Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аса ірі көлемдегі ұрлықты ашты. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен 1200 литр гербицид пен астық орайтын бес полиэтилен орама жоғалғандығы анықталған. Ұрлықтан 4 млн. теңгеден астам шығын келген. Белгісіз қылмыскерлер қойма қабырғасындағы қаңылтырды майыстырып, ішке енгені анықталды.
Оқиға астықты, жанар-жағармай материалдарын, гербицид пен ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін ұрлауға жол бермеуге бағытталған “Астық” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының екінші күні тіркелді. Жедел іздестіру барысында серіктестіктің екі жұмысшысы мен олардың 22 жастағы танысы күдікке ілікті. Ұрлық көктемнен басталғаны және бірнеше рет жасалғаны белгілі болды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қабылданды. Ұрланған заттардың бір бөлігі қайтарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.