«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЕН ӘЛЕМІНЕ ЖОЛ БАСТАП…

Кейбір бала өз ата-анасынан гөрі мұғаліміне ішкі жан дүниесін ақтарып, мақсат-мұраты мен талап-арманын білдіруге жақын тұрады. Ұстаздықтың жолын таңдаған жанның шәкірт көзқарасымен санаса білуі – олардың кәсіби ерекшелігі. Ондай қасиеттері бар ұстаздар жастардың мінез-құлықтарын жақсы түсініп, олармен оңай тіл табысып, өзара сырлас болып кетеді. Сондай ұстаздардың бірі – Жанар Ахметова.

Жанар Уәлиханқызы жастайынан музыкаға әуестенген, өз кәсібі мен нәсібін осы сырлы әуеннің әлемінен тапқан адам. Сондықтан болар, өз білгенін шәкіртінің бойына сіңіруге талпынған кезде, біріншіден, одан музыканы жанындай жақсы көретін өнерпаздың бейнесін байқасақ, екіншіден, әр шәкіртінің көңіл күйін, танымдық өрісін дөп баса білетін ұлағатты ұстазды көреміз. Тәлімгерінің домбыра және фортепьяно аспаптарында еркін ойнағанына қарап, қаншама оқушысы өнерге бойлап келеді.

Жанар Уәлиханқызының Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте ән-күй пәнінен ұстаздық етіп жүргеніне биыл бесінші жыл. Осы аз уақыттың ішінде оның шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, 2012 жылы ұстаз үшін де, оның шәкірттері үшін де жеңісті белестер көп болды. ХІІІ қалалық Абай оқулары байқауында шәкірті Самат Жармағамбетов “Көңілім әнді ұғады” аталымы бойынша ІІІ орын иеленсе, Алтынгүл Сәдуова “Қазақстан – көпұлтты халықтар мекені” атты қалалық фестивальдің “Ұлттық ән” аталымында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да өткен “Таңшолпан” байқауында оның оқушылары Е. Әбілмәжінов пен Ж. Әскеров ІІІ орынды қанжығаларына байлап қайтты. Аталмыш фестивальға мектептің“ Мұрагер” домбырашылар ансамблі де қатысты.  

2013 жыл да өз жеңісімен енді. Қалалық “Жарқын болашақ” олимпиадасының “Әнші бұлбұлдар” байқауында Аслан Тәженов І орынға көтерілді. Осы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған әскери сахналық әндердің облыстық байқауында мектеп оқушылары ІІ орынға ие болды. Астана қаласында өткен “Көктем әуені” атты республикалық сайысқа Жанар Уәлиханқызы әріптесі Шынар Сейітқызымен бірге “Мұрагер” домбырашылар ансамблін дайындап, олардың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздардың ішінен үздік танылды. Бірінші орынды иеленген топқа халықаралық фестивальға қатысуға жолдама берілді. Ал 2013 жылы Петропавл қаласында өткен “Роза ветров” атты халықаралық байқауда “Мұрагер” ансамблі А. Райымбергеновтің “Секіртпе” күйі мен халық әні “Гүлдерайымды” орындап, домбырашылар тағы да І орынға лайық деп танылды. Ал биылғы жылы Жанар Уәлиханқызы еліміздің мектеп оқушылары арасында КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық “Ақ сұңқарым” атты өнерпаздар байқауына 4 “Б” сыныбының оқушысы Аида Түгімбаеваны өзі ертіп апарып, шәкірті “Ән салу” аталымы бойынша ІІ жүлделі орынға ие болып, екеуі жеңіспен оралды.

Бұл – Жанар Уәлиханқызының ұстаздық еткен аз ғана уақыт ішіндегі еңбегінің жемісі.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp