Қыркүйек айының басында Петропавлдағы «Сэм» азық-түлік дүкенінен ақша ұрланған болатын. Қаскөй дүкенге терезе арқылы кіріпті. «Осындай ұрлық екі аптадан кейін «Мир одежды» дүкенінде де орын алды. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдікті қолға түсті. Ол бұрын ұрлық үшін сотталған 28 жасар қала тұрғыны болып шықты», – деді қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Балабек Жахин.
Ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Күдікті 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі, немесе бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Петропавл қалалық полиция басқармасының анықтау бөлімінің бастығы полиция капитаны Өмірбек Жаналиновтың айтуынша, биыл осы тақылеттес оннан астам ұрлық тіркелді. Ұрлықтың бәрі бір тәсілмен жасалған: қаскөйлер сатып алушы ретінде киім өлшеу бөлмесіне кіріп, үстіне бірнеше киім киеді де жылдам кетіп қалуға тырысады. Ұрылардың мұндай әрекеті көбінесе сауда орнынан шығарда әшкере болып жатады. Ал жолы болып, қашып кеткендер жүргізілетін жедел іс-шаралар кезінде құрықталады.