«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРИЛЕРГЕ – АЛҒЫС

Петропавл қаласында өткен XV Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының ойдағыдай өтуіне Ұлттық ұлан әскери институтының жеке құрамы да елеулі үлесін қосты. Халықаралық маңызға ие шара барысында 23 офицер, 15 әскери қызметші және 283 курсант қоғамдық тәртіпті күзетті. Осыған орай күшейтілген режімде қызмет атқарған әскерилерге құрмет көрсетілді.

Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев офицерлерге өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың ризашылығын жеткізді.

– Форумға 800-ге жуық ресми делегатпен бірге 400-ге тарта қонақ келді. Туристік көрмені 7 мыңнан астам адам тамашалады. Екі елдің арасында ынтымақтастық жөніндегі 28 меморандумға қол қойылды. Форумға дайындық кезінде және шара күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарылып, көрші Ресей облыстарының ішкі істер органдарының қызметкерлері, жергілікті тәртіп сақшылары, №6637 әскери бөлімі мен Ұлттық ұлан әскери институтының әскерилері тапсырманы мүлтіксіз орындады, – деген Антон Владимирович институттың оқу ротасының бірінші оқу батальонының командирі, майор Аслан Ерғалиға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Жиында Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сәтов форумға дайындық барысында облыс орталығының ерекше кейіпке еніп, ажарлана түскенін тілге тиек етті. Институт халықаралық талаптарға жауап беруі үшін оның аумағында жаңа оқу корпусы, жатақхана, мәдени-демалыс орталығы және спорт залы бой көтеретін болады. Шара барысында институттың 4-оқу батальонының командирі, майор Өміржан Сахатовқа Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың Алғыс хаты тапсырылды.

Сонымен қатар жиында институттың 3-оқу взводының жетінші оқу ротасының командирі, капитан Аслан Адасханов облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләловтің Алғыс хатымен марапатталды.

Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, ән мен күйден шашу шашылды.

Руслан ҚАЙЫРКЕНОВ,

Ұлттық ұлан әскери институтының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp