Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншілері фьюжн форматында онлайн концерт қойды. Өнерпаздар лирика, опера, осызаманғы және патриоттық жанрда әндер орындап, “Instagram” желісі арқылы тыңдармандардың көңілін көтеруге тырысты.
Кеш ұйымдастырушысы Данияр Құстанов айтулы концертті үш ай бойы дайындаған. Ол қазіргі пандемия жағдайында тыңдармандардың көңілін аулау мақсатында қазақстандық әншілермен қатар әлемдік сахна саңлақтарының репертуарларынан үздік туындыларды бағдарламаға енгізген. Ол әріптесі Динара Таушевамен бірге ресейлік әншілер Валерия мен Егор Кридтың эстрада жанрындағы танымал туындысын орындады. Бұдан соң ерлі-зайыпты Асхат пен Динара Таушевтар Анна Нетребко мен Филипп Киркоровтың “Голос” әніне кезек берді. “Бұл ән бізге өте жақын. Өйткені, онда біз сияқты ғашықтардың сезімі, бір-біріне деген сыйластығы туралы айтылады. Бүгінгідей күрделі жағдайда ешбір қиындық өмірімізге, көңіл күйімізге дақ түсірмеуі тиіс. Біз тыңдармандарға туынды арқылы осы ойымызды жеткізгіміз келді”, – дейді әншілер. Шарада өнерпаздар туған жер, достық және ана тақырыбы туралы шығармаларды да қалыс қалдырмады.
Желі пайдаланушылары арадағы қашықтыққа қарамастан сүйікті әншілерін қолдап, концерт барысында өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: концерттен көрініс.