Маусымның жиырмасыншы жұлдызында «Егемен Қазақстанның» Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, елімізге белгілі журналист Өмір Есқалидің 60 жасқа толуына орай облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында мерейтой иесімен кездесу болып өтті.
«Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, жазушы Жарасбай Сүлейменов Өмір Шалабайұлының журналистік жолын әріптестерінің көз алдына елестетті, Алматы облысына қарасты Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінде әдеби қызметкерден басталып, өзіміздің өңірдің «Ленин туы» – «Солтүстік Қазақстан» газетінде қалам тартқан жылдарын ыстық ықыласпен айтып өтті. Одан кейінгі жылдарда Өмір Есқали «Егемен Қазақстанға» осы алтын ұядан қанаттанып ұшты. Редакция ұжымы әріптесіне өлең арнап, қаламдастары ақжолтай тілегін жеткізді.