Бір жамандықтың артында бір жақсылық болады. Тек сенім мен сабыр қажет. Бастысы, қауіпті індеттің жолын кесу үшін бір-бірімізге түсіністік танытып, Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шараларға қолдау білдіруіміз қажет.
Мемлекеттің байлығы – халықтың саулығы. Сондықтан сақтық шараларын қатаң ұстануға міндеттіміз. “Тәртіпке бағынған құл болмайды” деп бекер айтылмаса керек. Көпэтносты Қазақстан халқы ауызбіршілігі мен татулығын, тұтастығын осындай сәтте көрсетсе абзал. Заң – баршасына ортақ. Төтенше жағдайлар кезінде тәртіпке бағынып, өз өмірімізге жауапкершілік танытуымыз керек. Өйткені, қара ормандай халықтың ынтымақ-бірлігі болмаса, мемлекет тарапынан көрсетілер қолдаудың құны көк тиын. Сол себепті қазір баршамыз жұдырықтай жұмылып, қауіп-қатерді жеңіп шығуға атсалысуымыз керек. Осынау қиын сәтте полиция мен ақ халатты абзал жандардың жұмысына кедергі келтірмей, азаматтық белсенділігімізді үйде оқшауланумен дәлелдеуіміз қажет. Бұл орайда, аға ұрпақ өкілі ретінде өңір тұрғындарын жауапкершілікке шақырамын.
Елімізде қалыптасқан қиын ахуалмен күресте медицина қызметкерлерінің еңбегі зор. Бұл күндері оларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Өз өміріне қауіп төніп тұрса да, ауруға араша түскен дәрігерлерді құрметтеу керек. Осы індетпен күресте алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Ал тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың еңбегіне лайықты баға берген жөн. Облыста ауру жұқтырған науқастардың саны аз. Бұл мәселені бақылауда ұстап, дер кезінде карантин жариялаған облыс әкімінің іскерлік қабілетін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Қасиетті ораза айы да таяп қалды. Жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі болып саналатын Рамазан айында бір-бірімізге жақсылық тілеп, Алладан халқымыздың амандығын сұраудан басқа амалымыз жоқ. Рамазан айы келісімен көбіміз ауызашар беруге асығамыз. Сондықтан осындай сын сағатында, әсіресе, ауызашар кезінде сақтық шараларын да ұмытпағанымыз абзал.
Өкінішке қарай, биыл елімізде бірқатар шаралар кейінге шегерілді. Пандемияның кесірінен Жеңіс мейрамы тойланбайды. Дегенмен, талай жүрекке жара салған қанды қырғын соғыста жаумен шайқасқан ата-баба ерлігі ешқашан ұмытылмасы хақ. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманға қол жеткізу үшін аға ұрпақ талай қиын-қыстау, даңқты жолдардан өтті. Бұл сынақтан да өтеріміз анық. Тек болашағымызды ойлап, бір мүдде, бір мақсатпен ортақ істерге жұдырықтай жұмылсақ игі болар еді. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” дегенде, жұқпалы індет бойға үрей тудырмауы тиіс.
Көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындықпен кіріскен шаруалардың көңілі күпті екені даусыз. Шаруа баққан жұртқа коронавирус қолбайлау болмауы тиіс. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері ретінде қазір осы мәселе мені алаңдатып отыр. Бірақ бұл мәселе білікті басшы Құмар Ақсақаловтың жіті назарында деп ойлаймын. Диқандарға жан-жақты көмек көрсететініне сенімім зор. Қауіпті індеттен құтылып, орақ науқанында мол астық жинайтын күнге жеткізсін.
Манабай ҮМІТБАЕВ,
Шал ақын ауданының құрметті азаматы.