«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Кеңестік дәуірде ұлтымызға рухани тірек болған айтулы тұлғалардың бірі – Жұмабек Тәшенев. Қандай қызметте жүрсе де ең алдымен Қазақ елінің, ұлтының мұң-мұқтажын, абыройын, мүддесін әсте есінен шығармаған азаматтың есімі бұған дейін Шымкенттегі және Астанадағы көшелерге берілген. Петропавл қаласындағы №20 орта мектепке Жұмабек Тәшеневтің есімін беру туралы ұсыныс та көптің қолдауын тауып, Үкімет қаулысымен жүзеге асты. Бұл оңтайлы шешім – ұлтжанды азаматтың жарқын бейнесі, есімі, ерлігі халық жүрегінде ұмытпай сақталғанының айқын айғағы. Аталмыш мектепте қазір осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жайында білім ордасының директоры Шарғия Мұқышевамен сұхбаттасқан едік.

– Шарғия Жұманғалиқызы, жақында Астана қаласында Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойына арналған баспасөз-конференциясы өтіп, сіз соған қатысып келдіңіз. Осы маңызды шара жайында айтып өтсеңіз?

– Оған өте көп адам жиналды. Жұмабек Тәшеневтің ұлдары, туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері келді. Қатысушылардың барлығы қазақтың қайсар ұлының халық үшін жасаған ерен еңбегін еске алып, өміріне көз жүгірте отыра, ғибратқа толы әңгімелерін ортаға салды. Жұмабек Тәшенев – ақыл-парасатымен, қайсарлығымен, адалдығымен және әділдігімен ерліктің өнегесі бола білген адам. Ол қазақ ұлтының намысын кеңестік жүйеге таптатпаған батырлығымен көзге түсті. Зеректік пен зейінділікті қанат етіп, қара басының қамын емес, қазақтың болашағын ойлаған ер-азаматқа арналған жиын соңында көрме ұйымдастырылды.

– Көрмеге қандай заттар қойылды?

– Жұмабек Ахметұлының 100 жылдығына арналған көрме жоғары деңгейде, Астана қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен өтті. Көрмеге жиналған қалың қауым Жұмабек Тәшеневтің фотосуреттерін, қолжазбалар, кітаптар, жеке куәлік, фотоаппарат сияқты жеке заттарын көріп, тамашалауға мүмкіндік алды. Мұндай маңызды шара, әсіресе, жастар үшін қажет. Егемен елдің ертеңі болар ұл-қыздар осындай абзал жандардың жүріп өткен өмір жолдарын саралап, оның өмірбаянын оқып, біліп, өнеге алса, құба-құп.

– Оның өмірін оқушыларға өнеге ету мақсатында бүгінгі таңда мектепте атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берсеңіз?

– Жұмабек Тәшеневке арналып мектеп ішіне “Қайсар рухты азамат” деп аталатын стенд орнатылды. Ер-азаматтың өзінен кейін қалған ісі мен ізін кейінгі буын оқып, біліп жүрсін деген мақсатпен стендте ол жайында мол ақпарат жазылды. Тарихи мән-маңызы бар сәттердің куәгері болып табылатын фотосурет көрмесін де осы жерден тамашалауға болады. Сонымен қатар, тарих пәні кабинетінде мұражай ашылады. Қазіргі таңда оның жоспарлы жұмыстары ойдағыдай жүзеге асуда.

– Мұражай ішіндегі құнды заттарға тоқталып өтсеңіз.

– Мұнда қайраткердің жеке заттары қойылған. Сондай-ақ, отбасы, жастық шағы, еңбек жолы жайында біраз мәліметтер жинақталды. Ол жайында жазылған кітаптар, қолжазбалар, журналдар да осында орналастырылды. 20 наурызда өтетін үлкен жиынға Жұмабек Тәшеневтің Мәскеу, Астана, Алматы қалаларында тұратын балалары, туған-туыстары келеді деп күтілуде. Біздің мұражай қонақтардың көңілінен шығады деген үміттеміз. Бұл – биікке самғаған қыранның ұлтына сіңірген ерен еңбегін, қалтқысыз қызметін қайта жаңғырту үшін қолға алынып отырған үлкен жұмыс. Оған ұжым болып бірігіп, оқушыларды тартып, жұмылып, қолымыздан келгенше еңбек етудеміз.

– Осы үлкен бастамаға оқушылардың қосқан үлесі қандай?

– Біздің мектепте 2010 жылдан бастап “Іздеу” деп аталатын топ жұмыс істейді. Оның жетекшісі – тарих пәнінің мұғалімі Клара Молдахметова. Жоғары сынып оқушыларының басын біріктіріп, балаларды жақсы іс-шаралар жасауға жетелейтін топқа 15 адам қатысады. Олар кітапханаларға барып, біраз мәліметтер жинады. Сондай-ақ, елді мекен, аудан, тіпті, алыс-жақын облыстармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда мұражайда Ж. Тәшеневке байланысты біраз құнды дүниелер осы балалардың ізденісі арқасында өз орнын тапты десе де болады. Жалпы оның өмірінен сыр шертетін заттарды, қолжазбаларды осыдан бірнеше жыл бұрын жинай бастағанбыз. Тіпті, осы мақсатпен оның өмірінің соңғы жылдары өткен Шымкент қаласына да барып келдім. Бұл қызығушылықтан туған дүние емес. Елінің сол кездегі көрген саяси өміріне төзе алмай, билікке жақпаса да, шындықты бетке айтатын қасиетімен дараланған тұлға жайында батырлыққа тұнып тұрған деректерді көзбен көріп, оқушыларға жүрекпен жеткізу ниетімен ұштасқан тілек. Қазақтың қайсар рухының символына айналған Жұмабек Тәшеневтің мемлекетіміздің қалыптасуына және дамуына қосқан үлесі зор. Біздің ендігі мақсатымыз ол жайында көбірек тың деректер жинап, мұражайды кеңейте түсу. Алдағы уақытта басқа мектеп оқушыларын, ата-аналарды жинап, Жұмабек Тәшеневтің өмірбаянымен таныстыру да жоспарға енгізілді. Қазір бұл бағытта сынып жетекшілері өздеріне тапсырылған жұмыстарды жүзеге асыруда.

Әңгімелескен

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp