«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әлімжеттік – әлсіздің ісі

Өткен демалыс күндерінің бірінде ойда-жоқта ескі танысымды жолықтырдым. Менен үш-төрт жас үлкендігі бар. Сәл қызып алыпты. Амандық-саулық сұрасқан соң әңгіменің тиегі ағытылды. Барса-келмеске кеткен оқушы кезімізді еске алып, интернаттың небір қызықтарын айтыстық. Әңгіме барысында оның үйленгенін де білдім. Бір уақытта танысымның телефоны шырылдады. Бірақ ол жауап қатпап еді, бес минуттан соң әлгі “бажылдақ” әңгімемізді тағы бұзды. Танысымның зығырданына тисе керек, телефонды көтере бере былапыт сөздерді қарша боратқанын-ай! Кімді сонша сөзбен сабағанында шаруам қанша? Сұрамасам да, “Осы әйелім миды ашытты, үйге барғасын екі-үш шапалақ жібермесем, жігіт атым құрысын” деп, үстелді бір ұрды. “Бәрі дұрыс па өзі?” деген сұрағыма “Иә!” деп жауабын қысқа қайырды да, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды. Кеше ғана шаңырақ көтерген танысымның осылай әйеліне айбат шегуіне бастапқыда таңғалсам да, артынша ыза болдым.

Шаңырақтың шайқалуы ерінің осылай әйелін балағат сөздердің астына алып, бір ғана шапалақтан бастау алатынын сонда түсіндім. Бастапқыда ұрыс-керіс баяу жанған шоқ секілді болса, кейін өршіп, мұның соңы балалардың құтын қашырып, əйелін соққыға жығумен бітеді. Бұдан кейін денесі көгерген әлсіз əйел жылап үйде қалса, ашуға булыққан еркек есікті тарс жауып, тысқа шығады. Психолог мамандар жарына қол жұмсағыш ер адамдардың мінезінде ауытқушылық бар дейді. Ал әйелдер болған жағдайды ешкімге айтпай, “Бас сынса, бөрік ішінде” деп, тым осалдық танытады екен. “Ерлі-зайыптылар бір-біріне махаббатпен, мейірімділікпен қараулары керек. Әйтпесе, ата-анасының арасында болған жағдайды көрген бала болашақта оны өз отбасында да қайталауы мүмкін. Өйткенi, баланың психологиясында әйелдi сабау қалыпты көрiнiс болып қалыптасады”, – дейді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Педагогика және психология” кафедрасының оқытушысы, “Единство педагогов” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Баязитова.

Өңірде отбасылық әлімжеттіктің алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Үстіміздегі жылы өңір полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 21 фактісін анықтапты. Соның бесеуі әйелдерге қатысты екен.

Ал облыстық прокуратура болса, уәкілетті органдар жұмысының нәтижелілігін арттыру мақсатында алдын алу мекемелерінің өзара іс-қимыл жасау тәртібі мен механизмін құрастырған. “Механизмнің мақсаты – отбасылық әлімжеттік құрбандарын анықтап, олардың оңалуларын қадағалау, зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау. Ол Мамлют ауданында таныстырылып, жүзеге асуын қамтамасыз ету жергілікті полиция қызметіне тапсырылды, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметова.

Прокуратураның мұндай амалдарға баруының да өзіндік себептері бар. Солардың бірі – әйелдер суицидінің көбеюі. Мәселен, 2015 жылы облыста 232 суицид фактісі тіркеліпті. Ал өмірден өткен әйелдердің 9-ы өздеріне қол жұмсамай тұрып ішкі істер органдарына әлімжеттіктің құрбаны болғандықтарын хабарлаған екен. Мысалы, өткен жылы М. есімді әйел суицидке бармай тұрып, күйеуінің ұруы салдарынан денесі зақымданғанын айтып, ішкі істер органына 4 рет шағымданған. Бірақ кейін ол күйеуімен татуласып, қылмыстық іс екі жақтың бітімгершілігімен тоқтатылыпты. Осы орайда, құқық қорғау органы отағасыға қатысты ешбір әкімшілік немесе алдын алу шараларын қолданбаған, әйелге психологиялық көмек көрсетпеген. Салдары сорлы әйелдің өзіне-өзі қол жұмсауына әкеліп соқтырған.

Тағы бір оқиға. Н. есімді әйел өзімен бірге тұрып, соққыға жыққан екі азаматты қылмыстық жауапкершілікке тартуды 7 рет өтінген. Алайда, тек бір жағдайда ғана С. есімді азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Біз суицид жасамақшы болған кейбір нәзік жандарға қоңырау шалғанымызда, оларға әйелдерді қолдау орталығы бар екенін ешкім айтпағанын, ешқандай психологиялық көмек көрсетілмегенін жеткізді, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметова.

Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сыл­дырламай тұрмайды. Десек те, ұрыс-керістің басым бөлігі әлеуметтік, материалдық жағдайлардың күрделілігінен туады. “Күрмеуге келмей­тін қысқа жіп әйелдің титығына тиіп, шаңырақтың асыраушысына шағымданады, ақыр аяғында отағасы отанасына қол жұмсайды. Бұдан басқа да факторлар толып жатыр. Отбасындағы жанжал кейде әйелдің, бірде еркектің қателігінен өршиді. Сондықтан нақты мынау кінәлі деп айту қиын”, – деді Ғалия Баязитова.

Әлімжеттікке арақ та жиі себепші. Мәселен, 2013 жылы қызып алған солтүстікқазақстандық ер адам әйелін өлтіріп тынған. “Ащы суға” сылқия тойып алған ол әйелінен дүкеннен тағы бір бөтелке арақ алып келуін талап еткен. Алайда, келіншегі талабын орындамай қойғанына ашуланған ол мастықтың буымен әйелінің жүрек тұсынан пышақ сұғып алған. Ауыр жарақат алған әйел, сол жерде көз жұмады. Осылайша, екі бала зар еңіреп, жетім қалған.

Отағасының соққысынан қорғанудың соңы қайғылы аяқталып жатады. Шарасыздықтан қолына суық қару алған әйелді көзге елестетудің өзі қорқынышты. Мәселен, Петропавл қалалық сотында Е. есімді әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды. 2015 жылдың наурыз айында ол өзімен бірге тұрған ер адаммен сөзге келіп қалады. Белгілі болғандай, қызып алған еркек әйелден арақ алуға ақша сұраған. Өтінішін орындамаған әйелді қылқындырып, аяғына пышақ салған. Ал әйел болса, өзіне қадалған пышақты жалма-жан суырып алып, ер адамға қарсы қолданған. Салдарынан ер адам ауруханада көз жұмған. Тергеу анықтағандай, отағасы арақты көп ішіп, әйеліне жиі қол көтерген. Тіпті, аяғы ауыр болған күннің өзінде де соққының астына алады екен. Осындай ауыр халге түскен әйел бірнеше рет полицияға да хабарласқан екен. Бірақ тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбапты. Петропавл қалалық сотының үкімі бойынша айыпты әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, үш жарым жылға бас бостандығынан айрылған. Осылайша өз-өзін қорғамақшы болған әйел темір тордың ар жағына тоғытылды.

Соңғы жылдары осындай қайғылы жайттар жиі кездесуде. Осылай әйелдің қорғаны болар отағасының шаңырақтың ұйытқысына жасаған зомбылығы көбейе бере ме? Шаңырақты ойрандап, ортасына түсіру үшін емес, сүйіспеншілік пен сыйластықтың құтты мекеніне айналдыру үшін құрмаушы ма еді?!

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp