Биыл төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өртсөндірушілер мен құтқарушылар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Өзгенің өмірін өлімнен арашалау үшін өз бастарын қатерге тігіп жүрген қайсар жандардың бірі – Петропавл қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау прапорщигі Аманжол Қоспанов.
Бейбіт күннің батырлары жыл сайын жүздеген өртті сөндіріп, құтқару операциялары барысында мыңдаған адамды ажал аузынан арашалап қалуда. Бүгінгі кейіпкеріміз де қырағылық пен кәсіби шеберлігінің арқасында қызыл жалынға тосқауыл бола білген мамандардың бірі десек, артық айтпаспыз.
– Тәуелсіз елдің төтенше жағдайлар қызметі құрылғаннан бұл салада еңбек етіп келе жатырмын, биыл ширек ғасыр болды. Әр кезекшілік сайын әріптестеріммен бірге қала тұрғындарының өмірі мен мүлкін аман сақтауға үлесімді қосудамын. Азаматтық қорғаныс саласының мамандары күн-түн демей қызмет етіп, айтып келмейтін қауіптермен күресуге дайын. Өртсөндірушілер мен құтқарушылардың міндеті ауыр, көпшілік алдындағы қызметі жауапты. Сондықтан біздің жұмысымыз үздіксіз жаттығудан тұрады. Бір сәтке де босаңсуға хақымыз жоқ, – дейді Аманжол Еслямбекұлы.
Өмірінің 25 жылын тілсіз жаумен күреске арнаған азаматтық қорғау прапорщигі – Есіл ауданындағы Алқа ауылының тумасы. Петропавлдағы қазақ мектеп-интернатында білім алғаннан кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Туған жеріне оралған соң азаматтық қорғау саласын таңдауының да өзіндік себебі бар. Айтуынша, интернатта оқыған жылдары жақын жерде орналасқан орманда жиі өрт шығыпты. Сол тілсіз жауды ауыздықтаған өртсөндірушілердің жұмысын бақылап, олардың өжеттілігіне тамсанған оқушы болашақта өртсөндіруші немесе құтқарушы болуды ұйғарған. Кейін балалық арманы жүзеге асып, жергілікті өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасты.
– Кішкентай кезімізде бәріміз қай жерде өрт шықса, сол жерді төңіректеп, қызықтап жүретін едік қой. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін өртке қарсы күзетке жұмысқа тұрдым. Міне, содан бері ширек ғасыр өткенімен, сүйікті жұмысымда табан аудармай еңбек етіп келемін, – дейді өртсөндіруші.
Аманжол Қоспанов еңбек жолын №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бастайды. Өзінің біліктілігінің арқасында қызметін жауапкершілікпен атқарған ол қатарластарының алды бола білді. Арада бес жыл өткен соң ол №1 өрт сөндіру бөліміне ауысып, бұл жерде де өзін сауатты, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман ретінде көрсете білді. Басшылық та Аманжол Қоспановтың жұмысын жоғары бағалап, оған бөлімше командирі қызметін сеніп тапсырады. Бүгіндері азаматтық қорғау прапорщигінің негізгі міндеті – өрт кезінде қарамағындағы құтқарушылардың жұмысын үйлестіріп, адам шығынын болдырмау, қайғылы оқиғалардың алын алу.
Тәжірибелі өртсөндірушінің айтуынша, бұл қызметте әр секунд қымбат. Кезекшіліктегі құтқарушылар бір минуттың ішінде арнайы киімді киіп, көлікпен жолға шығып кетулері тиіс. Себебі, уақытында сөндірілген өрт адам өмірін сақтап, үлкен шығынның алдын алуға мүмкіндік береді. Күн сайын кезекшілікке төрт адамнан тұратын төрт ауысым түседі. Олар екі бөлімшеге бөлінсе, әрқайсысында үш құтқарушы мен бір жүргізушіден бекітілген. Аманжол Қоспановтың қарамағында Талғат Біркенов, Нұрбол Жүкенов және Рустам Шайдулин деген өртсөндірушілер бар. Ал жуырда олардың қатарын Асхат Рамазанов есімді жас маман толықтырды. Бүгіндері ол бөлімшедегі жастарға білгенін үйретіп жүр. Адам өмірін және материалдық құндылықтарды сақтау жолында аянбай еңбек етуге баулуда. Мол тәжірибе мен кәсіби біліктілігінің арқасында үлгілі қызмет атқарып жүрген ол еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Төтенше жағдайлар министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сондай-ақ, жерлесімізге өртке қарсы күрес органдарындағы мінсіз қызметі үшін арнайы медаль табысталған. Бұл – көптеген жылдар бойы еткен еңбектің жемісі.
“Адам өмірі – бәрінен қымбат” деген қағиданы ұстанатын Аманжол Қоспанов Петропавл қаласының аумағында болған жүздеген ірі өрттерді сөндіруге қатысты. Биылғы көктемде тағы да ерледі. Өжет командир Брусиловский көшесі, 61 мекенжайында орналасқан тұрғын үйде шыққан өртті сөндіру кезінде пәтерде қамалып қалған жеті жасар қызды құтқарған. Ішінен құлыптаулы пәтерге есіктен кіре алмаған өртсөндіруші автосатының көмегімен төртінші қабатқа көтеріліп, түтінге толы баспанадан зәресі ұшқан қыз баланы далаға алып шығады. Осылайша, өз өмірін қатерге тігіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Аманжол Еслямбекұлы “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
Бүгіндері өжет өртсөндіруші зайыбы Дариға Ерденқызымен бірге ұлы мен қызына тәлімді тәрбие беріп отырған үлгілі отбасы. Ержігіті – Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақпараттық жүйе мамандығының студенті, ал Арайлым Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта білім алуда. Өзгені құтқару үшін өз өмірін қауіпке тігіп жүрген ардақты азаматтың еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.