Менің әкем Сабыр Мәліков – 30-шы жылдары Көкшетау облысында алғашқы мектептерді ұйымдастырған, бірнеше ордендер мен медальдардың иегері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген алғашқы ұстаздардың бірі. Осы еңбегі ескеріліп Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылындағы бір көшеге оның есімі берілген.
Әкем көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен болар, өте бауырмал, адамның бойындағы жақсы қасиеттерді тез аңғаратын сұңғыла жан болды. Сондықтан да болар, оның әлемі, жүрген жолы жарқын еді. Айналасында жаны жайсаң, қарапайым адамдар көп болды. Мектеп-интернат директоры қызметін атқара жүріп, тәрбиеленушілері мен қарамағындағы қызметкерлеріне адал болудың, жақсылық жасаудың үлгісін көрсетті. Әкемде тәрбиелеудің даналық ғылыми әдістемелерін іздеу үшін мүмкіндік те болған жоқ. Ол дені жетім, мектеп-интернат балаларының бойында азаматтық ұстаным мен еліне деген сүйіспеншілікті тәрбиеледі, әріптестерінен де соны талап етті.
Әкемнің атқарған игі істері туралы бүгінде өздері қарттық жасқа жеткен шәкірттері баспасөз беттерінде көп жазады. Біз олардың мақалаларынан әкемнің өте инабатты, ашық жүректі және ақылды адам болуымен қатар, тынымсыз, турашыл, сөз тапқыш шешен болғандығын да білдік. Олардың айтуынша, мектеп-интернат тәрбиеленушілері жақын көлдерден тұз өндіріп, Омбы қаласына сатқан. Құрылыс жұмыстарын (пеш салу, т.б.) жүргізіп, көкөніс, жеміс өсірген. Ағаш отырғызып, алғашқы саябақтың іргетасын қалаған. Осы жұмыстардың бәрі оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі бойынша орындалған. Сөйтіп, көптеген түлектердің мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарына түсуі үшін елеулі қаражат жинап алуға мүмкіндіктері болған.
Осының бәрі мектеп-интернатта соғыстан кейінгі жылдары жүзеге асты. Ол кезде тәрбиенің осы әдісінің ғылыми жаңалығына ешкім мән берген жоқ, тіпті ойламады да. Кейін әкемнің педагогикадағы осы бір жаңашылдығы оқытудың өндірістік тәсілі ретінде мұғалімдердің тамыз кеңесінде айтылып, облыс, республика көлемінде таратылғанын әріптестері, оқушылары, тағы басқалар ерекше ілтипатпен еске алады.
Біздің үйде әр жылдары сегіз бала тұрып, тәрбиеленді. Олардың арасында туысқандарымыз да, бөтендер де болды. Солардың бірі – алты жасар үйсіз-күйсіз жүрген орыс баласын әкем Омбы қаласынан алып келді. Әлгі балаға Кеңес Кұдайбергенов деп ат қойып, орысшаласақ, “Совет Богомдаренный” болып шығады”, – дейтін. Кейін ол майданға шақырылып, хабарсыз кетті.
“Жақсының өзі өлгенмен, ісі өлмейді” дегендей, әкем туралы сөз бола қалғанда шәкірттері өздерінің балалық шақтарын тебірене еске алып, ұстаздарының бойындағы ерекше қасиеттерін тізбелей жөнеледі. “Сабыр Мәліков математиканың білгірі еді. Өмір бойы оқуға жалықпайтын, өздігінен білім алып, философия, математика ғылымдарына тереңдей бойлады. Абайдың көп өлеңдерін жатқа айтып отыратын”, – дейді олар.
Әкем Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін тамамдады. “Жігітке жеті өнер де аздық етеді” деген қағиданы ұстанған ол сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Ол қисса, өлең, шымшымалар, эпиграммалар жазды. Ән шығарып, домбырада шебер ойнады. Анам екеуі қосылып ән шырқайтын. Әкем өмірден көрген-түйгенінен, жинақтаған педагогикалық іс-тәжірибесінен кітап жазуды жоспарлап жүруші еді. Бірақ сұм ажал оны 63 жасында арамыздан алып кетті. Алайда, оның артында қалдырған ұлағатты істері өлмек емес.
Тұрсынбек МӘЛІКОВ,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор.