Петропавл қаласының 1987 жылы туған тұрғыны пробация қызметін хабардар етпестен қаладан және кешкі сағат 19.00-ден таңғы сағат 8.00-ге дейін үйінен ұзап кете алмайды. Бұдан бөлек, оған қар тазалап, көшелерді сыпыруына тура келеді. Мұндай жазаға тартылуына көпқабатты үйлердің біріне бомба қойылды деген орынсыз “қалжыңы” себеп болып отыр.

Төтенше жағдай өткен жылдың 28 қазанында орын алған. Соның салдарынан үйдің 100-ден аса тұрғынын эвакуациялауға тура келген, оның үштен бірі бала. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, құтқарушылар, дәрігерлер жұмыс істеген. Сапёрлер мен қызметтік-іздестіру иттерімен келген кинологтар мұқият тексеріс жүргізген, алайда, жарылғыш зат табылмады. Жедел уәкілдер қоңырау шалған масаң күйдегі петропавлдықты ұстады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің “Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу жүргізгеннен кейін полицейлер істі сотқа тапсырды. 17 қаңтарда сотталушы айыпты деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлеп еңбекке тарту жазасына кесілді. Ақпанда үкім заңды күшіне енді.
– Облыс тұрғындарына терроризм актiсi туралы жалған хабарлама үшін жауапкершіліктің қатаң екені туралы айтқым келеді, – дейді облыстық экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Руслан Мұхамбетжанов. – Қолда-ныстағы заңнама санкциясы айыппұл немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
2018 жылы облыс полицейлері жалған терроризм туралы он хабарлама қабылдаған, 2019 жылы үш факті тіркелген. Осындай қылмыстардың саны едәуір азаюына қарамастан, полицейлер солтүстікқазақстандықтарға құқық қорғау органдарында мұндай әрекетке әуес “әзілқойларды” лезде анықтайтын техниканың барын ескертеді.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы.