Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында әнші, сазгер Сегіз серінің туғанына 200 жыл толуына арналған тағылымдық кеш өтті. Кезінде ақындығымен, әншілігімен, сазгерлігімен, батырлығымен даңқы шыққан Сегіз серінің есімі ұзақ уақыт бойы ұмыт қалып келді, оның көптеген әндері халықтық шығарма ретінде орындалды. Сегіз серінің шығармашылығын зерттеушілер оның өміріне қатысты тың деректер іздестіріп тапты. Әдеби кеште көпке мәлім бола қоймаған бірқатар деректер келтірілді.
Сегіз серінің шын аты – Мұхамедқанапия Бахрамұлы Шақшақов. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе-Маманай деген жерде дүниеге келген. Ол өз заманында алғашқылардың бірі болып еуропаша білім алып, сазгер, жауырыны жер иіскемеген балуан, батыр болған.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов – Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің бірі. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ол ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, даңқты тұлғаның ұрпақтарымен кездескен және биыл Сегіз сері туралы кітап жазып жарыққа шығарған.
– Кейбір адамдар Сегіз сері болмаған, ол ойдан шығарылған тұлға деген жаңсақ пікірлер айтты. Оның есімін халқымызға қайтару – біздің қасиетті борышымыз болуы тиіс, – дейді Серік Оспанов. Оның айтуынша, жуырда Жиенәлі Досқожаұлы сыйға тартқан Сегіз сері киген шапан табылған. Қазір ол Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.
Сазгердің шығармалары туған жерге, отандастарына сүйіспеншілікке құралған. Оның “Ақбұлақ”, “Гауһартас”, “Қызға сәлем”, “Әйкен-ай”, “Сәулем-ай”, “Алқоңыр”, “Елік-ай”, “Ақбақай” және басқа да әндері бар. Кешке қатысқан белгілі композитор, өнер зерттеуші Қайыржан Мақанов “Ғайни” әнінің шығу тарихын айтып берді. Бұл әнді Серік Оспанов домбырамен нақышына келтіріп орындады.
Архивтік деректерге қарағанда, Сегіз сері 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің көтерілісіне қатысқан. Осы жерде ол Қалдыбай батырдың жалғыз қызы Ғайнимен танысып, оған ғашық болады және сүйіктісіне ән арнайды. Зерттеушілердің айтуынша, Ғайни жас кезінде қайтыс болған екен. Алайда, бұл ән Сегіз серінің басқа шығармалары секілді екі ғасырға жуық халық жадында сақталып қалды.
Әлия МАЙСЕЙІТОВА.
СУРЕТТЕ: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов.