танытып жүрген әнші Димаш Құдайберген шынымен де қазақтың маңдайына Құдайдың бере салған перзенті болды. Алтын асықтай болған осы баламыз “Ұлы даланың жеті қырының” бірі ұлттық музыкамыз арқылы әлемнің ғаламат музыка мен өнер иелерінің таңдайын қақтырып тастады. Қазақтың атын әлемге әйгілеп жүрген осындай жандардан жас ұрпақ үлгі алып өсуі тиіс. Ол үшін кез келген білім, мәдениет ұжымында Тәуелсіз еліміздің даңқын асырған тұлғаларды дәріптеу мақсатында іс-шараларды жиі ұйымдастырудың артықтығы болмайды.
Қоғамға зор сілкініс әкелген “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жалғасындай болған, ұлттың рухын асқақтатуға арналған мақала науқандық шараға айналмауы тиіс. Жұмыс жүйелі жүріп, оң нәтиже беріп жатса, онда күдігіміздің сейіліп, үмітіміздің ақталғаны.
Біржан ЖАЛҒАСБАЕВ,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры.