Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, дамудың даңғыл жолына түсуі Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты. “Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бір-ауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүргізілді.
Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты”, – делінген Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі декларациясында.
Бұл даусыз шындық. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздік жылдары әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің туы биік желбіреді. Әлемнің 150-ден астам елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің бағытын таңдады. Шын мәнінде, Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды.
Елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы дерлік Мемлекет басшысының есімімен тығыз байланысты. Ендеше, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні – мемлекет мерейі.
Тұңғыш Президенттің бастамаларымен Қазақстан қысқа уақытта көп биікті бағындырды. Еліміз халықаралық іргелі ұйымдарға төрағалық етті. Дәстүрлі дін басшылары үш жыл сайын Қазақстанда бас қосады. Мұның өзі Елбасының ерлікке пара-пар істерінің нәтижесі. “Алдымен – экономика, сонан соң саясат” қағидасы арқасында қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Қазақстанда индустрияландыру саясаты жүзеге асырылуда, оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі ел экономикасының мүлдем жаңа, басқа арнаға бұрылғанын айғақтайды.
Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында сот жүйесін жетілдіру мәселесіне арнайы тоқталады. Құқық қорғау саласына арналған жиындарда да сот билігін дамыту жайын үнемі айтып келеді. Елбасының бастамасымен сот саласында орасан көп жұмыс атқарылды және атқарылып келеді. Сот ісінің тиімділігі, шешімнің әділ қабылдануы, сондай-ақ, жедел және толық орындалуы бұл саланы ілгерілетудің басты көрсеткіші.
Тұңғыш Президенттің сот жүйесін реформалау туралы міндеттерін жүзеге асыру үшін Жоғарғы сот төрағасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы өкімімен Жоғарғы соттың жеті басым жобасы бекітілді. Жобаға сәйкес сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша концептуалдық ұсыныстар әзірленді. Жобаның мақсаты – сот төрелігіне сенімді арттыру және оның әділдігін, жауапкершілігін, тәуелсіздігін, сот шешімдерінің сапасын және судьялардың біліктілігін жоғарылату арқылы құқық үстемдігін қамтамасыз ету.
“Мінсіз судья” жобасының мақсаты тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыру болып саналады. “Үлгілі сот” жобасы аясында 2020 жылға дейін сот төрелігі жүйесіне халықтың сенімін арттыруды қамтамасыз ететін соттарды басқарудың тиімді жүйесі құрылмақ. “Әділ процесс” жобасы әділ және бірізді сот тәжірибесін құруды, процестің ашықтығын және оңтайландырылуын, сот рәсімдерінің жеделдігін және жариялылығын қамтамасыз етуді көздейді. “ЕСОТ” жобасының мақсаты сот жүйесінің ІТ-қызметін дамыту. “Оңтайлы орта” бағдарламасы халықтың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоғам мен соттар арасындағы тиімді қарым-қатынас орнатуды көздейді. “Сапалы нәтиже” жобасы шеңберінде сот актісінің беделі, сот ісін жүргізуге қатысушылардың сотқа жүгіну нәтижесі мен қанағаттану деңгейі көтерілмек. “Сотсыз татуласу орталығы” жобасы арқылы арыз-шағымдардың деңгейін төмендетуге, дауларды сотсыз шешу институттарын дамытуға қол жеткізіледі. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін орталықтар құрылмақ. Біздің өңірде бұл жобаларды жүзеге асыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысының Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында, жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында және “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында белгіленген мақсаттарының ауқымдылығы қоғамның бірігуі мен топтасуының жалпыұлттық факторы болып табылады. Сондықтан Қазақстанда Тұңғыш Президент күнінің уақыт өткен сайын маңызы артып, халықтың мерекесіне айналды.
Ерлан АЙТЖАНОВ, облыстық соттың төрағасы.