1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамның рухани жаңғыру үдерісі жанданып, бұрындары патшалық Ресейдің боданы болған халықтардың ұлттық сана-сезімі ояна бастады. Орыстың революционер-демократтары Герцен, Белинский, Чернышевский, Добролюбов және Семенов Тянь-Шанский, Радлов, Рычков, Сидельников сияқты ғалымдары өздерінің еңбектерінде Ресейге бағындырылған халықтардың өткені сыңаржақты зерттеліп келгенін жазған еді. Сондай-ақ, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ш. Құдайбердиев, С. Асфендияров, М. Тынышбаев сынды ұлтымыздың оқығандары туған халқының тарихын толғаған, соның ішінде Қазақ хандығының іргесінің қалануы жайында ғылыми мақалалар жаза бастағанды. Алайда, өкінішке қарай, бұлардың ізденістері бұрмаланып, әкімгершілік тегершігінің талауына тап болды. Осының нәтижесінде алғашқы ұлттық республика – “Түркістан автономиясын” құрғандарды қудалап, құрдымға жіберу қолға алынды.
Тарихымызды танудың тайсалмайтын кезі енді келіп отыр. Бұл – Тәуелсіздігіміздің ризығы. Қазір біз қазақ ұлтының жүздеген жылдар бойы қалыптасқанын айта аламыз. Ол осы жерді ғасырлар бойы мекендеді, өзге бір аумақтан келіп қоныстанған жоқ, ешкімнің жерін өзге бір ұлттардан күшпен басып та алмады, яки қандай да бір мәжбүрлеумен иеленбеді де. Терең тарихи үдерістердің тамыры тым әріде, сондықтан мұны нақты бір уақыт өлшеміне телу оңай емес. Тереңге бойлаған тарихи үдерісте қазақ халқы өзі қоныстанған мекенді ажырамастай жерсінді. Бүкілдүниежүзілік тарихи тәжірибе дәлелдеп отырғанындай, қандай да бір табиғи апаттар, дұшпандарының жаулық әрекеттері, жерін басып алуы қазақтарды осы мекенінен ығыстырып жібере алмады. Мұны осы жерде көптеген ғасырлар бойы болып өткен этносаяси, демографиялық, көші-қон және мәдени үдерістер айғақтайды.
Жоғарыда атап өткенімдей, біз Қазақстанның шынайы тарихын зерттеуге 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мүмкіндік алдық. Соның арқасында біз өткеніміздің ақтаңдақтарынан арылып, Қазақстанның тарихы 1917 жылғы қазан айынан емес, одан әлдеқайда әрідегі жүздеген, тіпті, мыңдаған жылдардан тамыр тартатынына көзімізді жеткізіп отырмыз. Жақсы да, жаман да тарихи оқиғаларды алға тартпайынша, біз бүгінгі Қазақстан жайлы айта алмаймыз. Тарих пен қазіргі заман тамырлас болуы заңды. Өйткені, бүгініміз өткеннің саяси және рухани сабақтарымен нығаяды.
Қазақ хандығы Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Қыпшақтың, Жетісудің және Оңтүстік Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағындағы жерде іргесін қалады. Мұнда орта ғасырларда пайда болған тайпалар одағының озық дәстүрлері, өркениеті жаңа құрылымға сіңірілді.
Бұл тарих бірнеше жүзжылдықты қамтыды және мемлекеттілік түрлі сипатта болды. Мемлекеттіліктің алғашқы кезеңі – ХІV-ХVІІІ ғасырлар аралығы.
Қазақ хандығының пайда болуының қарсаңында, ХІV-ХV ғасырларда осы мемлекеттің іргесін қалаған рулар мен тайпалар Сібірден Сырдарияға, Ертістен Жайыққа дейінгі ұлан-ғайыр аумақта көшіп-қонып жүрді. Бұл рулар мен тайпалардың атаулары күні бүгінге дейін сақталып келді. Арғындар Орталық Қазақстандағы Ертістің батысынан басталған жерлерге иелік етсе, Наймандар Ұлытаудан Есілге, Қоңыраттар Түркістаннан Қаратауға, Керейлер Жетісудан Тарбағатайға, сонымен бірге Зайсаннан Омбы және Тобыл өзендеріне дейінгі, Дулаттар Іле, Шу, Талас өзендерінің бойынан түстікке – Ыстықкөлге қарай жерлерді, Үйсіндер Жетісуді, Жалайырлар Қаратау сілемдерін қоныстанды.
Осыдан 550 жыл бұрын Шыңғысхан мен Ақ Орданы билеген Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханнан бөлініп, өздерінің қарамағындағы руларды Жетісудің батысындағы Моғолстан хандығына алып кетті.
Аталған сұлтандар Әбілқайыр хандығындағы ішкі қайшылықтарды жақсы пайдалана білді. Елуінші жылдың ортасына таман олар Қазақстанның батысында Әбілқайырға қарсылық орталығын құрды. Керей мен Жәнібек сақтықпен қимылдай отырып, өз ұлысындағы сауда-саттық орталықтарын, ірі қалаларды, сулы да нулы жайылымдарды қолдарынан шығармады. Олар Орталық және Батыс Қазақстан өңірлерін жайлап, қыстады. Осыдан кейін Әбілқайырдың тізесі батқан, соғыстарынан титықтаған рулардың бір бөлігі Керей мен Жәнібектің ұлысына қосыла бастады.
Бұл уақытта қазақтар жүзге бөлінбеген еді. Сондықтан осы тұста бұл туралы сөз қозғаудың реті жоқ. Соған орай ХV ғасырдың орта тұсына дейін қазақтарда этникалықтан гөрі, әлеуметтік құрылым басым болды. Қазақтарда “еркіндік” ұғымы құрметтелгендіктен, олар “Еркін көшпенділер” деп аталды.
Әбілқайыр Тоқа-Темір ұрпақтарының бұл тірлігімен келіскісі келмей, әскерін Керей мен Жәнібектің ұлысына жорыққа аттандырды. Сұлтандар хан әскерімен бетпе-бет келмей, Жетісуға таман көшіп кетті. Орта ғасырда ғұмыр кешкен тарихшы Махмұд бен Уәли сол кездегі оқиғалар жайында былай деп жазды: “Әбілқайыр хан Дешті-Қыпшақ жерінде өзінің жауларының ұлдарын жеңген кезде Жошы ханның ұлы Тоқа-Темірдің ұрпақтарының кейбірі, мысалы, Керай хан (жазбасында осылайша аталған. – С. Ы.) мен Жәнібек хан бағынудан бас тартып, Отандарынан қоныс аударып кетті. Олар ата-бабаларынан мирас болып қалған елден бас тартып, өздеріне жат жерді таңдады. Ақылды сұлтандар ірі рулардың арасындағы алауыздықты, Әбілқайырдың босаңдығын шебер пайдалана білді”.
Екі жақтың қасарысып, текетіресуін Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» эпопеясында тамаша суреттеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати бұл оқиғалар жайлы «Тарихи-Рашиди» еңбегінде Моғолстанның билеушісі Есен-Бұға Керей мен Жәнібекті жақсы қарсы алып, Шу және Қозыбасы (бүгінгі Балқаш көлі мен Қордай асуы) аймағын бергенін жазады.
Ортағасырлық автор әл-Асрар Моғолстанда сұлтандарды қашқындар емес, құтты қонақтар ретінде құшақ жая қарсы алғанын атап көрсеткен. Моғолстан билеушісі бұл уақытта Әбілқайыр мен ойраттардың шапқыншылығының зардабын жиі-жиі тартып, Керей мен Жәнібекке одақтасуға зәру болды.
Қазақ сұлтандарының көмегіне сүйенген Есен-Бұға солардың жәрдемімен, бірқатар сыртқы саяси мақсаттарын өзіне қолайлы етіп жүзеге асырды. Махмұд бен Уәлидің айтуынша, Керей мен Жәнібектің сарбаздары бірнеше жылдар бойы қалмақтармен және қырғыздармен соғыса жүріп, оларға күйретте соққы берген және соңғыларын Моғолстан шекарасынан әріге ығыстырып тастаған.
Бұл орайда Тоқа-Темір ұрпақтары Моғолстанға жалдамалы жауынгерлер емес, Жетісу жерінде өздерінің қоныстарын иеленіп, дербес мемлекет құру мақсатымен келгенін айтуымыз керек.
Олардың жағдайлары жақсы еді, қиыншылықтарға тап болмады дей алмаймыз. Алайда, жігерлі сұлтандар алған беттерінен айнымай, жас мемлекеттің ішкі тыныштығын, бейбіт тірлікті қамтамасыз етуге қол жеткізді. Ол ол ма, бұлар бара-бара моғол билеушілерінің ел басқару істеріне белсенді түрде араласа бастады.
Мұнымен бір мезетте Әбілқайыр ханның иелігіндегі Өзбек ұлысының ішкі берекесі кете түсті. Ханға көңілі толмаған тұрғындар жаңадан ірге қалаған Қазақ хандығына ойысты. Бұл ретте аса қиындықтар болмады, өйткені, салт-дәстүрлері тамырлас, күнкөріс амалдары ұқсас, сонымен бірге туыстас рулар мен тайпалар тіл табысып кетті.
Қазақ сұлтандарының Әбілқайырдан бөлінуі хандықтың құрылуындағы алғашқы қадам болды. 1998 жылы шыққан “Қазақстанның жаңа тарихында” жазылғанындай, сұлтандар ірге бөлген уақытта ысылған, өмірде көрген-білгендері мол, ел басқару тәжірибелері қалыптасқанды. Мысалы, Жәнібек 40 жаста болса, Керей одан әжептәуір ересек еді.
Екінші жағынан, Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ұлысындағы рулар мен тайпалардың ханға көңілі толмайтынын, одан бөлінуге ниеттерін жақсы білді. Сондықтан екі сұлтанға жақтастар көбейген үстіне көбейе түсті. 1462 жылы Есен-Бұға қайтыс болғаннан былай Керей мен Жәнібек Моғолстанның билік басына келгендердің ырқына көнбейтін, ығында жүрмейтін болды.
Тоқа-Темір ұрпақтарының былайша күшейіп, белең алып кеткені Әбілқайыр ханға маза бермеді. Сондықтан ол 1468 жылдың күзінде жас мемлекетті күйрету үшін Керей мен Жәнібекке қарсы жорыққа шықты. Күздің қара суығының кезінде екі мемлекеттің әскерлері Түркістанның маңында бетпе-бет келіп тұрды. Үш күн бойы аңдысудан нәтиже шықпаған соң Әбілқайыр әскерін кері қайтаруға мәжбүр болып, содан көп ұзамай өмірден озды.
Мұхаммед Хайдар Дулати жазбасындағы мағлұмат бойынша хан өлгесін Әбілқайыр ұлысында құлдырау басталды, ел-жұрт бірліктің берекесі кеткенін сезіп, 200 мыңдай адам Керей мен Жәнібекке келіп қосылды да, олар “Өзбек-қазақтар” деп аталатын болды.
Ортағасырлық тарихшылардың жазғанындай, Әбілқайыр ұлысының күйреуі түрік мемлекетінің ыдырауына әкеліп соқтырып, қазақтар, өзбектер, ұйғырлар, қарақалпақтар, қырғыздар бөлініп кетті. Соның нәтижесінде Керей мен Жәнібек жаңа Қазақ хандығының іргесін қалап, туын көтерді.
Тағдыр да екі ханға аса қолайлы жағдай жасап бергендей болды. Жас мемлекет жылдам өркендей бастады. 1470-1480 жылдардың аралығында Жетісудің және Тянь-Шанның теріскей сілемдері бұлардың иелігіне көшті. Қазақ хандары Моғол билеушісі Ахмадтың әскерлеріне тойтарыс берді. Сонымен бірге Сырдария маңындағы қалаларды қосып алу үшін Әбілқайыр ұрпақтарымен кескілескен соғыстар жүргізіп, түнде ұйқы, күндіз тыным кермей, Дешті-Қыпшақтың зор аумағын қосып алды.
1470 жылдың қысында Жәнібектің үлкен ұлы Махмұд Созақты өзіне қаратты, екінші ұлы Сауранды иеленді. Ал Керей хан Түркістанды қоршап алды. Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани Мауреннахрға ығысуға мәжбүр болды.
Осыдан кейін қазақтардан бірталай жанға батар соққы алған Шайбани өзінің жақтастарымен бірге бұдан әрірекке, Орта Азияға шегініп, сол жерде “Өзбек” ұлысын құрды.
Ал Жәнібек пен Керей хандар Дешті-Қыпшақ даласын: Жетісудан Оңтүстік Сібірге, Орталық Қазақстаннан Жайыққа дейін қоныстанып алды. Біраз уақытқа дейін олардың Ханқаласы Түркістан болды. Бұл жайында Шоқан Уәлиханов “Қырғыздың (қазақтың) шыққан тегі” еңбегінде Керей мен Жәнібектің қоныстарының оңтүстіктен солтүстікке қарай ойысқанын жазады. Оның айтуынша, қазақ және ноғай ордалары қатар тұрмыс кешіп, осы бейбіт тірлік қазақтың жыр-дастандарында “Алтын ғасыр” деп мадақталған. Қазақ пен ноғайдың айырылысуын ақын-жыраулар қайғылы жыр етіп, қобыз сарынын естірткен. Мұны данышпан жырау Асанқайғы Сәбитұлының дастандарынан да кездестіреміз.
Асанқайғы Жәнібек ханның ақылшысы-кеңесшісі болғаны тарихтан аян. Ол ханның ерліктерін үлгі етіп отырған. Оған “әз-Жәнібек” деген халықтық атақтың берілуіне Асанқайғы тікелей ұйытқы болған.
Алайда, Асанқайғы Жәнібек ханды үнемі қолдап, қолпаштап отырмаған. Кейбір ағат қылықтарын оның бетіне тура, тайсалмай айта да білген. Осы орайда ол Жәнібектің тартылған сый-сипатқа алданып, орыс князі ІІІ Иванмен өзіне тиімсіз одақ құруына ашық қарсылығын білдірген. Сондай-ақ, хан төңірегіндегі бишікештердің қара халыққа тізесін батыруын, орынсыз алым-салықтар жинауын әшкерелеуден тайсалмаған.
Жәнібек хан Қазақ мемлекетінің іргесін кеңейте келіп, Астрахань хандығын өзіне қаратады және 1477 жылы Қырым хандығына да әмірін жүргізеді.
Оның өмірден озуы туралы деректер әрқилы. Мысалы, Мұхамеджан Тынышбаевтың жазуына қарағанда, Жәнібек хан 1480 жылы Ресейге көшіп, Ковно қаласында қайтыс болады. Ал келесі деректе хан Батыс Қазақстанда – бүгінгі өз есімімен аталатын ауданның аумағында өмірден озғаны баяндалады.
Керей ханның да қалай қайтыс болғаны беймәлім. Тарихи деректерде оның ұлы Мұрындық хан Жәнібек ұрпақтарымен бірге хандыққа билік етіп келгені аян. Әкесі Керей хан билікті ұлына тапсырып, сыйлы, құрметті ғұмыр кешкен.
Мұрындықпен бірге Жәнібек ұрпақтары Қасым, Есім, Ақназар, Жәңгір, әз-Тәуке әкелерінің жолын жалғастырып, бірде нығайған, бірде құлдыраған кездері бар, “Қазақ хандығы” деген атауды ғасырлар бойы сақтап келіп, бүгінгі күнімізге жеткен мемлекетіміздің күшқуатын арттырып отырған, соның нәтижесінде ол көрші мемлекеттермен арада абырой мен беделге бөленген.
Биыл Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл. Біз осы елдігіміздің негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарды әрқашан құрмет тұтып, тарих төрінен лайықты орын береміз.
Сабыр ЫБЫРАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,
қалалық мәслихаттың депутаты.