
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстандағы Австрия елшілігі сауда бөлімінің басшысы және сауда атташесі Михаэль Мюллерді қабылдады. Кездесу барысында біздің облысымыз бен Австрия мемлекеті арасындағы екіжақты өзара ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынасты нығайту мәселелері сөз болды.
Австрия – шағын және орта бизнесті дамыту бойынша әлемде көш бастап келе жатқан мемлекеттердің бірі. Тек соңғы он жылдың өзінде Қазақстан мен Австрия арасындағы тауар айналымы он есеге өскен. Өңір басшысы жоғарыда аталған көрсеткіштерді еселей түсуге мүмкіндік мол екендігін атап көрсетті.
– Облысымыздың географиялық орналасуына көз жүгіртсек, ол Еуропа мен Азияны байланыстырушы көпір іспеттес. Өңірімізде көлік инфрақұрылымы да жақсы дамыған. Жерасты байлығымыз да жеткілікті. Пайдалы қазбаларды өндіруде соңғы жылдары цирконий, қалайы өндірісі оң жолға қойылып келеді. Машина жасау саласында да ілгерілеушілік бар. Бұл бағытта бірлескен кәсіпорын ашуға болады, одан екі жақ та ұтылмасы анық, – деді Ерік Сұлтанов.
– Австрия Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға мүдделі. Өткен жылы екі елдің тауар айналымы 1 миллиард 700 миллион еуроны құрады. Машина жасау саласы мен ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу бізде де оң жолға қойылған. Десек те, Кеден одағы шеңберінде сіздердің алдарыңыздан кең мүмкіндіктер ашылып отыр. Австриялық кәсіпкерлер сіздермен бірлескен кәсіпорындар ашуға қызығушылық танытуда, – деді Михаэль Мюллер.
Өңірімізге жұмыс сапары барысында шетелдік мейман облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып үлгеріпті.
– Машина жасау Австрияда да жақсы дамыған салалардың қатарында. Бұл ретте біздің кәсіпорындар сіздерге қажетті қосалқы бөлшектер шығаруға әзір. Оған кәсіпорындарымыздың мүмкіндігі мен мамандарымыздың біліктіліктері жетеді, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында екі ел мамандарының өзара тәжірибе алысуы турасында әңгіме өрбіп, делегациялар алмасуға уағдаласты. Ол алдағы уақытта арнайы ұйымдастырылатын инвестициялық форум арқылы жүзеге аспақ.
– Қазақстанның Кеден одағына мүшелікке енуі біздерге жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Қазіргі күні жергілікті кәсіпорындар бәсекелестікке қабілетті ет, сүт өнімдерін шығара бастады. Келер жылдан бастап майлы дақылдарды да өзімізде өңдеуді жоспарлап отырмыз. Оған үлес қосамыз десеңіздер, біздің тарапымыздан қашанда қолдау болады. Ал темір жол саласына қажетті жүк вагондарына келсек, біздің зауыттарымыз сіздермен әріптестік орнатуға әзір, – деді Ерік Хамзаұлы.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.