«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫЛАР ПТР талдаудан өтуге міндетті

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыс колледждері түлектерін жұмыспен қамтуды жүзеге асыру және күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы талқыланды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова атап өткендей, қазіргі таңда өңірімізде кәсіптік және техникалық білім беру бағытында 25 колледж жұмыс істейді. Олардың 21-і – мемлекеттік, 4-еуі – жекеменшік.
– Колледждерде еңбек нарығында сұранысқа ие 75 мамандық пен 126 біліктілік бойынша 10724 студент білім алуда. Студенттердің 78 пайызы мемлекеттік тапсырыс аясында оқып жатыр. 3750 ұл-қыз – жұмысшы, қалғаны орта буын мамандықтарын таңдаған. Биыл өңірімізде алғаш рет “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында жекеменшік инновациялық кәсіби даму колледжі ашылды. Мұнда кәсіпорынның қажеттілігіне қарай мамандар даярланады. Бұдан бөлек, өңіріміздегі үш білім ордасының “Жоғары колледж” деген мәртебесі бар, – деді Гүлмира Райынбекқызы.
Облыста техникалық және кәсіби білім беруді дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында түлектерді жұмысқа орналастыру ойдағыдай жүргізілуде. Бұл ретте жұмыспен қамту орталықтарымен әріптестік байланыс орнатылып, жұмыс берушілердің қатысуымен семинарлар, конференциялар және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізілуде.
Гүлмира Кәрімова үстіміздегі жылы өңір колледждерінен 3716 студент түлеп ұшқанын айтты. Өткен жылмен салыстырғанда түлектерді жұмыспен қамтуда оң серпін байқалады. Былтыр түлектердің 66 пайызы екі қолға бір күрек тапса, биыл бұл көрсеткіш 72 пайызды құрады. Мемлекеттік тапсырыс аясында оқыған түлектердің 95 пайызы жұмысқа орналасқан. Жалпы, биыл өңір экономикасының 11 саласына қажетті мамандар даярланған. Әсіресе, тасқалаушы, сылақшы, омарташы, темір ұстасы, техник-механик, фармацевтің көмекшісі біліктіліктерін алған түлектер жұмысқа оңай орналасуда. Олар, негізінен, “Основание”, “Лира”, “Альфа-Север”, “Радуга”, “СТО ДЖИП”, “Қызылжар су”, “AVAGRO” ЖШС-лері мен “СевКазЭнерго”, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамдарында еңбек етуде.
Құмар Ақсақалов түлектерді жұмысқа орналастырудан бөлек оларды орындарында ұстап қалу мәселесіне зор көңіл бөлінуі керектігін айтты.
– Облыста оң өзгерістер орын алуда. Инфрақұрылым жақсарып, зауыттар жаңғыртылып, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Осыған орай білікті мамандарға деген сұраныс артып отыр. Биыл өңіріміздегі университет пен колледждерді 5449 түлек бітірсе, бұл – 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Түлектердің 80 пайызы жұмысқа орналасты. Соңғы үш жылда бұл меже 71 пайыздан асқан емес. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жұмысшыларына өз қаражаты есебінен тұрғын үйлер тұрғызуда. Мәселен, “Петерфельд-Агро” ЖШС-і 14 үйдің құрылысын жүргізуде. Жалпы, әрбір басшы мамандарға лайықты еңбекақы төлеп, алаңсыз еңбек етулеріне жағдай жасауы керек. Бұл жұмысқа өнеркәсіп және құрылыс компаниялары да қосылулары тиіс, – деген Құмар Іргебайұлы өңірдегі жас инженерлер мен құрылысшыларға тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша бағдарлама жасау керектігін тапсырды.
1 қыркүйек күні елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталған болатын. Осы жайында есеп берген облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Талғат Әліқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда ведомствода 15229 бозбала тіркеуде тұр. Олардың 7603-нің шақырту уақыты шегеріліп, 2261-і бұл міндеттен босатылған. Ал қасиетті борышқа немқұрайды қараған 1183 бозбала іздестірілуде.
Биылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында 551 солтүстікқазақстандық әскерге жөнелтіліп, Отан алдындағы борышын өтейді. Олар Қазақстанның Қарулы Күштерінің, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Ұлттық Ұланның қатарын толықтыратын болады. Қазіргі уақытта солардың арасынан 315-і іріктелген. Айбынды әскердің сапына қосылатын жерлестеріміздің алғашқы лектері Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне жөнелтілген.
Қазір Отан алдындағы борышын өтеуге жарамды жігіттерді іріктеу жалғасуда. Ұлттық Ұлан қатарын толықтыратын болашақ сарбаздар медициналық тексерістен өтіп, психологиялық тест тапсыруда. Үстіміздегі жылғы басты жаңашылдық – әскерге шақырылушылар коронавирусқа ПТР-талдаудан өтуге міндетті. Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес ПТР-талдау әуелі жинақтау қосынында жасалады. Сөйтіп, әскерге індетке шалдықпаған жігіттер ғана жіберіледі. Ал әскери бөлімге келген кезде олар екі апталық карантинге жабылып, қайта талдау жүргізіледі.
Жиынды қорытындылаған Құмар Ақсақалов міндетінен жалтарғандарды іздеу жұмысын жандандырып, жұмыссыз жүрген жастарды келісімшарт бойынша қызметке тарту керектігін тапсырды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp