Ел ішінде 3 миллионнан астам азамат 42500 теңге көлеміндегі қаржылай көмекке ие болғанымен, тұрғындар тарапынан бұл әлеуметтік төлемнің кімге берілетіні жөніндегі сұрақтар әлі де келіп түсуде. Оның берілу тәртібін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ботагөз Қожағұлова түсіндіріп берді:
– 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезеңінде жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына шыққан немесе кірісін жоғалтқан азаматтарға беріледі. Нақтылайтын болсақ, ережеге сәйкес азаматтардың төтенше жағдай кезеңінде қызметінің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайына орай әлеуметтік төлем мынадай санаттар бойынша төленеді:
1) жеке кәсіпкерлер, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері;
2) карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген жұмысшылары;
3) мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері;
5) жеке тәжірибемен айналысатын азаматтар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
6) Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем (әрі қарай – БЖТ) төлейтін жеке тұлғалар;
7) түрлі қызметтерді көрсететін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (әрі қарай – АҚС) бойынша пайда табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеген жеке тұлғалар аталмыш төлем алу құқығына ие.
Әлеуметтік төлем мына азаматтарға тағайындалмайды:
1) БЖТ төлеушілерді қоспағанда, төтенше жағдай енгізілген күнге дейін он екі ай ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған адамдар;
2) өтініш берген күнге дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған БЖТ төлеушілер;
3) төтенше жағдай енгізілген күнге дейін он екі ай ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған АҚС бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар;
4) екі жұмыс орнында жұмыс істеген азаматтар, соның ішінде кәсіпкерлікпен айналысатындар, егер бір жұмыс орнында қашықтан жұмыс істеуді жалғастырса;
5) төтенше жағдай енгізілгеннен кейін БЖТ-ны алғаш төлеген азаматтар, егер олар зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы алатын болса;
6) басқа елге көшуге байланысты тіркеуден шығарылған азаматтар.
Азаматтар әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы өтінішін мынадай тәсілдер арқылы бере алады:
1) “Электронды үкімет” веб-порталы;
2) “42500.enbek.kz” веб-сайты арқылы;
3) “https://t.me/Help42500Bot” Telegram-бот арқылы. Деректерді тексеру және өтініштерді қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды.
Дайындаған
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет: https://tengrinews.kz/