16 желтоқсан – Қазақ елінің ең басты мемлекеттік мерекесі. Оны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біліп қана қоймай, баға жетпес байлығымызды асқақтату – азаматтық парызымыз.
Бұл – ұрпаққа бұйырған бақыт. Тәңір берген Тәуелсіздігімізді тұмарымыздай сақтап, көк туымызды көгімізде көтеруге бәріміз атсалыссақ, елімізде орнаған бақ-береке мәңгілік болары сөзсіз.
Абырой болғанда, қандай салада болсын ілгері басушылық байқалады. Қалаларда, елді мекендерде балабақша, шағын орталықтар ашылуда. Мұның барлығы – Елбасының салиқалы саясатының арқасы.
Тәуелсіздік күні қарсаңында біздің балабақшада “Туған жерім” атты концерт өтті. Мақсат – еліміздің ертеңі болар кішкентай балаларды тарихпен тоғыстырып, жерімізді қадірлеп, қастерлеуді үйрету. Еркін елде өскен ұрпақты намысшыл, нағыз патриот етіп тәрбиелеу үшін “Отан – тарих, Отан – тіл!”, “Тәуелсіз елім – Қазақстан!”, “Гүлдене бер, менің Қазақстаным!” деген шаралар да ұйымдастырылды. Мерекелік шараларға қатысқан тәрбиеленушілер өлең айтып, би билеп, ұлттық ойындарға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Мәдина ЖҮСІПОВА,
“Снежинка” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі.