Жуырда іссапарда болғанда “Аққайың ауданында тарихи тұлғалар бар ма?” – деген сұрағымызға: “Ондай ешкім жоқ. Көлдің жанында бір батыр жерленген. Бірақ ол мойындалмаған-ау деймін. Басы көтерілмеген”, – деген жауап алдық. “Ол кім екен?” деген оймен іздестірсек, Жансүгір батыр екен. Жерлесіміз, Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов құрастырған “Есімдері ел есінде” кітабында осы Жансүгір батыр жайлы кеңінен жазылған.
Жансүгір – Қойлы Атығай Баубек батырдың баласы. Баубек батыр қартайған шағында бәйбішесі Мысықтан Жансүгірді көреді.
Жансүгірдің батырлық атағы 17-18 жасар кезінде шығады. Үш жүздің баласына жан-жақтан жау анталап, түстіктен Қоқан қоқаңдап, теріскейден орыстың назары ауа бастаған кез. Осындай бір кезде Баубектің ескі досы Қараман батыр жасағымен келіп: “Мына жорыққа сарбаздарыңа бас етіп кімді жібересің?” – деп алдынан өтеді. Баубек ұлы Жансүгірді атапты. Содан бұл жасақ құба қалмақпен болған шайқастарда үлкен жеңістерге жетеді. Жансүгір батырлығымен көзге түседі. Басына бақ қонып, абыройы аспандай бастайды.
Жансүгір батырдың туған, өлген жылдарынан ешқандай нақты деректер жоқ. Оның өмір сүрген кезеңі шамамен 1700 жылдардың соңғы ширегіне сай келеді. Атығай ұранды жалпақ елдің жауға бастар ұраншысы Андықожа, Баубек батырлар екен. Бұлардан кейінгі қол бастар батыр Жансүгір болады. Атығай ішіндегі Жиес елінен шыққан Сарыбай батырмен тізелес жаугершілікке бірлесіп аттанады екен, әрі екеуі жан аяспас достар болыпты. Жансүгірдің жанындағы тағы бір досы – Нұрым атты ақын кісі. Оның Тереңкөл көлінің құбыла бетіндегі шоқ теректің бауырында мешіті болыпты. Нұрым дүниеден өтерінде өзін жерлейтін жерді айтып, осы араны көрсетеді. Кейін Жансүгір батыр өлерінің алдында өсиет етіп, өзін досының жанына жерлеуді сұрапты.
Жансүгір батырда төрт ұл болған. Олардың ұрпақтары бар, Аралағаш ауылында тұрады. Ұрпақтары Сексен Исаұлы, Ескендір Мырзатайұлы батырдың жерленген орнына қолдан құйып, бір белгі қойыпты. Ол сол қалпы әлі тұр. Осы орайда бүгінгі ұрпақтың мойнында ержүрек, ділмар шешен, ел қорғаны болған батырдың зиратын түзеп, басына көрнекті кесене орнату аманаты қалғандай. Бұл аманат орындалған жағдайда кейінгі буынның аузынан “Көлдің жанында бір батыр жерленген” дегенді естімес едік.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.