Жұртшылық өртсөндірушілерге әрдайым құрметпен қарайды. Себебі, олар өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз басын қатерге тігуге дайын. Бүгінгі мақаламызға арқау болғалы отырған Шайкиндер отбасы да осындай құрметке лайық шаңырақтардың бірі десек, қателеспейміз. Отағасы Нұртас Есімұлы 23 жыл өрт сөндіру саласында мінсіз қызмет атқарып, бүгінде балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Нұртас Есімұлы мен Жазира Елтайқызы 1983 жылы көңіл жарастырып, отау құрған. Отағасы облыстық милиция қызметінің шақыртуымен алты ай оқуға қабылданып, өрт сөндіру қызметінің қыр-сырын меңгереді. Жігерлі жас алғырлығымен бірден көзге түсіп, Бескөл ауылындағы өрт сөндіру бөліміне инспектор қызметіне қабылданады. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін еңбек жолын таңдаған ол басшылықтың талап еткен әр тапсырмасын мұқият орындап, әріптестерінің арасында да жауапкершілігі мол маман ретінде таныла түседі. Кейін өрт сөндіру қызметінің облыстық бөлімінде сегіз жыл аға инженер қызметін атқарады. 1996 жылы Алматы қаласындағы техникалық училищені тамамдаған соң, бұрынғы еңбек жолын бастаған Соколов аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады. Нұртас Шайкин 2006 жылы полковник шенінде зейнеткерлікке шығады. Білікті өртсөндіруші өңірде орын алған өрттерді сөндіруге тікелей қатысып, тілсіз жауды санаулы минуттар ішінде ауыздықтау үшін оң шешім шығарып, қарамағындағылардың дұрыс әрекет етуіне бағыт сілтей білді.
Нұртас Есімұлы өрт сөндіру саласында еңбек еткен жылдары қоғамдық және спорттық шараларға да белсене қатысты. Осы күні әріптестері оның талапшыл, мақсатқойғыш басшы болғанын жиі еске алып, бүгінгі жас мамандарға ерлік істерін үлгі-өнеге ретінде айтып отырады. Отбасында сүйікті жар, қамқор әке, ақылшы ата немерелеріне адам адал еңбек ету арқылы ғана биік белестерге жететінін үнемі қайталаудан жалыққан емес.
Отбасының берекесін келтіріп отырған асыл жары Жазира Елтайқызы ұстаздардың отбасында дүниеге келген. Жасөспірім шағына дейін ата-әжесінің қолында тәрбиеленген нәзік жан жақсы оқу үлгерімімен, үлгілі тәртібімен замандастарының алды болыпты. “Тұрмысқа шыққан сәттен бастап 35 жыл бойы мектеп директоры қызметін мінсіз атқарған әкем Елтай Жұсыпұлы мен білікті ұстаз Теңдік Шаймерденқызының атына кір келтірмеуге тырыстым. Қайын атам Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин де өңіріміздің беткеұстар азаматы еді. Ол мені өз қызындай қабылдап, ақтық демі қалғанша қамқорлық танытып дүниеден өтті”, – деген аяулы жан сол тәлім-тәрбиені балаларының бойына сіңіруге тырысқанын айтады.
Қазіргі уақытта Нұртас пен Жазира Шайкиндердің шаңырағын көрші-қолаң тату-тәтті отбасы ретінде таниды. “Ата-анамыз екеуміздің алаңсыз еңбек етіп, биіктерден көрінуімізге қалай қолдау көрсетсе, біз де ұл-қызымыздың қабілет-қарымын байқап, олардың жан-жақты дамуына көмектесудеміз. Балаларымыз табыстарға жетіп жатса, бәрі отбасындағы сабақтастықтың арқасы”, – дейді ерлі-зайыпты бірауыздан.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Шайкиндер отбасы.