«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ БЕЙНЕСІ

Қолыма қалам алып, өмірден өткен әкем жайында тебіренуіме тоқсан бес жылдық тарихы бар іргелі басылым, өңір тұрғындарының көзі мен құлағы “Солтүстік Қазақстан” газеті журналистерінің өтініші түрткі болды. Саналы ғұмырының біраз жылын редакцияның өркендеуіне арнаған әкеміздің – Абай Қазиевтің өмірі, қызмет жолы, оның адамгершілігі кең көсіле әңгімелеуді қажет етеді.

1926 жылдың 23 ақпанында Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданындағы Ленин ауылында дүниеге келген ол жастайынан өлең жазуға, Абай атамыз айтқан “көңілдің кейбір кездерін” қағаз бетіне түсіруге әуес болады.  

Әкесі Қази, шешесі Балжаннан бірнеше бала өмірге келіп, алайда тірі қалып, өсіп-жетілгендері әкем мен оның ағасы Қайырбек. Ағасынан көп қамқор көрген әкем оны өте сыйлайтын, айтқанын екі етпейтін. Білгенін алдындағы шәкірттеріне үйретуді азаматтық парызына айналдырған Қайырбек ағамыз көп жылдар мұғалім, кейін мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Осындай жауапты қызметтерде жүріп әкеміздің тәрбиесіне де араласты, көмек керек уақытта қолтығынан демеп, қол ұшын да соза білді.

Әкемнің мектепті тамамдауы қылышынан қан тамған ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келіп, ол 1942 жылы бітіріп шығады. Қазақ халқының ғана емес, бүкіл Кеңес одағының басына түскен қилы да қиын кезең елдегі ер-азаматтар жаппай соғысқа аттанып, жауға қарсы қол біріктірулеріне тура келді. Небәрі он алты жастағы әкеміз сол уақытта Преснов аудандық білім бөлімі басшысының бұйрығымен Айымжан мектебіне мұғалімдікке жіберіледі. Жиырманың ауылына әлі құрық салмаған әкем сол кездерді күнделігінде: “Өзім әлі бала едім ғой, кейде ойнағым кеп, кейде жатып ұйықтағым келетін”, – деп еске алады.

Әкем жас кезінен өлеңге құмар болып, қазақ ауыз әдебиетінің көне үлгілерін жинап, оларды естіген бойда жаттап алуға тырысады екен. Мұғалім бола жүріп, алғашқы жыр-шумақтарын шығарып, өлең өлкесіне жақындай түседі. Оның “Өмір-ақын” өлеңі былайша өрілген:

Өлеңді, жырды жасымнан,

Құмарта сүйіп берілдім.

Өмірімдей ашылған,

Өлеңнен отты сезіндім.

Оқысам әрбір шумағын,

Жүрекке жылы тиеді.

Ақын боп неге тумадым,

Деуші едім халық сүйетін.

Ақынды өмір туғызар,

Еңбекке қызу қайнаған.

Жолында асу, құзы бар,

Өмір-ақын, айналам.

Өзі оқытқан балалармен бірге есейген әкеміз білімін жетілдіріп, білікті педагогтер санатына қосылу мақсатында Көкшетаудағы педагогикалық училищеге түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. 1946 жылы Семейдегі мұғалімдерді даярлайтын институтқа түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің бірінші курсын тамамдайды. Одан әрі жалғастыруға тұрмыстың төмендігі қолбайлау болып, үлкен мақсатпен жеткен арманын жарты жолда тастағысы келмеген ол Қарағандыдағы мұғалімдер даярлайтын институтқа ауысады. Оны 1950 жылы бітіріп шығады. Алған біліміне көңілі қанағаттанбаған соң 1952 жылы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, “Тарих және филология” факультетінің журналистика бөлімінде білім алып, бітіріп, елге оралады. Студенттік шақтың шуақты күндерінде де қолына қалам алып, көңіл күйдің кейбір сәттерін, ой иірімдерін қағазға түсіріп отырудан жалықпайды.

Әкеміздің бүгінге дейін сақталған өлеңдерінің көбі – махаббат тақырыбы. Барлық ақындардың айналып өтіп кете алмаған ғашықтық сарынындағы жырлары – шынайы. Оның өмірлік серігі – анамыз Ұлбалаға деген сезім ұшқындарын “Біл өзің” деген туындысынан аңғаруға болады. Оқып көрелік.

Құрмет етіп әрқашан,

Жақыныңдай сыйлайсың.

Күнде өзіңмен сырласам,

Күнде мені қинайсың.

Тереземнің тұсынан,

Кешкілікте өтесің.

Жүрегіңнен ұшырған,

Сезім тастап кетесің.

Қарақат көзің мөлдіреп,

Қарайсың кейде балаша.

Сүйсінемін елжіреп,

Мінезіңе тамаша.

Көрсең мені сыртымнан,

Көзіңді алмай қарайсың.

Демейсің ғой бір туған.

Сонда кімге балайсың?

Жанарыңда жанып от,

Туғызар нәзік бір сезім.

Жүрегіме жалын боп,

Тиді сол от біл өзің.

1957 жылы оқуды бітіріп келген бетте “Ленин туы” (бүгінгі “Солтүстік Қазақстан”) облыстық газетінің тілшісі болып жұмыс істейді. Кейін бөлім меңгерушісі болады. Газет қабырғасында жүрген жылдары көптеген мақалалары жарық көріп, түрлі тақырыпта тебіренген өлең жырлары дүниеге келеді. 1963 жылы аталмыш газет жабылып, журналистердің жұмыссыз, еңбекақысыз қалған қиын кезеңі әкемді де сансыратады. Араға біраз уақыт салып, оқырмандарымен қайта қауышқан редакцияда ол жұмысын қайта жалғастырады. Ол кезде әкеміз жүрек дертіне шалдыққан еді. Көп ұзамай бақиға аттанды.

Бір адамның тұтас ғұмырын қағаз бетіне түсіру оңай дүние емес. Сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрседен секем алатын бала мінезді жанның ғұмырдерегінен мақаладан өзге бір кітап жазуға да болады. Дегенмен де, тобықтай сөздің түйіндері айтылған бұл мақала арқылы көпшілік оқырман көп жайға қанығатынына сенгім келеді.

Ғалия НҰРМОЛДИНА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp