«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТУҒА ҚАҚЫМЫЗ ЖОҚ

Көкшетау – Қостанай тасжолынан әрірек он шақырымдай жерде кіндік қаным тамған, балалық шағымның іздері қалған Сарыбұлақ деген ауыл бар. Бұрын Рузаев ауданы болатын, қазір Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарайды. Қарағайы мен қайыңы, терегі мен талы аралас өскен өңір мен үшін ерекше ыстық, орны бөлек. Көнекөз қариялар “Андай елі” деп те атайтын.

Ақсақал басынан өткерген оқиғалар жайлы сыр шерткенде аузымыз ашылып, қыбыр етпестен тыңдайтынбыз. Бетін әжім торлаған Дәкең қарт әңгімені әріден бастайтын. “Үркіншілік жылдары әкелеріміз Сібірдің тайгасын паналап, жұмыс істепті. Отбасын, шиеттей бала-шағаны ашықтырмау үшін орысқа жалданыпты. Ес біліп қалған шағым. Адасып кетпесін дей ме, әпкем үнемі қолымнан жетелеп жүретін. Бір күні сенің атаң Дайыр келіп тұр. Көкшетау мен Свердловскінің арасын салт атпен бір айдай жүріп келсе керек. “Елдің жағдайы түзелді, оралыңдар”, – деген жылы хабарға бәріміз қуанысып қалдық. Туған жерге табан тіреген соң Микоян атындағы ұжымшар құрылып, Сарыбұлақ бір бөлімшесі болды”, – дейтін салалы саусақтарымен бетін сипап қойып.
Ес жиып, елдің еңсесі көтеріле бастағанда “соғыс” деген суық сөз арқадан сойылмен осып жібергендей есеңгіретіп тастады. 1418 күн мен түнге созылған қанды қырғын біздің ауылды да ойсыратып кетті. Шал-кемпір, бала-шаға жылап-сықтап, 60 боздақты майданға аттандырды. Талай қанды жорықтарға қатысып, жауды ұясында талқандауға үлестерін қосқан ауылдастарымның тізімін мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып істеп жүргенде жинастыра бастадым. Ол кездері деректер өте мардымсыз болатын. Туған-туыстарынан сұрай қалсаң, әңгімені қысқа қайыратын.
Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арнап шығарылған “Боздақтар” кітабына 5-6 ғана ауылдасымның енуі мені қатты ойландырып тастады. Қалғандары жайлы қайдан білуге болады деген сауал маза бермеді. Жеңістің 65 жылдығына орай Ғабит Мүсірепов атындағы аудан шығарған жинаққа 8 ғана ардагер кіргізіліпті. Содан салып ұрып соғыс ардагері, саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған, мектеп басқарған Төкен Әбілқасымов ағаға келдім. Менің қызбалана айтқан сөзімді мұқият тыңдап алған соң ұлын шатырдан әлдебір қобдишаны әкелуге жұмсады. Содан не керек, көзіміздің майын тауысып, сарғайған қағаздарды ретке келтіре отырып, көп сырға қанықтық. 60 боздақтың 24-іне топырақ жат жерден бұйырғанын анықтадық. Кейін де біраз мәліметтер топтастырылды.
Ахмет атай біздің үймен көрші тұрды. Кемпірі екеуін көрген сайын белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың “Қара кемпір” деген зарлы әні ойға оралатын. Анамның айтуынша, қос мұңлық батысқа аттанған жалғыз ұлының жолына үздіге қарап, есік ашылған сайын келіп қалды ма дегендей елегізіп, 30 жыл бойы зарыға күтіпті. Бірде “Боздақтар” кітабын парақтап отырғанда “Ерғали Ахметов” деген жазу көзіме оттай басылды. 1945 жылдың мамыр айында ерлікпен қаза тауыпты. Баланы әкеден, ананы ыстық жар құшағынан айырған сұм соғыстың салған ылаңын тілмен айтып жеткізу қиын. Оның қайғы-қасіретін әр қазақ отбасы көрді десек, артық айтқандық емес.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Сарыбұлақта 125 шаңырақ түтін түтетіп, мыңғыртып мал, жайқалтып егін өсірген еді. Қазір жау шапқандай күйде, 15 үйдің ғана қалғаны жанды сыздатады, жүректі ауыртады. Әке-шешеміздің басына Құран оқытуға баратынымыз болмаса, жыл өткен сайын қатынау сиреді. Жастар туған ауылға келуді мүлдем ұмытты. Қазақ ауылдарының қариясы көп, жастары жоқ күйге түскеніне кімді кінәларыңды білмей, еріксіз бармақ тістейсің. Аты өшкір сұм соғыс аспанымызды торламағанда, сол майданнан қайтпаған боздақтар отбасылы болып, керегеміз кеңіп, шаңырағымыз шалқып отырар ма едік?

 

Смағұл ДАЙЫРОВ,
еңбек ардагері.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp