Кәсіптік білім беру ісінде үздіксіз қызмет атқарып келе жатқан Қызылжар аграрлы-техникалық колледжіне – 80 жыл. Аталмыш білім ошағы кадр даярлау ісінде үздіктер қатарынан көрініп, облыстық кәсіпкерлер палатасының сенімді әріптесі ретінде танылды.
Осы жылдар ішінде Қызылжар ауданын ғана емес, облыстың басқа өңірлерінде кәсіби кадрлармен қамтамасыз етуге үлес қосып отырған білім ошағынан 50 мыңнан астам түлек қияға қанат қақты. Білім ошағының алғашқы қадамы 1935 жылы Приишим ауданының Надежка ауылында ашылған комбайншылар мектебінен бастау алған болатын. Бір жылдан соң мектепті 160 түлек бітірді. Ал 1953 жылы білім ошағы училище ретінде қалыптасып, 1957 жылы оқу-өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілген. Кейін 420 орындық жаңа оқу корпусы салынды.
1967 жылы училище жоғары кәсіби білікті мамандар даярлауға және өскелең ұрпақ тәрбиелеуге ерекше үлес қосқаны үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Оқу ордасының жеті түлегі Социалистік Еңбек Ері атанды. Олар тек білім ошағының ғана емес, облыстың да беткеұстар мақтаныштары болды. Ұлы Отан соғысының ардагері Владимир Курбатов, жүгері өсіру шебері ретінде солтүстікқазақстандықтарға есімі ерекше Төлебай Мұстафин, тың игеру кезінде астықтан мол өнім алған Құрманғали Сұрағанов пен Христиан Шварц, Әбу Сыздықов, Дмитрий Росинский, Антон Энгель сияқты түлектерді баса айтып өткен жөн.
2012 жылдың қыркүйек айында колледж өзінің бүгінгі атауын алды. Қазіргі таңда колледж ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда және кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда 6 мамандық пен 14 біліктілік бойынша табысты еңбек етуде. Әлеуметтік әріптестік аясында ұжым ауыл шаруашылығы құрылымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатуда. Қызылжар аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының арқасында оқушыларды өндірістік тәжірибеден өткізу мақсатында 2015 жылы бизнес субъектілерімен үшжақты келісімшарт жасалды.
– Өндірістік тәжірибе барысында білім алушылар өндірістің заманауи технологиясымен ғана танысып қоймай, атқарған жұмысына лайықты жалақы алуға мүмкіндігі бар. Бұл аз қамтылған отбасылардың балаларына жасалған ерекше қамқорлық. Тәжірибеден өту барысында өзін жақсы қырынан көрсете алған оқушылардың сол жерге жұмысқа орналасуларына да мол мүмкіндік бар, – дейді аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Асқар Нұрмұқанов.
Әлеуметтік әріптестермен өзара жақсы қарым-қатынас түлектердің жұмысқа орналасуына және білікті маман даярлауда сапаны бақылауға барынша жағдай жасайды. Сондай-ақ, мамандықтар бойынша кадр тапшылығын анықтауға септеседі. Кадр даярлауда тиімді жұмыс істеп, кәсіптік білім беруде дуальдық оқыту жүйесінің қалыптасуына ерекше үлес қосқан “Крафт”, “ПродТоргМаркет”, “БЭМЗ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен бірқатар шаруа қожалықтарының ерен еңбегін ерекше айтып өтуге болады. Әлеуметтік әріптестік аясында қажырлы еңбек етуде бұл кәсіпорындар әрқашан жоғары белестен көрінері анық.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.