Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Ұлытау төрінде «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері – Ұлытау. Оны білуіміз керек», – деді.
Сөз мағынасы байыппен бағдарлағанда ашылмақ.
Ұлытау. Мұсылман жұрты тауды «ұлы» демейді. Ұлы деген тек Жаратушыға лайық. Теңі, теңдесі жоқ жаратушы – Алла тағаланы ғана қазақтар «ұлы» деп мойындаған.
Ұлытау өңірін аралаған адам Хан ордасына соқпай өтпейді. Бұл жерде, қазіргі тілмен айтқанда, қазақ хандарының барлығының дерлік инаугурациясы өткен. Тарихқа аты белгілі хандарды ақ киізге көтеріп, хан сайлап, олар халқына адал қызмет етуге ант беріскен. Шетел термині – инаугурацияны қазақ «ұлықтау» деп атаған. Хан ордасының басты мағынасы хандарды ұлықтау болған. Бұл дәстүр, сірә, Жошы ханнан басталса керек. Жошының хан болып ұлықталуы осы Ұлытау өңірінде өткен. Оның империясының астанасы Базар орда қазіргі Жошы хан мазарының маңында болғаны – тарихи дерек. Осы айтылған мәселелерден түйін шығарсақ, біздің қазір «Ұлытау» деп жүрген өңіріміздің атауы тікелей Жошы ханға және одан тараған хандардың ұлықтауына қатысты, Ұлытау тауға емес, хандарды ұлықтауға қатысты. Кеңес заманында «Ұлықтау» деген сөз, оның ішінде «Хандарды ұлықтау» деген ұғым идеологияға жат түсінік болғаны анық. Бір кезде қазақ тілінің сингорманизм заңына сай «Ұлықтау» болғандықтан, Ұлытауға айналып кеткенге ұқсайды.
Өлке тарихын білетін азаматтар Хан ордасында Жошыдан тараған хандардың бәрінің осы өңірде ұлықталғанын, тіптен соңғы хан Кенесарының да осы жерде ақ киізге көтеріліп, хан атанғанын айтып келді. Бұл жайт – назардан тыс қалатын іс емес және оның маңызы тек Ұлытау өңіріне ғана емес, бергісі қазаққа, арғысы Жошы әулетіне қатысты айтулы оқиға. Сондықтан Ұлытау сөзіне байыппен қарасақ, оның мағынасы, астары саясатқа, мемлекеттік басқару жүйесіне, ата дәстүрімізге қатысты.
Жоғарыда айтылған сұхбатында Елбасы былай деген еді: «Кезінде мен Астана болатын жер іздегенде Ұлытауды көрейін деп әдейі келдім. Қазақ жерінің нағыз орта тұсы екені рас. Бірақ қазіргі заман талабымен қарасақ, бұл жерде не су, не жол, не әуежай жоқ. Бұл жерге қыруар қаражат керек болар еді. Бірақ қасиетті мекен ретінде бағалана береді. Міне, темір жол, басқа да жолдар салынып жатыр. Келешекте туризм орталығы болып, халқымыз келіп, тәу ететін қастерлі жер болып қала береді. Мұнда Жошы ханның ордасы болған деп те айтады. Жошының қазасын естірткен кезде «Ақсақ құлан» деген күй шыққан. Бұл мекеннің осындай кереметтерін тани білуіміз керек».
Бұл өлкенің керемет жәдігері – Жошы хан мазары. Осы өлкеге алғаш сапар шегіп, Жошы хан мазарына келгеннен бергі уақытта мені бір сауал мазалай берді. Неге Жошы хан мазары Жезқазған өңірінде? Әлемнің билеушісі Жошы ханның мәңгілік мекені неліктен осы өңір болған? Бұл мазар, әрине, Шыңғыс ханның келісімімен салынған. Сонымен бірге, баласы қаза болғанда Шыңғыс ханның бұл өлкеге келмеуі де мүмкін емес. Шыңғыс хан және Жошы хан туралы шығармалардың әртүрлі мүдделерге сай жазылғаны белгілі. Себебі, Шыңғыс хан империясы көптеген халықтардың, мемлекеттердің тағдыры болған. Жошы – Шыңғыс ханның тұңғыш және сүйікті, келешегінен үміт күткен баласы. Әке қайғысы туралы ел аузында аңыз боп қалған «Ақсақ құлан» күйінен көп нәрсені аңғаруға болады.
Шыңғыс хан кім? Сөзсіз ақылды, көреген адам, шебер қолбасшы, айлалы саясаткер, есепсіз мол әскері бар қолбасшы. Әскерге не керек, қару қажет. Осы сәтте ойыма осы өңірдің қазіргі атауы Жезқазған орала кетті. Бұл жерде не көп, жез көп. Жез деген не? Ол алтыннан кейін, тіптен оның орнына да жүретін металл. Құнды металл. Байлық. Шыңғыс ханға қажетті байлық.
Жүз мыңдаған қалың әскердің жебе, найза, қалқандарын жезбен жабдықтап, әдемі әшекейлігін былай қойғанда, жарқ-жұрқ етіп айбын беретін жауынгерлердің сауыт-саймандарын жарақтау ісі Жезқазған аймағында мүмкін болған. Мұндай бай өлке қайда бар? Сондықтан Жошы хан осы өңірді өзінің атақонысына айналдырған. Бұл мәселенің әскерді жасақтауға қатысты жағы, екінші жағы – жез өндіру империяға қажетті байлық көзі болған.
***
Жұртшылық Ұлытау деп осы өңірдегі тауды атайтын көрінеді. Елбасы сұхбатында: «Мұнда тұрған тау – аумағы 200 шақырым қырат таулар. Ең биігі – Әулиеата деп аталады, 1100 метр. Одан ағып жатқан бұлақ Әулиебұлақ деп аталады. Осының бәрін ата-бабамыз бекер атамаған ғой», – деген екен. Жергілікті халық Әулиеата тауды Әулиетау деп те атай береді. Шынында да, бұл қасиетті тау, мұнда кезінде бір-бірімен жауласқан Алтын орданың ханы Тоқтамыс пен Ноғай ордасының әміршісі Едіге қатар жатыр. Бұл жағдай – таудың қасиетті екендігін білдіретін айғақ. Ұлытау өңірі – елдіктің символы. Көзі тірісінде бір-бірімен жауласып өткен екі тарихи тұлғаны ұрпақтары Әулиетауға қатар жерлеген. Сондағы мақсат не? Мақсат – елдің тұтастығын сақтау. Тұтас түркі жұртын бөлшектемеу. Осы биік мақсатты кейінгі ұрпақтарға өнеге ету. Міне, Ұлытау өңірінде осындай биік армандар орындалған және оларды орындаған бізге аты беймәлім кемеңгерлер өмір сүрген. Осы тұста менің ойыма Түркиядағы бір университет ауласында Сұлтан Баязит пен Әмір Темірдің бейнесі қатар қойылғанын көргенде:
– Бұл қалайша, екеуі жауласпап па еді? Сұлтан Баязиттің Еуропаға жорығын тыйып, оның басын кесіп алған Ақсақ Темір емес пе еді? – дедім. Сонда түркі ағайындарының айтқаны:
– Ол – сол заманның әңгімесі. Біз үшін олар – түрік жұртының қаһармандары, – деді. Мен мұндай биік мағыналы сөзді естимін деп ойламап едім.
Осы түсініктің куәсі ретінде шексіз далада бірін-бірі қуып, жауласқан Тоқтамыс хан мен Ер Едігенің Әулиетауда қатар жатуы – тарихтан қалған ұлағатты ата дәстүріміз.
***
Бұл өлкенің екінші кереметі – Алаша хан мазары. Мүмкін, дұрысы – Алаш хан мазары. Алаш – ұран. Жошыхан заманында қалыптасқан ұран. Сондықтан халық Алашты Жошының әкесі деп атаған. Шыңғыс ханды Алаш хан деп, яғни оның есімін ұранға айналдыру дәстүрі қалыптасқан деп топшылауға әбден болады.
Жошы хан қыпшақ елінің билеушісі болғандықтан, өз мемлекетіне жаңа ұран алды, ол әке идеясы немесе әкесін идеяға, оның есімін ұранға айналдыру мақсатында «Алаш» деген ұран алған болар. Алаш – қыпшақ жұртының дәстүрінде бар сөз. Рулардың ұрандарына назар салсаңыздар, бәрі кісі есімдерімен, яғни бабаларын ұранға айналдырған. Осы мағынада алсақ, Алаш деген Шыңғыс ханның тағы бір есімі, лақап аты. Шыңғыс хан да лақап ат емес пе, шын есімі Тэмуджин. Бұл есімді әкесіне Жошы немесе оның атақты ұлдары – Бату сияқтылар беруі ықтимал.
Алаш – қазақтың ұраны. Ол жөнінде Сұлтанмахмұт Торайғыров анық айтқан. Оның «Алаш ұраны» өлеңінде мынадай жолдар бар:
«Алаш» туы астында, күн сөнгенше
сөнбейміз,
Енді Алашты ешкімнің қорлығына
бермейміз.
Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға
жеттік біз.
Жасайды Алаш, өлмейміз, жасасын
«Алаш», жасасын!
Қазақ милләтінің ұраны – Алаш. Бұл – текті ұран. Жошы дәуірінен келе жатқан жауынгерлік ұран. Қазақ халқында үлкен адамның есімін тура айтпау дәстүрі бар. Майданда Шыңғыс хан деп, оның тура атын айтпай, Алаш деп ұрандау қисынға келеді. Сірә, осы дәстүр оның зиратына көшкен. Шыңғыс хан жерленуі, зираты туралы сөз көп, соның көбінің негізі шикі. Шыңғыс ханның менің зиратым болмасын дегені негізсіз. Сірә, ол менің зиратым тура өз атыммен аталмасын деген өсиет қалдырса керек, оның бүркеншек есімі – Алаш.
Әлемдік жиһангер Шыңғыс хан – өз есімін мәңгілікке қалдырмақ болып жанталасып, жан алып, жан берген адам. Зираты белгісіз жан тарихтан жойылмақ, аты өшпек. Шыңғыс хан ондай тұлға емес, ол – мәңгілікке атым қалсын деген өркөкірек санамен өткен адам. Табылған ақыл: ол зиратын ұран болған есімімен қалдыруға шешімді не өзі, не балалары қабылдаған. Мәселе енді ол қандай жер болуы керек. Мұнда да қисын бар мәңгілік қай жер, ол сөзсіз қазыналы ұрпақтары өсіп-өніп, көркейетін мекен болуы керек. Және тұңғышы, отыз жасында қаза болған Жошының қасында болғысы келуі де табиғи жағдай. Осы қисынға сүйенсек, Жошы мазарының маңындағы Базарорда қаласы тұсындағы Алаш хан мазары – атақты Шыңғыс хан зираты. Болжауыма негіз болған тағы бір дәлел бар, ол осы өңірдің бүгешігесіне дейін жетік білген, академик Қаныш Сәтбаевтың пікірі. Ер Едіге туралы 1927 жылғы зерттеуінде: «… тегінде Алаша хан деп ел аузы атақты Шыңғыс ханды айтып жүруі мүмкін», – десе, 1941 жылғы мақаласында Алаша хан деп жүргеніміз Шыңғыс хан екендігін кесіп айтады (Ұлытау, «Фолиант», Астана, 2006. 118 б.).
Ел аузында Шыңғыс ханның Жошының әкесі Алаш хан екендігі туралы Алашорда қозғалысына қатысушы Отыншы Әлжанов «Дала уәлаяты» газетінің 1897 жылғы 13-14 және 18 сандарында жариялаған мақаласында Шыңғыс хан деп жүргеніміз Алаш хан деген тұжырым жасаған, бұл мәтінде Жошы ханның қазасын әкесі Шыңғыс ханға күйші Кетбұға естіртеді:
«Уа, иеміз Шыңғыс хан!
Домбыра не деп жырлайды,
Сарнап дауысын қырнайды,
Құлағың сал осыған…
Ақсақ құлан, қу құлан,
Қияннан қашқан ту құлан,
Қиырсыз құба далада,
Аңда жүрген балаңа,
Кез болып бір қашыпты,
Белден белге асыпты.
Ақсақ құлан, Жошы хан,
Елсіз құба далада,
Қат-қат құбыр салада,
Мекендеп өрген, өрбісіп,
Ордалы құлан жосыған.
Қуып ақсақ құланды,
Мінгені тұлпар құнан-ды,
Ордалы үріккен құланға
Құйғытып ойнап қосылған.
Өлім деген Тәңір ісі,
Сол қу құлан, ту құлан,
Балаң өлді, Жошы хан!
Нансайшы, ханым осыған!» (жоғарыда көрсетілген кітапта, 114-115-беттер).
Бұл оқиға Ұлытау өңірінде болған, содан ел аузында, халық жадында сақталған.
Сөз орайына қарай, Алашорда деген ұғымға назар салсақ, ол Алаш және Орда деген сөздерден құралған. Алаш – ұран, Орда дегеніміз – мемлекет. Екеуі де Шыңғыс хан заманынан кейін белгілі болған түсініктер, салыстырыңыз: Базар-орда (Жошы мемлекетінің астанасы), Алтын орда, Ақ орда, Ноғай ордасы, Қазақ ордасы, Алашорда бәрінің ұраны Алаш болған.
***
Шыңғыс хан – даңқты қолбасшы, алып империя құрған саясаткер. Оның жорықтары нәтижесінде талай қалалар қиратылып, жермен-жексен етілгені де шындық. Көркейіп тұрған Дешті Қыпшақ мемлекеті жойылып, өзгеше күйге түсті. Бірақ анығы сол – оның қалың әскерін құрғандар, кейін «қазақтар» деп аталған найман, қаңлы, керей, үйсін, дулат, т.б. болды. Империяның тілі түркі тілі болған деген деректер бар. Алтын орда – негізінен, қыпшақ тайпаларынан құралған мемлекет. Сондықтан қазақтардың тарихын тереңнен қозғағанда, Шыңғыс хан – біздің төл тарихымыздың басты кейіпкері, бұл аз ба? Шыңғыс ханның астанасы – Қарақорым, бұл қай тілдегі қаланың атауы? Қазақта қара деген үлкен, қуатты деген түсінік бар, мысалы, қара нар, қара күш иесі, тіптен Қара теңіздің атына назар салсаңыз. Ол үлкен, мол теңіз дегенді білдіреді, ал қорым – ертеден келе жатқан түркі сөзі. Қазақтар қорым деп адамдар тұрған мекенді атайды. Сонда Қарақорым деген үлкен қала деген түсінікті білдіреді. Ендеше, әлемді билеген Шыңғыс хан өзінің астанасын, одан кейінгі ұрпақтары астана еткен қаланың атын неге Қара+Қорым деп атаған? Бұл – Шыңғыс хан империясының ресми тілі түркі тілі болғандығының айғағы. Біздің тарих әлем әміршісінің өрісіне қатысты болып отырғаны шындық. Содан болар, 1907 жылы Ресей ауыл шаруашылық Бас Басқармасының бастығы Крюков «Қырғыз-қайсақтар – Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің тікелей ұрпақтары. Олар жер бетінен жойылуға тиіс», – десе, Ресейдің Министрлер Кеңесінің төрағасы П.А.Столыпин: «Шыңғыс ханды біз моңғол дейміз. Нағыз моңғолдар – мына қырғыз-қайсақтар. Олар сол Шыңғыс ханнан тарағандар», – депті. Бұл пікірлерде шындық бар. Жошы ханнан бергі дәуірде қыпшақтар (қазақтар) оның тұқымдарымен біте қайнасып кетті, Керей мен Жәнібек – өздерін алғаш қазақ дегендер. Қазақ болу осы хандардан басталады емес пе? Қазақ деген азамат, яғни мемлекетке қатысты қолданылған ұғым. Азамат болу қазақ болу деген мағынаға ие болған. Қазақтардың ұл балаларына «Азамат» деп ат қоюы тегін емес екендігін Шоқан Уәлиханов та айтқан.
Сонымен, қазақ халқының төл тарихының кейіпкерлері – Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір, Бату хан (Сарайшықта жерленген), онымен аралас-құралас болған Александр Невский, Украина халқы ұлт перзенті деп жүрген Мамай, Алтын орда ханы Тоқтамыс, Ноғай ордасының әміршісі Ер Едіге, бәрі-бәрі – біздің тарихтың басты кейіпкерлері. Және осы аталғандардың бәрі – қасиетті Ұлытау өңіріне тікелей қатысты тарихи тұлғалар. Ұлытау өңірі – тұнып тұрған төл тарихымыз, керемет қасиетті мекен.
***
Бүгінде бөгде ақпарат беттерінде қазақтардың мемлекеті болмаған деген түсініктер жиі кездесіп жүр. Бұл – арандатушылық. Қазақтардың арғы тегі түркі жұрты болса, Түрік қағанатын, одан бергіде Дешті Қыпшақ мемлекетін қайда қоямыз? Сөз болып отырған Жошы хан және оның ұрпақтары билік жүргізген Базар-орда, Алтын орда, Ақ орда, Көк орда, Ноғай ордасы, Қазақ ордасы деген аса қуатты мемлекеттер болғанын қайда қоямыз? Қазіргі политология лексикасына салсақ, Орда – мемлекеттің типі. Орданы хан басқарған. Одан әрі өзге басқару институттары құрылған: әскери аристрократия, билер билігі, ру-тайпалар көсемдерінің институты, т.б.
Жошы хан және оның ұрпақтары басқарған дәуір XIX ғасыр басында мүлдем аяқталды. Патша жарлығымен 1822 жылы хандық басқару жүйесі жойылды. Содан, Россияның бодандығы басталды. Міне, осы кезде, XIX ғасырдан бастап, қазақ өз мемлекеттігінен айрылды. Қазақ даласы губернияларға бөлшектелді. Губернаторлар тікелей Ресей патшасына бағынышты болды. Хакім Абайдың «Қайран елім, қазағым» деп айтқан дәуірі осы. Қазақ жұртының келесі дәуірі – Кеңес заманы. Бұл кезде мемлекеттік құрылымның аты бар, заты жоқ болды. Барлық билік толығымен Москваның қолында болды. Елді коммунистер басқарды.
Қазақ халқының жаңғырып, қайтадан мемлекет құру тәжірибесі 1991 жылдың 1 желтоқсанынан басталды. Қазақ халқы өз ішінен Президент сайлады, оны ұлықтау рәсімі болды. Бұл Хан ордасында үздіксіз болып келген хандарды ұлықтаудың үзілген жалғасы еді, яғни, бұл – ренессанстық құбылыс. Қазақ мемлекеті қайтадан жаңғырды. Тәуелсіз Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі, өзге елдермен құқықтық тең дәрежедегі зайырлы мемлекет.
Елбасы Ұлытау туралы сөзін түйіндей келе, былай дейді: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз оны білу керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Ұлытау – ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы.
Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай өткен жер, Батысқа барсаң – Алтын орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген».
Елбасының төл тарихымыз туралы осындай жүрекжарды сөздеріне орай айтар түйінім: қазіргі мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытылып жүрген «Қазақстан тарихы» деген пәннің аталуы және баяндалуын дұрыс деп есептемеймін. Мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытылатын пәннің аталуы «Қазақ елі мемлекетінің тарихы» («История казахского государства») деп аталуы керек. Тәуелсіз елдің жастары қазақ елі мемлекетінің тарихын оқып, патриот боп өсуі тиіс.
Ұлытау бар заманда Ұлықтау өңірі – билік ордасы болып, қазақ елінің нағыз патриоттарын тәрбиелеп өсіретін киелі кіндік мекені болып қала бермек!
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы.