«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ қайтсе кеңиді?

Ұста – темірді балшықша илеп, одан түйін түйетін шебер. Ал көзқарас та, түсінік те, көп жағдайда құндылық та өзгерген қазіргі заманда ұсталардың мәртебесі қандай?

Петропавл қаласының тұрғыны Рафис Хафизовтың ұсталықпен айналысып жүргеніне 16 жылдың жүзі болған. Осы жылдар аралығында қарапайым дәнекерлеуші ұсталықтың қыр-сырын меңгеріп, шеберлігін арттырған. Қазір темірден көздің жауын алатын дүниеліктер істейтін дәрежеге жеткен ол бүгінгі ұсталардың басында туындап отырған бірқатар мәселелерді атап өтті.

– Біріншіден, ұсталардың өнімдеріне сұраныс жоқ. Осының кесірінен екінші мәселе туындап отыр. Ол – осы күнге дейін жинақтаған тәжірибемді үйрететін кісінің жоқтығы. Оның үстіне ұсталық – ауыр жұмыс. Сол себепті, жастарға: “Менің шәкіртім болшы. Білгенімді үйретейін” десем, ат-тондарын ала қашады, – дейді Рафис Хафизов.  

Сондай-ақ, қоғам тарапынан ұсталардың қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылық болғанымен, оны бағалаушылық жоқ. Кәсібіне туған балаларының да қызығушылығы жоқ екендігін айтқан шебер ұсталық өнердің дамитындығына күмәнмен қарайтындығын жеткізді.

Дәл осындай жағдайды ауылда тұратын ұсталар да бастан кешіп отыр. Олардың дені қиялына шабыт бітірген ұсталықпен қош айтысуда. Ауылда тұратын бірнеше ұстаға хабарласқанымызбен, олар бірауыздан жұмыстарына сұраныстың жоқтығынан басқа кәсіпке ауысып жатқандықтарын жеткізді. Ал бір кездері ұсталардың негізгі тұтынушылары да осы ауыл тұрғындары емес пе еді? Бүгінгі нарық заманында әркім тіршілік қамымен түрлі жұмыстан нәпақа табудың қамына кірісіп кеткен ұсталарға өкпе артудың да ешқандай реті жоқ секілді. Себебі, ешқандай қолдау көріп жатпаса, ата-баба өнерімен шиеттей бала-шағаны асырай ала ма?

Жеке ұсталарға қарағанда кәсіпорындарға жұмыс істейтіндердің жағдайы жақсы. Себебі, олар тапсырыс іздеп, бас ауыртпайды. Сауда-саттық менеджментін дамытқан жеке кәсіпкерліктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ұсталарға тұтынушыны тауып беріп отырады. Тек тапсырысты уақытында, сапалы орындаса болғаны.

Облыс орталығындағы “Артель СК” ЖШС-і соғылған және дәнекерленген бұйымдарды істеуді осыдан 4 жыл бұрын қолға алған. Бүгінде 15 ұста қызмет істейтін “Артель” дүкенін ашып, сол жерде ағаштан, темірден жасалған бұйымдарды сатуға шығарған.

– Темірден соғылған және дәнекерленген бұйымдарды жасауды қолға алғанда біз тәжірибесі бар дәнекерлеушілерге баса назар аудардық. Өңірімізде білікті дәнекерлеушілер бар. Оларды жұмысқа алғаннан кейін шеберханадағы неміс қондырғысымен жұмыс істеуге үйретеміз. Ұста дегенде көпшіліктің көзіне олардың ерте замандағы бейнесі елестейді. Жоқ. Бүгінгі ұсталар темірді көркемдеп соғуға, дәнекерлеуге мүмкіндік беретін қондырғылармен жұмыс істейді. Ұсталарымыздың шеберлігіне ризамыз. Олар тапсырыс берушілердің көңілінен шығып жүр, – дейді “Артель” дүкенінің директоры Лилия Кравченко.

Тапсырыс берушілердің дені облыс орталығының тұрғындары екенін айтқан дүкен директоры өзге облыстардан да сұраныс мол екендігін жеткізді. Сұраныстың көптігі ұсталар санын көбейтуді қажет еткен.

– БАҚ арқылы “дәнекерлеуші керек” деген хабарландыру бердік. 3 жас маманды жұмысқа алдық. Жұмыс іздеген дәнекерлеушілер әлі күнге дейін хабарласуда. Алған жас мамандарды арнайы қондырғыларда жұмыс істеуді үйретудеміз. Сол себепті жастар ұсталықпен айналысқысы келмейді деу қате пікір, – деген ойын жеткізді Лилия Кравченко.

Темірден көркем бұйымдар жасап жүрген ұсталардың еңбектерін мектеп оқушылары да келіп тамашалайтын көрінеді. Дүкенге экскурсияға келетін оқушылар күнде көре бермейтін бұйымдарға тамсана қарайды екен. “Біз оқушылар арқылы тұтынушы тартуды көздеп отырған жоқпыз. Тек балалар осындай әдемі дүниелердің бар екендігіне көз жеткізіп, қызығушылығы оянса екен дейміз”, – дейді дүкен директоры.

Үш тараптың пікірлерін білгеннен кейін ұсталардың өніміне деген сұраныс менеджментке тікелей тәуелді екенін түсіндік. “Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас” дегендей, жеке ұсталардың заманауи қондырғы алуға, тұтынушы тартып, тапсырысты орындаумен бір өзі айналысуға мүмкіндігі де жоқ, шамасы да жетпейді. Сол себепті де олар ескінің көзіндей болып күн кешіп отыр. Ал сұраныстың тамырын дөп басқандар ұсталардың басын біріктіріп, табысты кәсіптің негізін қалаған. Заманауи жағдай жасалған жерге темірмен жұмыс істеуге ыңғайы бар кез келген жастың тартылары анық.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген  

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp